Қазақстандық үлес көбейгенде өндіріс өрге басады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде еліміздің экономикасы мен әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған көптеген мәселелер айтылды. Әрине, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің экономикасы дамыды, өндіріс те алға басты. Даму үшін жеріміздің асты-үстіндегі байлықтың арқасында мол қаржы салынды. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалды, оған шаш етектен қаржы жұмсалды. Өндірісте шикізаттық үлес басым болып келгені белгілі. Кейінгі жылдары қайта өңдеу саласы да алға басты. Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканың салаларын дамытуда ақсап жатқан көптеген жайларды ашық айтқаны өте дұрыс бағыт деп білемін. Аурудың диагнозын ашық, дұрыс қойғанда ғана оған қарсы емнің шипасы болады.

Президент ең алдымен елді индустрияландыру мәселесіне көңіл бөлді. Индустрияландыру жылдары елде 1250 кәсіпорын ашылып, 120 мыңнан астам адам жұмыс орнын тапты. Бұл саладағы биік белес еді. Қайта өңдеу секторының үлесі көбейді. Қостанайда да қайта өңдеу кәсіпорындары ашылды. Мысалы, осы жылдың бірінші жартысында облыс экономикасының негізгі салаларын дамытуда жақсы нәтижелер бар. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 112,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 117,5 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары машина жасау өндірісін 64,9, металлургияны 25,4, дайын металл бұйымдарын өндіруді 17,1, жеңіл өнеркәсіпті 8,7, сусындар шығаруды 7,7 пайызға ұлғайту есебінен 18,5 өсімді қамтамасыз еткенін біліп отырмыз.
Облысқа инвестиция тарту ісі жақсарды. Қостанай қаласында индустриялық аймақ салынды. Бірақ Президент Қазақстандағы экономикалық салалардың сыртқы және ішкі бәсекеге төтеп беруі төмен екенін бекер айтып отырған жоқ. Қостанайда машина құрастыру зауыттары бар, бір емес екеу. Онда кореялық Ssang Yong, жапондық Toyoto брендтері құрастырылды. Бірақ көп ұзамай олардың өндірілуі тоқтады. Өзгенің өндірісін өзімізге әкелмес бұрын оны өндірудің тиімділігін барынша есептеу керек еді. Бізде өндіріске халықтық бақылау жоқ. Өндіріске бөлінетін бюджет қаржысы тиімді жұмсала ма? Ол шағын және орта бизнесті бастап жатқандарға берілетін гранттай бір-екі миллион теңге емес қой, ауқымды қаржы желге ұшқандай болмай ма? Шет елдік брендтерді құрастырғанда қазақстандық үлесті барынша көбейтпей болмайды. Ал қазақстандық техникалардың өндірілуі болашақтың арманы болып тұр, әрине.
Тағы бір айтарым, халықтың ауылдан қалаға ағылуы қашан тоқтар екен? Қалалар өсуде, ал ауылға барсаң жүрек сыздайды. Шағын фермерлерді қалыптастыру индустрия дәрежесінде қолға алынса деп ойлаймын. Сонда ауыл да, ауыл шаруашылығы да дамиды. Жұмыс бар жерден ешкім де кетпейді.
Сергей БОГАТЫРЕВ,
облыстық медиаторлар қауымдастығының президенті
ҚОСТАНАЙ