Полицей сәбиді құтқарып қалды
Арал қаласының тұрғыны, полиция қызметкері Дәуренбек Жанайбеков түскі уақытта үйіне келіп, демін басып жатқан. Әлден уақытта сырттан абыр-дабыр, айқай-шуды естіп, тұра ұмтылады. Көрші үйдің баласы кәріз құдығына сәбидің түсіп кеткендігін айтады.

Сөйтсе, беті ашық кәріз құдығына сол маңда ойнап жүрген жас бала түсіп кетіп, лай суға тұншығып жатыр екен. Ойлануға уақыт жоқ. Полицей құдық ішіне қарғып түседі. Есін жоғалтып алған сәбиді лас судың ішінде зорға қарманып ұстап, сыртта көмекке келген адамдарға ұстатады.
Алайда, тымырсық әрі абакуасы тар, сасық құдық өзінің сыртқа шығуына мүмкіндік бермейді. Есінен танған оны сырттағы жігіттер шығарып алады. Осылайша, полицей жансақтау бөлімінде есін жинайды. Сәби де дін аман. Ол да медициналық көмек алған.
Кейбіреулер әшейінде, полицейлерді елге құбыжық етіп көрсетуге әуес. Халық «полиция-қорғаның» деп осындайда айтса керек. Өз өмірінің ақырын ойламай сәбиді құтқарып қалған қарапайым полиция қызметкерінің бұл ісі нағыз ерлік.
Қызылорда облысы