Жамбылдық құрылысшылардың жұмысы қарқынды
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы барып, өңір штабының жұмысымен танысты. Әкім Жамбыл өңіріне тиесілі 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру шараларының барысын көріп, 11 көшенің тұрғындарымен кездесті. Арыс қаласына сапары барысында А.Мырзахметов аталған бөліністегі жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысына тиесілі 3-секторда 50 жеке тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталып отыр. Мұның бәрі де күннің ыстығына қарамай жұмыс істеп жатқан жамбылдық құрылысшылардың еңбегі. Айта кетейік, қазіргі кезде 3-сектор аумағындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жамбылдық 4 құрылыс компаниясынан 450-ден аса құрылысшы мен 21 техника жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген болатын. Онда 312 тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйлердің бәрінің ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі қайтадан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мұнда қажетті құрылыс материалдары кезек күттірмей күн сайын жеткізілуде. Ал тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.