Жаһанды шарлаған жүйрік мотоцикл
Мына бір қос дөңгелекті жүйрік көлікті танымал жиһанкез Дмитрий Петрухин осыдан сегіз жыл бұрын Алматы музейіне сыйға тартыпты. Мұражайдың кіреберісінен орын алған бұл мотоцикл 250 мың шақырымды артқа тастап, әлемнің жүз мемлекетіне сапар шеккен.

Қос дөңгелекті тұлпарына мініп жүйткіген Петрухиннің алдынан табиғаттың тосын мінезінен бастап, сан мыңдаған кедергілер кездескен. Сонда да өзінің сүйікті кәсібінен қол үзбеген саяхатшы сұхбаттарының бірінде: «Мен өмір бойы, тіпті жолға аттанғанда да қиындықтарға қарамастан өз кәсібіме жан-тәніммен берілген адам екенімді дәлелдедім. Әрине бұл зіл-батпан еңбек. Мотоциклмен бір күн жүргеннің өзінде әбден шаршап, үйіңе әрең жетіп, титықтап төсекке құлайсың. Ал менде бұл тірлік күн сайын қайталана береді. Мотоциклмен жол апатына ұшырадым. Тұтқынға да түстім. Жер сілкінісіне де кез болдым. «Катрин», «Сэнди» дауылдарында да болдым. Далада түнеуім мүмкін. Кейде аш құрсақ жүруге тура келеді. Бәрібір мен жиһанкездігімді қоя алмаймын. Соның өзінде өз кәсібімді сүйемін. Отанын, отбасын, кәсібін сүйген адам ғана ең бақытты жан», деп айтқаны бар.
Есте болса, саяхатшы 57 жасында Виктория сарқырамасында арқан арқылы 175 метр биіктіктен секіріп, әлем жұртшылығын таңғалдырған еді. Сол кезде әлемдегі ақпарат құралдары отандасымыздың бұл ерлігін жарыса жазған болатын. Бүгінде оның жеке коллекциясында мұндай мотоциклдердің сан түрі кездеседі.