Спорт
2 мин оқу 250

Президент кубогын бесінші мәрте жеңіп алды

<p style="text-align: justify;">Өткен апта Нұр-Сұлтан қаласындағы &laquo;Барыс Арена&raquo; мұзсарайында 10-шы рет ұйымдастырылған хоккейден Қазақстан Президенті кубогы өз мәресіне жетті. Елорданың &laquo;Барыс&raquo; клубы алғашқы үш ойынында қарсыластарынан басым түсіп, Президент кубогын бесінші рет жеңіп алды.</p>

Президент кубогын бесінші мәрте жеңіп алды

Биылғы бәсекеде бес команда бақ сынады. Құрлықтық хоккей лигасына дайындық іспетті турнирге «Барыс» (Нұр-Сұлтан), «Ак Барс» (Қазан), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Ав­томобилист» (Екатеринбург) және «Салават Юлаев» (Уфа) клубтары қатысқан болатын. Тамыздың 7-11 тамыз аралығында өткен мұз үстін­дегі бәсекенің ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «Барыс» және «Ак Барс» клубтары арасындағы ойынды тамашалады. Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) үш дүркін же­ңім­пазына қарсы өткен ойында жерлес­теріміз 6:1 есебімен басым түсті.

Кездесудегі алғашқы шайбаны «Барыс» сапынан 7-минутта Никита Михайлис соқты. Ал 11-минутта «Барыстың» экс-ойыншысы Мэтт Фрэттин таразы басын теңестірді. Бұл Қазан клубының матчта соғылған ең бірінші және ең соңғы шайбасы болды. Ойынның қалған бөлігінде «Барыс» хоккейшілері үстемдік құрды. Бірінші кезеңде Кирилл Паню­ков пен «Барыс» қатарына биыл қо­сылған канадалық Адам Хелевка шайба соқса, екінші 20 минутта Дастин Бойд пен Даррен Диц және Ба­тырлан Мұратов мергендігімен көзге түсті. Осылайша «Барыс» алғашқы кездесуде ірі есеппен жеңіске жетті.

Екінші ойынын «Нефтехимик» клубына қарсы өткізіп, камбэк жасады. Кездесудің бірінші кезеңінде 1:3 есебімен жеңіліп жатқан елорда командасы 5:3 есебімен жеңісті қарсыластан жұлып алды. Бас бапкер Андрей Скабелка «Ак Барсты» ірі есеппен жеңген соң, негізгі құрамның ойыншыларына демалыс берген болатын. Сондықтан ойынның басы қонақтардың басымдығымен өтті. 23-секундта Зак Митчелл есепті ашса, артынша Павел Порядин есепті 0:2-ге жеткізді. Дегенмен Никита Михайлис 14-минутта есепті бір шай­баға қысқартты. Екінші кезеңнің 25-минутында Александр Авцин «Нефтехимиктің» үшінші шайбасын соғып кетті. Осыдан кейін «Барыс» ойында өзгеріс жасап, ойын тізгінін өз қолына алды. Ярослав Евдокимов пен Дастин Бойд бір-бірден шайба соғып есепті теңестірсе, үшінші кезеңде Бойд дубль авторы атанды. Кездесудің нүктесін Никита Клещенко қойды.

Үшінші кездесуде «Автомобилист» командасын қабылдап, аса тартысты өткен матчта «Барыс» 3:2 есебімен басым түсті. Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолына алған алаң иелері бірінші кезеңде қарсылас қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Шайба авторлары – Дмитрий Шевченко мен Ииро Пакаринен. Екінші кезеңде Никита Михайлис «Барыстың» үшінші шайбасын соғып, командасының жеңісін нақтылай түсті. Үшінші кезеңде қонақтардың екі шайба салуға шамасы жетті.

Осылайша «Барыс» соңғы ойын-
ның нәтижесіне қарамай-ақ Қазақстан Президентінің кубогын кезекті мәр­те жеңіп алды. Өйткені турнир кесте­сінде «Барыстан» кейінгі орын­да тұрған екі команда да жерлес­тері­міз­ден жеңілген. «Барыс» төр­тін­ші кез­де­суде жеңілген күннің өзінде де, жеке кездесу бойынша алда тұр. Осы­лайша «Барыс» алдын ала жарыс жеңім­пазы атанды.

Айта кетейік, 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Президент кубогы бәсекесінде Санкт-Петербургтің СКА, Омбының «Авангард», Ново­куз­нецкінің «Металлург», Нижнекам­скінің «Нефтехимик» және Хабаровс­кі­­нің «Амур» клубтары бір реттен жарыс жеңімпазы атанған.

Бөлісу:
Президент кубогын бесінші мәрте жеңіп алды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар