Өскеменде қарбыз фестивалі өтті
<p style="text-align: justify;">Шығыста қарбыз туралы әңгіме болса, Күр­шім ауданы тіл ұшына оралады. Өйткені облыс­тағы қарбыздың отаны – осы аудан. Саржал ауылының бренді қымыз болса, қарбыз – Күр­шімнің бренді. Иә, жа­қында Күршімде емес, облыс орталығы Өскеменде қала әкімдігінің ұйым­дастыруымен тұңғыш рет «Қарбыз party» фестивалі өтті.</p>

Шараға Күршім, Үржар, Зайсан, Тарбағатай, ұзын саны алты ауданнан 20 тонна қарбыз әкелінді. Фестивальдің ашылуында сөз алған қала әкімі Жақсылық Омар шара келесі жылы да жалғасын табатынын, мақсат қала тұрғындарына ауыл дәмін таттыру болғандығын жеткізді. Қарбыз мерекесіне келген жұрт «Ең үлкен қарбыз», «Арқан тартыс», «Тағы бір тілімі кімге?», «Қарбыз жайлы кім біледі?», «Шахмат», «Епті қарбыз» секілді ойындарға белсене қатысып, қарбыздан жасалған әртүрлі мүсіндерді тамашалады. Сонымен не керек, «Ең үлкен қарбыз» аталымында жұрт күткендей күршімдік бағбан 21 килодан асып түскен қарбызымен топ жарды. «Қарбыздың дәмді әрі көлемді болуы дәнге емес, бізге де емес, табиғатқа байланысты. «Күршімнің қарбызы қай тұста сатылып жатыр?» деп сұрап жатқандар көп болды, бұған біз өте қуаныштымыз», дейді жеңімпаз Сағатбек Мұхамеджанов.
Айтпақшы, осы шара өткеннен кейін әлеуметтік желіде «Қарбыз party» фестивалі Өскеменде емес, қарбыздың Отаны Күршімде неге өтпейді?» деген пікірлер көп айтылды. Желі қолданушыларына Күршім ауданы әкімдігі де жедел жауап беріп, фестивалді өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.