Қазақстан
2 мин оқу 281

Сүмбіленің «салқыны»

<p style="text-align: justify;">Күзгі ауа райы ақмолалық диқандар үшін тым қолайсыз болып тұр. Көкшетау мен Қорғалжынның аспанын қорғасын бұлт қаптағалы он күнге жуық.</p>

Сүмбіленің «салқыны»

Егін алқаптары сүмбіленің суынан әбден езіліп, дән ор­мақ түгілі, қарға адым жер ат­таудың өзі мұң болып қал­ды. Қаптай жауған жауын қап­таған қиындықтарды ала келді. Биыл облыс диқандары 4 384 мың гектар алқапқа дәнді да­қылдар сіңірген болатын. Об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қа­ра­ғанда, әзірге 960 мың гек­тар алқаптың астығы ғана жи­налған. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда. Си­ноп­­тиктер қыркүйек айында күн жылы әрі ашық бола­ды деген болжам айтқан бола­тын. Ол үміт ақталмады. Енді сәр­сенбіден кейін сәті түседі деп үміттендіріп отыр. Ел ішінде егінге алаңдаушылық басым.

Облыстағы ең көп егістік ал­қа­бы Жарқайың ауданында. Бұл ауданда бүгінге дейін 97,8 мың гектар алқаптың егі­ні жиналып, 84,1 мың тонна астық бастырылды. Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығын жүргізудің қа­зіргі заманғы жүйесі құ­рыл­­ған. Биыл аудан ди­қан­да­ры 635,9 мың гектар ал­қап­тың астығын жинап алуды жос­парлағанымен, әзірге сүм­біленің жаңбыры мүмкіндік беретін емес. Мемлекет тарапынан диқандарға тәп-тәуір көмек көрсетілді. Оның ішінде тұқым шаруашылықтарына 13,7 млн теңге субсидия төленді. Тек гер­бицид бойынша субсидия тө­леуде бірқатар қиындық туын­дап отыр. Қазір ауданда арпа әупірімдеп жиналуда. Шығымы көңіл көншітерлік емес, бар бол­ғаны 8,6 центнерден айналуда. Жауапты кезеңде күн-түн демей жұмылдырылатын 940 астық комбайны қаңтарылып тұр.

Диқандардың айтуына қара­ған­да, биылғы астықтың шамадан тыс ылғалды болуы көп қиындық тудырмақ. Әсіресе шағын шаруашылықтардың шы­ғыны шаш етектен. Өйткені астық қабылдау кәсіпорындары өнімді кептіру үшін қыруар қар­жы сұрайды. Ал ылғалды дәнді сақтау да қиын. Жатып қалса, шіріп кетеді.

Сүмбіле басталғалы он күн бойы облыс диқандары қаң­­та­­рылып тұр. Ендігі арада ас­тық кептіретін құрылғыларды көбейту керек. Онсыз аз ғана астықтың өзін сақтай алмай қа­луымыз әбден мүмкін.

Ақмола облысы

Бөлісу:
Сүмбіленің «салқыны» · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар