Аймақтар
2 мин оқу 192

Қоныстанудың 80 жылдығына қойылым арнады

<p style="text-align: justify;">Қыркүйектің соңында Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театрының Қарағанды қаласындағы гастрольдік сапары табысты тәмамдалып, театрдың көркемдік кеңесі жылы әсерімен бөлісті.</p>

Қоныстанудың 80 жылдығына қойылым арнады

Қала тұрғындары мен қо­нақтары үшін театр ұжымы ко­рейлердің Қазақстанда өмір сүруінің 80 жылдығына ар­налған «Благословенны будьте навека!» театрландырылған қойылымын арнайы дайындады. Аталмыш қойылымның қоюшы режиссерлері – Надежда Ким мен Елена Ким. Бұл қойылымда корей театрындағы барлық жанр бір арнаға тоғысты: дра­малық, вокалдық және хорео­графиялық өнер ортақ спек­такль­дің мазмұнын байы­та түсті. Қойылым ежелгі заман­нан бүгінгі күнге дейінгі корей халқының шырғалаңға толы бай тарихын көркем әрі тың тәсілмен баяндау­ды мұ­рат тұтқан. Театр әртістері ежел­­гі Кореяның кеңістікпен, дәс­түрмен үйлесімді салты мен сұлулығын, одан әрі Қиыр Шы­ғысқа қоныс аударғанын, жер аударылып келгеннен кейін қамқор пейілін көрсеткен қа­зақ халқына алғысын, соғыс жыл­дарының ауыртпалығы мен бүгінгі бақытты өмірді сах­­на тілімен келістіре көр­сетеді. Сах­налық көріністер бі­рінен кейін бірі ауысып, көрерменнің көз алдында корей эт­носының өмір тарихы талданады. Ұлттық кос­тюмдер, актерлердің шынайы ойыны, вокалистердің ғажайып дауысы және хореографиялық ком­позициялар залда отыр­ған көрерменді бейжай қалдыр­майды. Спектакль толық аншлагпен өтті. Әртістер корей хал­қының депортацияланған кезе­ңін көрсеткенде, тұла бойды шымырлатқан эпизодтар көрер­мендердің көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.

Корея Республикасының Қа­зақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик, Пар­­­ламент Мәжілісінің де­пу­та­ты, «Қазақстан корейлері қа­­уым­­дас­­тығы» Қамқорлық ке­ңесі төр­ағасының орынбасары Р.У.Ким, «Қазақстан корейлері қа­уым­­дастығының» Президенті С.Г.Огай сияқты құрметті қо­нақ­тар­дың әртістердің өнерін тамашалап, спектакль соңында толқыған көңілмен тік тұрып ризашылық білдіруін театр ұжы­мы «өз тарихы мен өнеріне көр­сеткен құрметі» ретінде қабыл алғанын айтады.

Гастрольдік іссапар күндері Қарағанды облысы корейлерінің этномәдени бірлестігі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті, ал бұл бірлестік пен театр­ды 20 жылдық достық пен ын­тымақтастық байланыстырады. Қазақстан атты үлкен әрі тату отбасында өмір сүріп жатқан корей этносының өкілдері бір-біріне шығармашылық табыс, өсіп-өркендеу және бақ-береке тіледі.

АЛМАТЫ

Бөлісу: