Әдебиет
4 мин оқу 560

Мәскеуде шыққан мәнді шығарма

<p style="text-align: justify;">Әдебиеттің салқар көшіне ілесіп, таланты мен қабілетін қаламына қатар түсірген жазушы бағзыдан бері қанша уақыт сарқылса да есті оқырманның ойында һәм жүре&shy;гінде қалады. Бұл хат танитын бәріміздің іштей ғана біліп, мойындайтын шындығымыз. Бір-бірінің көңілін тап&shy;қан оқырман мен автор да табиғаттары тым бөлек жан&shy;дар емес. Оған дәлел: қазақтың бұрынғы баба, би тілінің құнарын сақтап қалған жазушының бірегейі, қара сөзден құйын тұрғызған Рахымжан Отарбаевты оқушылардың дені рухты һәм мінезді келеді. Әлқисса, &laquo;шағын әңгімелерінде үлкен ой айта алатын кесек жазушы&raquo; Рахымжан Отарбаев творчествосынан игі бір істің cүйінші хабарын құлағымыз шалды.</p>

Мәскеуде шыққан мәнді шығарма

Мәскеу қаласында жазушы, драматург Рахымжан Отар­баевтың екі томдығы таяуда ғана «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пря­хиннің аудармасымен орыс тілінде жарық көрді. Жур­налистер үйінде өткен «Шың­ғыс ханның көз жасы» және «Бас» шығармаларының тұсаукесеріне мәскеулік жазушылар мен әдебиетшілер, Қазақстанның Ресейдегі ел­шілігінің өкілдері және жазу­шының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. «Восточный экспресс» баспасынан шыққан қос томдық Қазақстанның Ресей­дегі елшілігінің қол­дауы­мен шығарылып отыр.

Әдеби кештің алғашқы сөзін алған «Художественная ли­тература» бас­па­сының бас редакторы Георгий Пряхин Қазақстан Республикасының Ресей Фе­де­рациясындағы Тө­тенше және өкі­летті елшісі Иман­ғали Тасмағам­бетовке кітап­тың жарыққа шығуына ұйыт­­қы болғаны үшін алғысын білдірді.

«Рахымжан Отарбаев бізге Қазақ­станды жаңа қыры­нан танытты. Мен оның шығар­маларын оқи бастағанда тарихы тереңге бойлаған, миф пен мис­тикадан тамыр тартатын мүл­дем басқа Қазақстанды көрдім», деді Г.Пряхин. «Кітаптарында ұтқыр мақал-мәтелдер жиі ұшырасады. Оның болмысы ғана асау емес, жазу стилі де асау», – деп ойын тарқатты.

Г.Пряхин Р.Отарбаевтың шығар­машылығымен мәскеу­лік оқырмандар жақсы таныс екенін атап өтті. Бұдан бұ­рын «Шыңғыс ханның көз жа­сы» хикаяты «Роман-газета», «Юность», «Литературная газе­та» басылымдарында жария­лан­ған. Отарбаевтың туған же­ріне барған сапарын ерекше сағынышпен еске алған аударма авторы Батыс Қазақ­станның тылсым табиғаты мен Орал өзенінің жағасындағы пейзажды тебірене отырып жеткізді. «Рахымжан – өз елін ерекше сүйетін дана адам. Меніңше, ол әрқайсымыздың көзкөр­ген танысымыз емес, орыс халқы­ның досы», деп сөзін түйіндеді Г.Пряхин.

«Роман-газета» журналы­ның бас редакторы Юрий Коз­лов Рахымжан Отарбаевтың жинағында ұлт мінезін бай­қағанын тілге тиек етті. «Ра­хым­жан өте ашық мінезді еді. Онымен әңгі­мелескен кез келген адамның оған қызығу­шылығы ауып отырады. Ол әр­қашан басқаларды түсінуге тырыс­ты, – деді Ю.Козлов. – Отарбаевтың шығар­машылық еңбегі бір әдебиеттің көл­емі­не сыймады, оның кеңіс­тігі ана­­­ғұрлым үлкен. Шығарма­ларының ғұ­мыры мәңгілік боларына сенімім кәміл. Міне, бұл Рахымжанның болмысы мен өмірінің ақтауы іспетті».

Қазақстанның Ресейдегі елшілігіндегі кеңесші уәкіл Жанар Колбачаева халық­тар арасындағы мәдени һәм әдеби өмір­дің байланысын сөз ете келе: «Кітап дүкендерінде ұлт­тық әдебиетке деген қы­зы­ғушылық бар. Халық басқа ел­дің мәдениетін біл­гісі келеді. Осы тұрғыда бү­­гінгі алғаш рет жа­рыққа шық­қан қос томдық мәдени құбылыстың жарқын бір үлгісін көрсеткендей», деп атап өтті.

Қазақ жазушысының Мәс­кеу­­де жарық көрген қос том­­дығы ха­қында ойда қалған аз­ды-көпті сұрақ­тарымызды қалам­гердің ұлы Ермерей Отар­баевқа жолдаған едік.

– Екі томдықты орыс ті­ліне аудару­ға ұсыныс кім­нен болды?

– Екі томдығын әкем өзі дайындап кетті. Аудар­тып, бас­паға дайын етіп, Мәс­­кеудегі агенті, досы Г.В.Пряхин­ге та­быс­таған еді. Қос томдығы шы­ғар алдында өмір­ден өтті.

–Аударма жұмыстары қашан бас­талды? Қанша уақыт кетті?

– Аударма жұмысын өзі қадағалады. Атырауда жол­ма-жол аударма жасатып, Ал­матыдан Халиолла деген аудармашыны көшіртіп алдырып, жағдайын жасап, көркем аудармасын жасатты. Әкем соңғы жылдары қатты асығыс режімде жұмыс істеді. Айналасын да солай дөңгелентті.  Білуімше, жылдың үстінде уақыт кетті.

– Қанша данамен шық­ты? 

– Ресми 500 дана. Олар әлемдік нарыққа көшіп кеткен ғой. Кітап өтсе, қайта басып шығара береді.

– Бұл жазушының орыс тіліндегі нешінші кітабы?

– Әкемнің бұған дейін «Художес­твен­ная литература» баспасынан 2 кітабы шыққан. Елімізде де орыс тілін­дегі кітап­тары басылып, тез таралды.

– Аударма қай деңгейде жасалды деп ойлайсыз?

– Аударма өте жақсы дең­гейде деп ойлаймын. Тұсау­ке­серде сөйлеген орыс әдебиет­ші­­лері де осылай бағалап жат­ты.

– Екі томдық басқа тілдер­­ге аударыла ма?

– Екі томдық әкемнің екі романы ғой. Және әңгімелері. Олардың бәрін өзі таңдап, өзі жасақтап кеткен. «Бас» Қа­зақстанда басылмаса да шетелде басылды. Әзербайжан, Түр­кия әкем бар кезде басып­ шығарса, өмірден кеткен соң Германия мен Моңғолия, міне Ресей жариялап отыр. Ал «Шың­ғыс ханның көз жасы» тари­хын жақсы білесіз деп ойлаймын.

– Орыс оқырмандары қа­лай қа­был­дап жатыр?

– Ресей сыншылары өте жоғары деңгейдегі дүниелер деп қабылдап жатыр. Әкем Рахымжан Отарбаев Ресейде өз оқырманын тапқан жазушы.

– Кітаптың Қазақстандағы тұсау­кесе­рі қашан өтпек?

– Елордамыздағы Ұлттық академия­лық кітапханада 18 қазан күні өтеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»

Бөлісу:
Мәскеуде шыққан мәнді шығарма · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар