Қоғам
3 мин оқу 540

Кедергісіз келешек

<p style="text-align: justify;">Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері инклюзивті білім беруді жүзеге асырып келе жатқан мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдары кешенді іс-шараларды белсене атқарып келеді. Соның бір айғағы ретінде жуырда Нұр-Сұлтан қаласында &laquo;Шекараларды кеңейте отырып &ndash; әлемді ашамыз&raquo; атты балалар фестивалі өтті. Аталған халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген ерекше мұқтаждықтары бар елуге тарта бала қатысты.</p>

Балалардың тұлғалық және әлеуметтік бейімделуін жүзеге асыруды мақсат еткен фести­валь­ды Нұр-Сұлтан қаласы әкімді­гі­нің Білім беруді жаңғырту орта­лы­ғы мен №10 мектеп-гимназия­сы ұйым­дастырып отыр.

Фестивальдың алғашқы күні балалар мәдениет пен тарихтың ошағы саналатын қаланың мәде­ни орындарын араласа, екінші күн спорттық сауықтыру шара­ла­рымен жалғасты. Ұлттық му­­зейде арнайы экскурсиядан ке­йін «Ұлттық ою-өрнек өнері» және «Киіз басу» атты шеберлік са­­ғаттары өтті. Кіші ғылыми қыз­­меткерлер Зухра Баянова, Кенжегүл Сейітжанова сынды білікті мамандар балаларға хал­қы­мыздың қолөнер қазынасы – киіз туралы баяндап, киіз басу­дың жаңа технологиясымен та­ныс­­тырып, жүнді киіз басу тех­ни­касында панноны өздігімен дайын­дауды үйретті.

Музей мен білім беру меке­ме­лерінің ықпалдастығына бағыт­тал­­ған білімнің гуманитарлы жа­ңаруы бағытында ауқымды жоба­ларды бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқан Ұлттық музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің же­тек­шісі Гаухар Садыбай «Көш­пелілердің ғаламат өнер та­бы­сы – қазақтың киіз үйі ар­қы­­­лы оқушыларға көп нәр­се­­ні жеткізуге әрекеттендік. Қасиетті шаңырақтың ерекше­лік­­тері ар­қы­лы тарихқа, мәде­ниет­ке деген құрмет сезімін қалып­тас­ты­ру­ға тырыстық», дейді.

Ал Әзербайжаннан келген педагог Афет Ашумова – зағип және нашар көретін оқу­шы­ларды оқыту саласында 42 жылдық тәжірибесі бар беделді ұстаз. Бүгінгі фестивальға өзі ұстаз­дық ететін мектептің бірнеше оқушы­сын ала келіпті. Көпті көрген маман оқушының білім алуын жалғастыруға және қоғамның толық­қанды өміріне араласу үшін қа­жетті жалпы білім берудің іргета­сының мықты болғанын дұрыс деп біледі. Өйткені бұл жолдан өзі де өткендіктен болар, мүмкіндігі шектеулі оқушының даму ерекшеліктерін зерттеу, білім беру процесіне қосудың тиімді түрін таңдауды бір кісідей түсінеді.

– Мен көрмейтін және нашар көретін балаларды оқытатын мектепте жұмыс істеймін. Өзім де осы мектеп­тің түлегімін. Көзімнің көрме­уі өмірде, қызметте көп­те­ген белесті бағындыруыма ке­дергі болған жоқ. Сондықтан балаларды да оптимистік рухта тәрбиелеуге, қиындықтардан қаймық­пауға шақырамын. Кез кел­ген кедергілерді жеңіп шы­ғу­ды, арман-мақсатқа жетуді үй­рет­кіміз келеді, – дейді Афет ханым.

Мұндай халықаралық жиындар әлемдік қоғамдастықта сапалы білімге тең қолжетімділікті жүзеге асырудың тиімді меха­низм­дерінің бірі ретінде танылған инклюзивті білім беру жүйесін жандандыруда аса маңызды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формация мұға­лімі Сәуле Сағымбаеваның айтуынша, инклюзивті білім беруге қолдау көрсетіп отырған басқа ресурстық орталықтармен байланыс орнату мен серіктестік білім беруді дамытудың тиімді жолдарын іске асыруға мүмкіндік береді.

– Инклюзивті білім беру орталық­тарының мүмкіндігін кеңей­туде дәл бүгінгідей жиын­дар өте қажет. Мұндағы түп­кілікті мақсат – көзі нашар көре­тін және зағип балаларды әлеу­мет­тендіру және өзін өзі іске асыр­уы, тез өзгеретін әлемде өмір сүруге үйрету. 2015 жылы астана­дағы №10 мектеп-гимназиясында көзі нашар көретін және зағип балаларға арналып сыныптар ашылды. Қазір 170-тен астам оқушы білім алып жатыр, – деді жиынның ұйым­дас­тырушысы, педагог Сәуле Сағымбаева.

Кейінгі жылдары әзірленген құқық­тық нормативтер, қоғам­да жүргізілген белсенді ағарту жұмыстары инклюзивті бі­лім берудің қазақстандық тәжіри­бе­сі­нің дамуына жан-жақты ықпал еткені рас. Дегенмен мамандар аталған білім беру тәжірибесін кеңінен тарату қарқынды ғы­лы­ми әдістемелік, кадрлық және материалдық-техникалық қол­дау­ды қажет ететіндігі әлі де еске­ретін жайт екенін айтады.

Бөлісу:
Кедергісіз келешек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар