Әдебиет
12 мин оқу 880

Бұлақтан басталған өзендер

<p style="text-align: justify;">Нағыз жазушының жеңілістері неғұрлым көп болған сайын оның ешкім жоққа шығара алмас <br />ұлы жеңістері көбейе бермек.<br />У.Фолькнер</p>

Бұлақтан басталған өзендер

Бала күнімізден шығармаларына қызы­­ғып, тұшынып, сүйсініп, басы­мыз­ға жастап жатып оқыған жазушы­ла­рымыздың бірі де, бірегейі де – Бер­дібек Соқпақбаев еді.

Оның кітаптары тү-у сонау, құс қа­наты талатын сусыз, шөлейт өлкенің бір түкпіріндегі біздің ауылды адаспай қа­­лай тауып келетініне іштей қайран қа­ла­тынбыз.

Ол кітаптардың алғашқы бетін ашқан сәттен бастап-ақ өзімізге таныс әлем, таныс сурет, таныс адамдарды көріп, тап бір, өз ауылымызда жүргендей қилы-қи­лы қызықтардың ішіне емін-еркін сүңгіп кете баратынбыз.

Әне, анау, жуыла-жуыла түсі оңа бас­таған көкшіл сәтен орамал секілді зеңгір аспаннан үңіле қарап, біздің өлкеде болып жатқан оқиғалардың бәрін де көріп-біліп, тәптіштеп жазып отыратын бір жа­зушы бар секілді.

Бір қызығы, біздің жақта биік тау, қалың тоғай, сарқырап ағып жатқан асау өзен жоқ. Бірақ, мына жазушының кі­таптарын оқып отырсаң, соның бәрі де тізіліп, көз алдыңа келе қалғандай бо­лады.

Міне, құдірет! Міне, сиқыр!..

 * * *

Қырсық шалғанда, дәл қай жылы, қай айда, қай күні екені есімде қалмапты. Сірә, сол... сексенінші жылдардың соңы болар-ау. Сары ала жапырақтар саудырап төгіліп жатқан кез еді. Күн жылы. Жаймашуақ болатын.

Ол кезде біз «Қазақ әдебиеті» газетін­де тілші болып қызмет істейтінбіз. Бас редак­торымыз – аты аңызға айналған алып тұлға – Шерхан Мұртаза еді. Бірде, түс­кі үзіліс кезінде, бұл күнде белгілі ақын, әуесқой сазгер атанған Әнуарбек Әуелбек деген әріптесім екеумізді каби­не­тіне шақырып алып:

– Бердібек Соқпақбаев деген жазушы ағаларыңды білесіңдер ме? – деді бет-әлпетімізге сынай қарап.

Біз болсақ, жымыңдап бір-бірімізге қарадық. Екеуміздің де көзімізде «Білмегенде ше?!» дегендей бір қуаныш ұшқыны жылт ете қалды.

– Ендеше, – деді Шер-ағаң алақа­нымен алдындағы жылтыр емен столдың бетін бір сипап өтіп, – сол ағаларыңа бүгін бір көмек қажет болып тұр екен. Қала-а-й?.. Жұмсай қалсақ, барасыңдар ма? Бас редактор бізді газет жұмысынан тыс, басқа бір нәрсеге жіберіп отыр деген реніш тумай ма?

– Жо-жоқ, – дедік біз басымызды шай­қап.

– Олай болса, бүгін Бәкең көшетін көрінеді. Әрине, алысқа емес, осы қала­ның ішіне. Ол кісі мынау, Мир мен Ком­сомолдың қиылысындағы сары үйдің бірінші қабатында тұрады. Осы қазір... сен­дерді асыға тосып отыр.

 * * *

Ол жер біздің редакциядан онша алыс емес. Таяқ тастам жер. Әнуар екеу­міз ентігіп, әп-сәтте жетіп келдік. Есік алдында жымыңдап «Лениншіл жас­тың» екі-үш жігіті тұр екен. Жазушы аға­мыз, сірә, оларға да өтініш айтқан бол­са керек.

– Қалайсыңдар, ей? – дейміз қол алысып жатып.

– Біз де Қожаны көшіруге келдік, –дей­ді бір әріптесіміз қутыңдап.

Тап осы сәтте іштен қалың бұйра ша­шы бурыл тартқан, орта бойлы, мығым дене­лі кісі шығып келе жатты.

Біз бұрыннан танитын, бірақ, соңғы жыл­дары ептеп көз жазып қалған өте бір жақын адамымызды көргендей алға ұм­тылып, жапырлап қол бере бастадық.

Естеріңізде болса, «Менің атым Қо­жа» повесіндегі қиқар, тентек Қожа өзі­нің бет-әлпетін суреттегенде: «Мынау, мі­не, мұрным. Әжем кейде менің атымды атамай «тампыш неме» дейді. Оның айт­қаны ып-ырас екен ғой. Екі танауы­ма екі саусағым еркін сиып кетерлік, қо­сауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болма­са, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Әубәкір шал ке­ше ғана ұстарамен сыпырып алып тас­таған», демеуші ме еді.

Иә-ә... Жазушы Қожаны суреттегенде, ең алдымен, айнадан өз бетіне үңілсе үңіл­ген-ақ шығар, сірә. Расында да, көп ұқ­састық бар екен. Тек, кейінгі жылдары Әу­бәкір шалдың ұстарасы ескіріп қалды ма, әлде өзі о дүниеге аттанып кетті ме, кім білсін, әйтеуір, қалада тұратын Қожа қа­зір шаштаразға барып, ұқыптап алдырып жүретін секілді көрінеді.

– Бәрекелді-і! – деп, сүйікті жазушымыз бізді көріп, бала сияқты елпілдеп қуа­нып қалды. – Мен кеше Сейдахмет іні­ме, сонсоң Шәкеңе бір-екі жас жігіттің кө­мегі қажет болып тұр деп ем. Кілең бір сай­дың тасындай іріктелген-ірік­телген, ірі-ірі азаматтарды жіберіпті ғой!

Сонсоң бізді өзі бастап, бірінші қа­баттағы үш бөлмелі пәтеріне ертіп кірді.

– Әй, Бикен, шай дайын ба? – деді табалдырықтан аттай бере ас үйдегі жең­гейге қарап дауыстап. – Түскі астың уа­қыты боп қапты ғой. Мына жігіттер жү­рек жалғап алсын.

– Қазір... қазір дайын болады.

Осы кезде біз:

– Ой, аға, шай қайнағанша біз заттарды апарып, машинаға сала берейік те, – деп, есік алдында тұрған машинаға қа­рап иек қақтық.

– Өй, ол да жөн! – деді жазушы аға­мыз. – Шынын айтқанда, осы үйде сен­дердің бір әуп дегендеріңнен қалатын еш­теңе де жоқ. Мен өзі, өмір бойы дүние жи­маған адаммын. Бар байлығым – кітап еді. Оның да біразын... көшетін болған соң, анда-мұнда таратып жібердім...

 * * *

Сол күні біз түс ауғанша машинаға бар­лық заттарды тиеп, жазушы ағамыз­дың пәтерін жаңадан келетін иелеріне боса­тып бердік. Бекеңнің өзі айтқандай асып-тасып, шашылып жатқан байлығы жоқ екен.

Ең қызығы, біз шифоньер, диван се­кілді ауыр заттарды машинаға салған соң, аз-кем ентігімізді басып, жазушыға өз көңі­лімізде жүрген біраз сұрақтарды қо­йып қалуға тырысамыз.

– Аға, «Менің атым Қожаны» осы үй­де отырып жаздыңыз ба?

– Е-е... Жоғ-ә, ол кезде мен Мәскеуде, Жоғары әдеби курста оқи­тынмын. Мұн­да біз кейін, Әлжекең (Әлжаппар Әбішев – авт.) анау Жазушылар одағының жа­нындағы пәтеріне көшкеннен кейін келдік қой.

– Ал Қожаның прототипі кім?

– Әй, оны сол бұзықтың өзі-ақ айтып тұрған жоқ па?!

– «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлген­дер қайтып келмейді» романыңыз өмір­баяндық шығармалар ма?

– Негізі солай ғой. Бірақ көркем шы­ғар­ма болған соң, әлбетте, оған жазу­шы­­ның қиялы, фантазиясы араласпай тұр­майды.

– «Өлгендер қайтып келмейдідегі» өзі­ңіз ғашық болған Ғалия өмірде бар кейіпкер ме?

– Бар... – дейді Бекең ақырын ғана басын изеп. Дәл осы сәтте оның көзінен бел­гісіз бір мұңның көлеңкесін байқап қал­ғандай боламыз. Әлде, бізге солай көріне ме, қайдам.

Кейін байқасам, Бердібек аға қан­ша күліп, көңілді болып тұрса да, жана­рының түкпіріне ұялаған сол бір көлеңке бәрібір сейілмейді екен.

– Ғалия қазір қайда? – дейміз біз енді еркінси бастап.

– Әй, сендер оны қайтейін деп ең­дер? – деп жазушы ағамыз сылқ-сылқ күледі. – Бұ күнде ол да мен сияқ­ты қартайған шығар. Бір шәугім шай қай­натып беруге жараса мақұл ғой.

– Аға, осы романның соңында Ға­лияның Еркінмен қоштасып қалатын сәті сондай бір аянышты... Неге олай аяқтадыңыз?

– Әй, осыны... сендерден басқа да бір жазушы інім айтып еді. Қалай дегенмен де, ол енді біткен, соңғы нүктесі қойылған дүние ғой.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– О-ой, жігіттер, мен енді ештеңе жазбаймын!..

– Неге?

– Мұның мәнісін сендерге қысқа да нұсқа түсіндіретін бір өлеңім бар. Ал, қане, тыңдаңдар.

Өсек пен өтіріктен тойып кеттім,

Жазуды сол себепті қойып кеттім!..

 * * *

Күндізгі сағат төрт-бестің шамасында үй мүліктерін тиеген үлкен жүк машинасы қаладағы қазіргі Қонаев пен Қа­банбай көшелерінің қиылысына жақын орналасқан бес қабатты үйдің ал­ды­на келіп тоқтады. Жазушы аға­мыз бас­тап, бәріміз екінші қабатқа көтеріл­­дік.

Ұядай ғана, екі бөлмелі пәтер. Аула­дағы биік ағаштардың қою көлеңкесі балконға молынан түседі екен. «Демек, жазда қоңырсалқын болады», деп ойлай­мын іштей. Бұл сірә, ыстық жақта өскен адамның басына алдымен келетін ой болса керек.

– Бізге енді, осы қуықтай-қуықтай екі бөлме де жетеді. Кемпір ана бөлмеге дастарқан жаяды, ал мен мына бөлмеде оты­рып... – Осы кезде жазушы тілінің ұшына орала кеткен әдеттегі «жазу жазам» деген сөзді әдейі іркіп қалғандай кө­рінді, – радио тыңдаймын. Үш бөлмені ауыс­тырғандағы ойым балаларды өз алдына жеке отау етіп шығару еді. Енді міне, сол мақсатыма жеттім...

 * * *

Осыдан кейін мен Бердібек ағаны көрдім бе, жоқ па... ол да есімде қал­мапты. Кездесе қалған күннің өзінде ол кісі­нің бізге көңіл бөліп, әңгіме-дүкен құратындай уақыты да болмаған шығар.

Жалпы, Бекеңмен көп адамның сөйлескісі, пікірлескісі келіп тұратын-ды. Өйткені, жұрт оның шығармаларын жақсы көретін. Әртүрлі кейіпкерлерінің бастан кешкен оқиғаларына, мінез-құл­қына, оқыс қылықтарына таң қалып отыратын. Сөз саптауына, яки жазушының сти­ліне риза болатын. «Өлгендер қай­тып кел­мейді» романын оқығанда, әр­кім-ақ өз ауылына барып келгендей бір рақат сезімге бөленуші еді.

 * * *

Біз, әрине, Бекеңмен бірге жүрген жоқпыз. Тағдыр жазып, иә, құрдас, иә, сырлас болмадық.

Сол баяғы ... бір-ақ күн... Үйін кө­ші­ру­ге көмектескеніміз ғана...

Әйтсе де ол біздің жанымызға өте жа­­қын суреткер. Тіл мәйегін, сөз қайма­ғын аңсаған кезде біз әлі де Бердібек Соқ­­­пақбаевтың кітабын қолға аламыз. Оның шығармаларына қиын да қасіретті жыл­дардың оқиғалары өзек болса да, жазу­шының тілінен у емес, бал тамып тұратынын бірден сезесіз. Шынайы өмір­ді, мәңгілік тіршілікті көресіз. Сол оқи­ғалардың ішіне өзіңіздің де қалай ара­ласып кеткеніңізді байқамай да қа­ласыз. Бірде күліп, бірде мұңаясыз. Кей­де тіпті, жылайтын сәттеріңіз де болады. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, сіз олармен бірге өмір сүресіз.

Бердібек аға дүние салғаннан кейін жарық көрген бір кітапты соңғы кездері қо­лыма жиі алатын болып жүрмін. Он­да жазушымен құрдас, сырлас, сыйлас, дос, жолдас болған қаламгерлердің ес­те­­ліктері топтастырылған. Аты да өте қарапайым. «Бердібек Соқпақбаев тура­­лы естеліктер» деп аталады. Бірақ, соны­сымен де құнды. Өйткені, Бекеңнің өмір­шең шығармаларын сүйіп оқитын оқыр­ман қауымның назарына бірден түседі. Әйтсе де, 2005 жылы «Білім» бас­­­пасынан басылып шыққан осы бір құн­ды кітаптың таралымы бар болғаны – 2000 дана ғана.

Оны оқыған кезде суреткердің болмысын, мінез-құлқын жақынырақ танып-біліп, ішкі дүниесіне тереңірек үңіле түс­кендей боласыз. Қай шығар­масын алсаңыз да, кейіпкерлері өмір­дің неше түрлі қиын-қыспақ, қу­ғын-сүргініне тап болып жатса-дағы еш­қашан мойымайтын, алдағы күнге үмітпен қарайтын жазу­шының өз ба­сы өмірінің соңғы жыл­­дарында ру­ха­ни жалғыздыққа, үміт­сіз­дікке, шар­а­­­­сыз­дыққа қалай бой алдыр­ға­нына қайран қаласыз...

Кеңес Одағы кезінде кітаптары жыл сайын жарық көріп, «Балалық шаққа сая­хат», «Менің атым Қожа» повестерінің же­лісі бойынша фильмдер түсіріліп, дү­ние­жүзілік фестивальде жүлде алып, неше түрлі елдердің тіліне аударылып жат­са да, жазушы сол жүйеге іштей қар­сылық білдіріп, өз ұлтының трагедия­сын бір сәт те есінен шығармаған екен. Сон­дықтан да, жеке басының жетіс­тік­теріне шын жүрегімен жарылып қуа­на алмағаны, өз ұлтының тағдыры мен келе­шегіне көп алаңдағаны анық аңға­рылады. Бұл, әрине, ұлы суреткерге ғана тән мінез.

«Мәскеудің көлеңкесі түсіп тұрған ел­дің көсегесі көгеріп, өнері өркендей бе­реді дегенге мен, мысалы, өмірі сен­беймін. Сендер де сенбеңдер. Міне, ме­нің беретін батам осы!»

Бұл – Бердібек Соқпақбаевтың жанайқайы. Жалынды лебізі. Оны көр­некті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай өзінің «Жұм­бақ жазушы» атты естелігінде қаз-қалпында келтіре отырып: «Ке­ңес өкіметінің аман-есен кезінде, Компар­тияның әбден дәуірлеп тұрған заманында – жетпісінші жылдардың басында, Ал­матыдағы Ленин көсем атындағы алаң­ның гүлзар бағында, тапа-тал түсте қы­дырыстап жүрген қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың аузынан отаршыл империяны ашық айыптаған мұн­дай сөздер есту – ол тұста, шынында да, шетін оқиға еді», деп атап өтеді.

Ал Бердібек ағамыз туып-өскен өңір­ден маңдайы жарқырап шыққан тағы да бір талантты жазушы Баққожа Мұқай өзі­нің «Жеңілістерден тұратын жеңіс» ат­ты естелігінде: «Бекең шындықты жаз­­ғаны үшін, қалың оқырманның ру­хани азығына айналған көркемдігі келіс­­кен туындылар бергені үшін алғыс алудың орнына, Кеңес өкіметінің саясатын құптамайтындардың, «сенімсіз» адам­дардың қатарында жүрді. Жара­тылысынан бірбеткей, керек кезде әдіс­ке бағып, шегініс жасап үйренбеген Бекең алып өкіметті тоқтатар күштің жоқ­тығын және де әділеті кем заманда Соқ­пақбаевша өмір сүруге болмасын біле тұра, өз принципінен айныған жоқ. Оның шындықтан өзге қаруы, сүйеніші жоқ еді. Сол себепті де оның өмірінде үл­кен жеңілістер көп болды», дейді.

Асылы, «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» атты осы бір қызық кітап кө­зіңізге түскен жерде, тастай қатып, желімдей жабыса қалатыныңызға өз басым күмән келтірмеймін, құрметті оқырман.

 * * *

Менің есіме тағы да сол бір күн – Бер­дібек ағаның қасында жүріп, әң­гімесін тыңдаған сәттер оралады.

Ол кезде әлі үй ауыстыру, пәтер айыр­бастау секілді қала тіршілігінен мүл­­­де бейхабар, үйсіз-күйсіз жүрген жас қалам­­­герлердің бар есіл-дерті әдебиет қа­на болғанын, сондықтан да, Бекеңнен тек өз шығар­машылығы жайлы ғана әңгіме күт­кенін өздеріңіз де сезіп отыр­ған боларсыздар.

– Мен өзімнің шығармаларымның денін мына сендер сияқты жас кезімде, бір­де ауылға, енді бірде қалаға көшіп жүр­ген кезімде жаздым. Ал Мәскеудегі жо­ғары әдеби курста оқыған жылдары кітапханада, теміржол вокзалында отырып жазған күндерім де болды. Шіркін, сондағы арман қуып, албырт көңілдің алып-ұшқан кездеріне не жетсін?! – деп еді-ау сонда жазушы. – Әй, бірақ, ондай заман қайда-а енді!.. Бір рет, жас күнімде осындай ойларымды айтамын деп, Ташкентте өтіп жатқан Азия-Африка жазу­шыларының конференциясына телеграмма салып, жалаңаяқ табаныммен шоқ басып алған жағдайым бар. Оны жұрттың көбі біледі, сендер де естіген шығарсыңдар?..

Ол кезде біз бұл оқиғадан да мүлде бей­хабар едік.

Міне, ол туралы Баққожа Мұқай аға­мыз өз естелігінде былай деп жазады: «... Бердібек Соқпақбаев еткен еңбегіне лайық құрмет көрген жоқ. Үйінің өзін үлкен күшпен алды. Қолдарынан «өл­ген адамды тірілтуден басқаның бәрі келе­тін» шытынағыш шенеуніктердің алдына барып, алақан жайып тұруды ар санайтын «қиқар» Соқпақбаев ол жолы да өзіне ғана жарасатын тентектігіне басыпты. Ташкент қаласында өтіп жат­қан Азия, Африка жазушылары мәжі­лісінің төралқасына жеделхат салады. Мем­лекет басшылары «біздің елде жазу­шыға ерекше жағдай жасалады» деп бас­қа­ларға үлгі көрсетіп жатқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қаламгерден жеделхаттың келуі үн-түнсіз жаба салатын мәселе емес еді».

Иә... Осыдан кейін-ақ Бердібек Соқпақбаевтың соңына ескі жүйенің тыңшылары шырақ алып түссе керек.

Оны әдеби ортада Мұз-ағаң атан­ған мұзбалақ ақын – Мұзафар Әлім­баев «Берен талант Бердібек» атты естелігінде былайша баяндайды: «Сон­да бұл кім?» Сол сұрақты көзімнен оқы­ды білем. Ол: – Мұзаға! Мен... – деп төс қал­тасынан кішкентай куәлігін суырды да, көзіме тақап әкеп, оқып алыңыз дегендей біраз ұстап отырды. Портреті де желім­денген. Куәлігін қалтасына қайта сүңгітті.

– Біз сіздің адал коммунист, іскер жетек­ші, жауапкершілікті терең сезіне­тін азамат екеніңізді білеміз... Сол себеп­ті де, ашық сөйлескелі келдім, – деп сөзін нық­тады жігіт. – Бердібек Соқпақ­баев қан­дай адам? Идеялық позициясы? Саяси ұстамдылығы?»

Ал енді, Мұз-ағаңның оған не деп жауап бергенін мен сіздерге айтпай-ақ қояйын деп отырмын. Өйткені, осыдан кейін-ақ сіздердің көңілдеріңізде «Бер­дібек Соқпақбаев туралы естеліктер» атты кітапты қалайда тауып алып, оқып шықсам деген қызығушылық оянатынына бек сенімдімін.

 * * *

Сүйікті жазушымыздың алғаш жарық көрген кітабы – «Бұлақ» деп аталатын алақандай ғана өлеңдер жинағы екен. Қазір ойлап қарасаңыз, оның «Жекпе-жек», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып кел­мейді», «Менің атым Қожа» секілді клас­сикалық туындыларының бәрі де сол кіп-кішкентай бұлақтан басталған өзендерге ұқсайды екен-ау...

Бөлісу:
Бұлақтан басталған өзендер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар