Аймақтар
2 мин оқу 251

Шаһарлар шырайы кіреді

<p>Келесі жылдан бастап Қарағанды облысында жергілікті қалалардағы тұрғын үйлердің қасбеттері жөнделе бастайды. Бұл туралы аппарат жиналысында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.</p>

Шаһарлар шырайы кіреді

Қазіргі таңда Сенаттың қа­рауына жіберілген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға ен­гізіл­ген түзетулерде пәтер иелері кооперативтерін тарату, үйлерді қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін жинақ шоттарын ашу, сон­дай-ақ қалалық және облыстық бюд­жет есебінен көпқабатты үй­лер­дің қасбеттерін жөндеуді қар­жы­ландыру қарастырылғаны бел­гілі. Осы жайтты ескерген облыс басшысы келесі жылдан бас­тап шаһарлардың проблемалық не­гіз­гі көшелерінде жұмысты бастап кетудің жоспарланғанын айтты.

– Бұл бізге ғимарат қасбеттері бойынша белсенді жұмыс істеуге  мүмкіндік береді, жинақ шоттарын ашуды және жөндеу жұ­мыс­тарына бюджеттен қаржы бөлу­ді қарастырады. Бұрын бұл жұ­мыстарды атқару үшін деме­у­шілерді іздестіруші едік, ал қазір мұны қала немесе облыс есебінен іске асыра алатын болдық, – деген Жеңіс Қасымбек қала басшыларына он күн ішінде үй қасбеттерін бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін проблемалық көшелердің тізімін беруді тапсырды.

Шынында да Қарағандыдағы және облыстың басқа да қала­ларын­дағы үйлердің сүйкімсіз сұрғылт түсі адамның еңсесін басып тұрушы еді. Енді олар түрлі-түсті, көз қуантатын түстерге боя­лып, сырланатын болғаны бөрік­ті аспанға атып шаттандыр­маса да, қуанарлық жаңалық. Әрине бұдан қарапайым тұр­ғын­дардың тірлігі оңалып, жағ­дайы жақ­сарып кетпесі белгілі. Де­ген­мен айналаңдағы, өзің тұрып жатқан қаланың көшелеріндегі  кемпірқосақтың түсіндей көңілге қуаныш сыйлар бояулардың болғаны қандай жақсы!

Жалпы, экономикасы дамыған елдерде тұрғызылғанына жарты ғасырдан асып кеткен тұрғын үйлер тып-типыл болып сырылып, олардың орнына жаңасы салы­натынын біз жақсы білеміз. Біз­дің де осы күндерге түбі жете­тіні­міз анық. Әзірге жауырды жаба тоқып, еңсені түсіретін ең бір сұрқай түс – сұр бояулардың көзін жойсақ, мұның өзі үлкен жеңіс болар еді. 

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы 5815 көп­қабатты тұрғын үйдің қасбеті жөндеуді қажет ететін көрінеді. Бұлардың басым көпшілігі ел арасында «Хрущевка» аталып кеткен қарасұр түсті үйлер болар деп батыл жорамал жасауға болады. Сондай-ақ бұл тізімге Сталин заманында салынып, сырты сатпақ-сатпақ болып тұрған ескі үйлерің кіруі де әбден мүмкін...

Қасбеті әрленіп-сырланып, әдемі кейіпке енген үйлердің ту сыртын да, яғни аула жаққа қ­а­рай­тын бетін де жағдай жақ­сарған кезде көңілді түстерге бояп қоюды ұмытпау керек. Сонда ғана облыстағы қалаларды келген қонақтарға ұялмай көрсетуге болады. Яғни таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған жөн.

Қарағанды облысы

Бөлісу:
Шаһарлар шырайы кіреді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар