Қоғам
4 мин оқу 202

Елорда неге жарықсыз қалды?

<p>Қарашаның 10-ынан 11-іне қараған түні Нұр-Сұлтан қаласында Есілдің сол жағалауы бөлігінде жарық сөніп қалды. Көшеде бағдаршамдар істен шығып, тұрғындардың күні майшамға қарап, жұрт аз уақыт болса да әбігерге түсті. Бас қаладағы бұл проблема неден туды?</p>

Елорда неге жарықсыз қалды?

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апатты жағдайға байланысты Үкіметке дереу арнайы комиссия құруды тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған комиссия алдағы уақытта апаттың себебін анықтауға тиіс. Алдын ала деректерге сүйенсек, себеп – кабельдің қысқа тұйықталуынан екен. Комиссия мұқият зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізбек.

Сонымен қатар Президент Үкімет пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабыл­дауды талап етті. 

 Апат салдары жойылды

Президенттің сынынан кейін Ішкі істер министрлігі оқиға­ға байланысты қыл­мыстық іс қозғады.

– Бірқатар мемлекеттік нысанда, тұрғын үйлерде жарық сөніп қал­ған болатын. Төтенше жағдайлар коми­теті мен елорда әкімдігінің жедел ша­ралары барысында ақаулар жойыл­ды. Апат жағдайы бойынша Нұр-Сұл­тан қаласының Поли­ция депар­таменті Қылмыс­тық кодекс­тің 292-бабы бойын­ша сотқа дейінгі тергеу амал­да­рын бастады. Сотқа дейінгі тергеу амал­дарын жедел тергеу тобы қолына алды. Іс Ішкі істер министрі­нің бақылауында,– деді ми­нистрліктің Тергеу де­пар­та­ментінің бастығы Санжар Әділов.

Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энер­гетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы да апат салдары толығымен жойылғанын айтып ақпар берді. Басқарма бастығы Ернат Бәзіл:

– 10 қараша күні сағат 03:50-де 101 қызметіне хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, Сығанақ көшесі, 12-үйдегі 5 метр электр кабелі жанып жатқаны анықталды. Оқи­ғаға байланыс­ты арнайы штаб құрылып, апатты жою жұ­мыс­тары жүргізілді, – деді.

Оның айтуынша, қазір қала­дағы барлық нысанға жарық берілді. Кабель желісінің зақым­дануына байланысты өрт шық­қан. Ең бірінші «Керуен» сауда үйінде жарық сөнді. Содан кейін басқа ғимараттар да ав­то­маттардан ажыратыла бас­тады. Жарты сағаттың ішін­де қосалқы стансаларды өшір­дік. 60-70 метрдей кабель өр­тенді.

Ақмешіт пен Сығанақ көшелерінің бо­йында кабель жанып кетті. Өрттің шығуына не себеп болғаны жақын арада комиссия шешімімен анықталады. Осы жағдай­дың салдарын жоюға 15 адамнан тұра­тын апаттық қалпына келтіру бригадасы мен 8 техника жұмылдырылып, үздіксіз жұмыс істеді. Қазіргі таңда барлық нысандар іске қосылды. Тек «Москва» сау­да үйі мен Ұлттық кітап­хана ғимаратына жарық қосу жұ­мыстары жалғасып жатыр, – деп мәлімдеді Е.Бәзіл.

Апат салдарынан жарықтан ажырап қалған нысандардың қатарында Ақорда, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Министр­ліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот және бірнеше тұрғын үй мен сауда-ойын-сауық орталығы бар. Тиісті мекемелер хабарлаған­дай, барлығы дерлік қайтадан жарыққа қосылды.

«Маңызды нысандар, екі кабель екі қатарда болған. Екеуі бір-біріне тәуелді. Біреуі өртен­ген кезде екіншісін де шар­пыған. Қазір екінші электр көзін іске қосу­ды қарастырып жатырмыз. Инженерлік жүйесі өте күрделі. Жобалық-сметалық жұмыс­тарды бастайтын боламыз. Үлкен өрт болды. Өрттің аумағы 60-70 метр, яғни 60-70 метрлік 40 кабель жанып кетті. Өшіру үшін үстіне төселген плитаны алып тас­тап әрекет етуге тура келді. Тиісті комиссия жұмысқа бүгін ғана кірісті. Оның шешімін ресми түрде жариялайтын боламыз. «Өрт неден шықты?» деген сұраққа комиссия жауап береді, – деді Е.Бәзіл.

Е.Бәзілдің айтуынша, түнде басталған өрттің таң ата ғана ауыздықталуының себебі – коммуналды мекеме қызметкерлері өртті сөндіру үшін асфальтты ашып, 6 метрлік плиталарды алып тастауға тура келген. Осы­­ның бәрі уақыт алып, өртті тез ара­­да ауыздықтау қиынға түсті.

Кәсіпкерлердің шығынын кім өтейді?

Е.Бәзілдің айтуынша, комиссия жауабы шықпай жатып апатқа кімнің кінәлі екенін айту қиын. Тұрғындар мен сол жерде жұмыс істейтін кәсіпкер­лер секілді әкімдік те – зардап шегуші.

Бір айта кетерлігі, ЛРТ салу үшін Сығанақ көшесіндегі кабель екі жыл бұрын басқа жерге көшірілген екен. Яғни, жаңа желіні салуға тапсырыс берген –  ЛРТ, бас мердігер – «Құлагер» ЖШС. Осы компания аталған аумақта 17-18 кабель орнатып, желі­ге бірқатар өзгеріс жасаған. Мұның бар­лығы алдын ала мәлімет­тер. Нақты жауап комиссия қорытын­ды­сын­да айтылуға тиіс.

Басқарма басшысы айтқан­дай, әкімдіктің өзі зардап шегуші болып отыр. Ал жарық­сыз қалған қарапайым халық пен сол жерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынды кімнен өндіріп алады дегенге келер болсақ,  әкімдік жанындағы коммуналдық мекеме өкілі оларға тәуелсіз комиссия құ­рып, сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал жарықтың өшіп қалған кезін­де іске қосылған энергия тара­ту­шы компаниялардың резервтік дизель генераторы үшін тұрғындар қосымша төлем жасауға міндетті емес.

Қазір қала әкімінің тапсырмасымен осындай оқиға тағы қайталанбауы үшін резервтік кабельдерді параллель төсе­мей, бөлек станса арқылы тарту жағы қарас­тырылып жатыр. Әрине мұның бәрі құры­лыс-монтаж жұмыстарына өзгерістер ен­гізуді талап етеді және уақыт алады. Соны­мен қатар қаланың кей көшелері де тарлық қылуы ық­тимал. Дегенмен, құзірет­ті ор­гандар аталған тапсыр­маны орын­дау жағын пысықтап жатыр.

 

Бөлісу: