Жаңалықтар
2 мин оқу 790

ЕЛОРДАДАҒЫ МӘУЛІТ КЕШІ

Наурыз мейрамының алдында “Нұр Астана” орталық мешітінің ұйытқы болуымен Елордамыздағы Конгресс-холл сарайында мәуліт рәсімі жоғары деңгейде аталып өтті. Көрермендер залы халыққа лық толып, орын жетпегендері аяқтарынан тік тұрды. <!--more-->Ал залға сыймағандары кешті фойеге орнатылған экран арқылы тамашалады.

“Астана” медресесінің ұстазы Сәдуақас қари Олжабаев Құран оқып, іс-шараның шымылдығын ашқаннан кейін жүргізушілер Зейін Әліпбек пен Медет Шәйкелов алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­масының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлына берді. Ол жиналған жамағатқа мәуліт жа­йында кеңінен мәлімет беріп, пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі ғұмыр жолына, ислам дінінің адамзатты имандылыққа бастайтын құндылықтарына тоқтала келе, елорда халқын алдағы Наурыз мерекесімен құттықтады.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы пайғамбарымыз Мұ­хаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмір жо­лына қатысты мектеп оқушылары мен студент жастар арасында шы­ғарма бәйгесін жариялаған бо­латын. Осы мәуліт кеші барысында Астана қаласы бойынша шығарма бәйгесінен жүлделі орындарға іліккен жастарға сыйлықтар та­бысталды. Бір қуаныштысы, сту­денттер арасындағы бас жүлденің иегері Сандуғаш Оразбаева тек Астана қаласы бойынша емес, республика көлемінде де бірінші орынды жеңіп алды.

Мәуліт кешінің басты ерек­шелігі – пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту. Бұл әрбір мұсыл­манның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Сахнадағы салауатты “Нұр Астана” мешітінің қызметкерлерімен бірге 63 медресе шәкірті де оқыды. Ал бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан елордалық мәуліттің респуб­ли­ка­мыздың өзге өңірлеріне қара­ған­дағы бір ерекшелігі – театр­лан­дырылған көріністің қойылуы. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері “Рим билеушісі Һирақл­дың исламды мойындауы” атты мағыналы да мәнді көрініс қойып, жиналған көпшілікті бір тебірентті.

Айтыс өнері – адамның көңілін көтеріп қана қоймай, санаға са­ли­қалы ой салатын ұлттық құн­ды­лық­тарымыздың бірі. Осыны ескерген астаналық имамдар был­тырдан бері айтыс өнерін мәуліт бағдар­ла­ма­сына енгізіп келеді. Биыл жас ақын­дар Жақ­сылық Ор­ын­басар мен Ербол Жанат өзара ай­тысты. Со­­нымен бірге, кеш ба­рысында елі­мізге танымал болып үл­герген зағип балалардан тұратын “Сәт” триосы екі ән шырқап, қа­зақ­тың дәс­түрлі жыр-термелері орын­да­лып, жас ақындар өлеңдерін оқыды.

“Нұр Астана” мешітінің тап­сырмасымен мәуліт кешінің ән­ұранының жазылуы – бұл жылғы мәуліттің басты жаңалығы болғаны анық. “Ақиқат нұры” деп аталатын мәуліт әнұранының сөзін ақын Се­рікзат Дүйсенғазин, әуенін белгілі сазгер Ермұрат Үсенов жазған. Кештің соңында әншілер Марат Омаров, Жанқалдыбек Төленбаев, Медет Шәйкелов, Арман Ғаб­дул­лин мәуліт әнұранын шыр­қады. Енді алдағы жылдары да мәуліт кешінде осы әнұранды орындау дәстүрге енгізілмек.

Кеш соңында сөз алған бас имам Қалижан қажы Байырбекұлы Заңқоев бұл мәуліттің өте жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанын ай­тып өтіп, осы істің басы-қасында жүр­ген дін қызметкерлеріне, қол­ғабыс тигізген адамдарға рахметін жеткізді.

Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ.

Астана.

Бөлісу: