Шайбалы хоккей: «Барыс» «Нефтехимикті» ойсырата ұтты
<p style="text-align: justify;">Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті тур ойынын Нижнекамскіде жергілікті «Нефтехимикке» қарсы өткізді. </p>

Бірінші кезеңде есеп ашылмағанымен, қызықтың бәрі содан кейін басталды. Айналдырған 10 минут аралығында «Нефтехим Аренаға» жиналған көрермендер торда тулаған төрт бірдей шайбаның куәсі болды. Атап айтсақ, 31-минутта Даррен Диц қонақтарды алға шығарса, 35-минутта Арсен Хисамутдинов таразы басын теңестірді.
Бұл жағдай «Барыстың» хоккейшілерін қанағаттандырмады. Керісінше, намысын қамшылай түсті. 35 және 37-минуттарда Аркадий Шестаков пен Атте Охтамаа қатарынан екі гол соқты.
Үшінші кезең де қазақстандық команданың басымдығымен өтті. 42-минутта Корбан Найт булитті сәтті орындаса, 51-минутта Никита Михайлис матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 1:5.
Бұл күнге дейін 45 ойын өткізіп, 59 ұпай жиған «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде жетінші орынды иеленуде. Ал Шығыс конференциясында олар үшінші сатыға жайғасты.