Қоғам
2 мин оқу 560

Қатыгездік қайдан шығады?!

<p style="text-align: justify;">Жеті қазынаның қасиеті жетесіне жетпеген жұрт оңдысын ойыншыққа айналдырып, оңай олжаға кенелмек. Бірақ оның ар жағында не жатқанын бажайлап түсіне бермейтіні өзекті өртер өкініш.</p>

Қатыгездік қайдан шығады?!

Қалаға кіре бергенде қам­шылар жақ беттен дүрліккен топ көзге ілікті. Арқан бойы жақындағанда аңғардық. Ит төбелестіріп жатыр екен. Соң­ғы кезде сәнге айналған осындай бір оспадар тіршілік белең алып тұр. 

Бұл жолғысы кәдімгі қа­зақ­тың төбеті мен питбуль. Екеуі де қанжоса. Әсіресе төбет. Күшік кезінде кесілген оң жақ құлағының түбі жал­бырап жатыр. Даладай омы­ра­уы мен жұмырлана біт­кен жон арқасы қызыл қан­ға шыланған. Питбуліңіз тө­бет­­тен әлдеқайда қораштау кө­рін­генімен, қорқуды біл­мей­тін, айқас үстінде анық ажа­­лы жетіп тұрса да мысық­табандап шегінбейтін бір сұ­рапыл. Оған қарағанда, қа­зақы төбет иманжүзділеу. Кө­мейінен гүрілдеп шыққан ызалы ырыл сәл сейілгенде шо­лақ құйрығын бұлғап-бұл­ғап қояды. Онысы пәкене питбульді бітімге шақырғаны. Бірақ қан көріп құтырған ит қайдан тоқтай қойсын.

Айқұлақтана аттандаған, жерді тітірентіп айғайға бас­қан қалың топтың қақ жартысы жасөспірімдер мен балалар. Иелерінің айтағына еріп, бірін-бірі албастыдай басқысы келіп, жырта қарыс азуларын ақ алмастай жалаңдатып жүр­ген қос иттің қанын қыз­дырғысы келіп қапталдаса ұм­тылады.

Қазақ төбетіңнің иесі қоң­қақ мұрынды, гүжбан кав­каздық біреу екен. Итпен бір­ге өзі төбелесетіндей өңмең­­дей­­ді. Әлден уақытта пит­буль тө­беттің аузына ілік­кен. Мана­дан бері сілікпесі шы­ғып, әб­ден ызаланған қазақы төбет бір-ақ қысты. Тіпті, аузымда кет­ті-ау деген жоқ.

Иті жеңгеннің желігі де аз емес екен. Кавказдық гүж­бан да мәз-мейрам. Тө­бетін мақтап тұр. Өзінің емес, әрине, қазақ­тың төбеті. Момын, мал бағу үшін жа­рал­ған жан иесі. Тек соң­ғы кез­де оңай олжаға ке­нел­гісі кел­гендер осындай тө­белеске салып жүр. Әрине ай­қасуын айқасады. Сол айқас ақ, адал иесін қорғау үшін, әйтпесе, иесінің малын қорғау үшін болса бір жөн ғой.

Ақ қардың үстінде айғыз-айғыз қан жатыр. Иелері үшін жан алып, жан беріскен қос иттің қаны. Қызыл қанмен суарылған ақ қарды күтір-күтір басып бала біткен бақ-шақ. Олар да жаңа ғана со­лықтай шаршап, қаржыса қар­масқан иттерден бетер өңеш­­тейді. Осындай құ­быжық құ­былысты көріп өс­кен бала санасы не болар екен?!

Ақмола облысы

Бөлісу:
Қатыгездік қайдан шығады?! · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар