Қоғам
2 мин оқу 221

Жалған ақпараттарға сенбеңіздер

<p style="text-align: justify;">Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирусқа байланысты брифинг өткізіп, вирустың алдын алу бойынша елімізде атқарылып жатқан шаралар мен науқастардың күйі туралы тың ақпараттармен бөлісті.</p>

Жалған ақпараттарға сенбеңіздер

Журналистермен жүздескен министр әлемде 7711 науқас коро­на­вирусқа шалдығып, оның 170-і көз жұмғанын айтты. Бұдан бөлек қа­зірге дейін 17 мемлекетте 90 науқас жаңа вирусты жұқтырғаны анық­тал­ған. Елімізде ерекше санитарлық іс-шаралар 6 қаңтардан басталды. «Президент тапсырмасымен мем­ле­кет­тік деңгейде арнайы комиссия құрылды, ерекше іс-шаралар жос­па­ры бекітілді. Халықты инфекция­дан қорғау мәселесі бойынша ҚХР мен Қазақстан арасындағы шекараның сани­тарлық қорғауы күшейтілді. Бар­лық келіп жатқан азаматтар күшей­тіл­ген санитарлық тексеруден өтуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан 20 515 азамат өтті. Оның 19 989-ы Қазақс­тан азаматы болса, 526-сы шетел аза­маты. Сондай-ақ бұл кісілердің барлығын біз санитарлық мониторингке алып жатырмыз. Қазірге дейін 78 пайызы, яғни 15 738 адам тіркеуге алынды. Олармен жергілікті емханалар тікелей байланысты», деді Денсаулық сақтау министрі.

Е.Біртановтың айтуынша, Қы­тай­дан келген азаматтардың 54-і дене қызуының көтерілуіне байланысты ауруханаларға жеткізілген. Көбісіне жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ/ОРВИ) және тымау диагнозы қойылған. 16 науқас сауығып, үйлеріне қайтты. Қалған 38 науқас әлі де ем қабылдап жатыр. Министр олардың барлығынан ерекше лабораториялық сараптамалар алынып, Айқымбаев атындағы Ұлттық инфекциялық ғылыми орта­лы­ғына жіберілгенін атап өтті.

«Бүгінде елімізде қажетті инфек­ция­лық стационарлар сақадай-сай. Қосымша 10 мыңнан аса төсек-орын дайын. Емдеу үшін барлық дәрі-дәр­мек­тер бар. Диагностикалық алгоритм реттелді. Елімізде оқшаулау үшін инфекциялық ауруханалар желісі толық дайындалды. Онда білікті дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді. Бәрі біздің бақы­лауы­мызда.», деді еліміздің бас дәрігері.

Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуді және оны таратпауды халықтан өтін­­ген Денсаулық сақтау министрі қазірге дейін елімізде бірде-бір адам коронавирусты жұқтырмағанын баса айтты.

Кей өңірлерде коронавируспен нау­қастар тіркелді деген жалған ақ­па­раттар тарауда. Қазіргі уақытта елімізде бірде-бір науқас жаңа вируспен тіркелмегенін айтқан министр: «Кеше мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас­шы­сының орынбасарымен тікелей сөйлестім. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы Д-р Тедрос Адханом Гебрейесус кеше Бейжіңнен Женеваға қайтып келді. Бүгін корона­вирустың өршуіне байла­нысты төтенше Халықаралық денсаулық сақтау ережелері коми­те­ті­нің отырысы өтеді. Комитет Бас директорға эпидемияның ғаламдық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай болып табыла ма және оған қарсы қандай ұсыныстар жасау керек­тігі туралы консультативтік қоры­тын­ды береді», деді.

Бөлісу:
Жалған ақпараттарға сенбеңіздер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар