Тарих
4 мин оқу 1,134

Әйтеке бидің бет бейнесі қандай болған?

<p style="text-align: justify;">Қазақ тарихи шежіресінің елімізге белгілі маманы Өтеген Қойшиевтің &laquo;Әйтеке бидің шын бейнесі қандай?&raquo; деген мақаласы бүгінгі қазақ қауымын елең еткізеріне күмән жоқ. Біз бұл мақаланы алғаш рет &laquo;Жалаңтөс баһадүр &ndash; тарихи тұлға&raquo; атты деректі жи&shy;нақтан оқыдық. Бұл кітаптың баспадан шығуына демеуші болған &ndash; дәрігер, ғалым Ғани Смаханұлы екен. Ол бізге аталған кітаптың бір данасын сыйлады. Ең тамашасы, ақын Сардарбек Қожағұлдың &laquo;Баһадүр Жалаңтөс&raquo; атты кітабында басылған Әйтеке бидің жаңа суретін қолымызға ұстатқаны болды.</p>

Әйтеке бидің бет бейнесі қандай болған?

Ө.Қойшиевтің мақа­ласын оқып, автормен таныспаққа ұмтылдық. Өкінішке қарай, Өтеген мырза 2019 жылы Қы­зыл­орда қаласында өмір­ден озып кеткен екен.

Аталған мақаланың дәл осы нұсқасын автор әртүрлі басы­лымдарда үш рет жария еткен екен: ал­ғаш рет «Дат» газетінің 1998 жылғы 3 қыр­күйе­гіндегі 18-санында ба­сылған; екінші рет 2008 жылы «Мұсылман» жур­­на­лы­ның 2-санында жа­рия­ланған; үшінші рет 2018 жылы «Жалаңтөс баһа­дүр» ат­ты жинаққа енгізілген. Соң­ғы жария­ланымда автор 20 жыл ішінде Әйтеке би­дің су­ретіне ешбір жанның назар аудармағанына әжеп­теуір реніш білдірген екен. Мар­құм­ның бұл реніші орынды-ақ. Өйт­кені Қойшиев үшін өкі­ніш­тісі сол, Әйтеке бидің жаңа суретін ешбір адам анық­тау­ға ұмтылмаған, тек кейбір автор­лар су­реттің астына «бәлен­ше салды» деп жазу­мен шектеліп, ешқандай дә­лел­сіз жариялауды әдет­ке айнал­дырғандай.

Автор мақаласында Әйтеке би­дің суретін тірі кезінде ал­ғаш рет 1698 жылы Испания суретшісі Хуан Харис салды деп жазады. Бұған сенуге болады. Бірақ содан бері 300 жылдан артық уа­қыт өтті, сонда бұл сурет (Испанияда ма, әлде Қазақстанда ма) қалай сақ­талып, қалай біз­ге жеткені туралы автор нақты жазбаған. Бұл ара­да  мақаланың тағы бір түсініксіз жері – ол суретті салу мерзі­мін Әмір Темірдің билі­гі  ке­­зіндегі халықара­лық уа­қиғамен байланыстыр­ғаны. Шындығына келгенде Әмір Темір XIV ғасыр­дың адамы, ал су­ретті салған XVII ға­сыр­­­дың адамы.

Жалпы, Испания ко­ролі­нің XIV-XVII ға­сыр­­лар арасын­дағы ар­хи­віндегі басқа да сақ­талып қалған суреттерді Орталық Азия мен Қа­зақ­стан жерлерін­дегі ор­тағасырға байланыс­ты қазып ал­ған бас сү­йектерден антро­по­ло­­гиялық қалпына кел­тірілген бюстермен өзара са­лыстырылса, бұл біраз тарихи тұлғалардың бей­несін анықтауға сеп болар еді.

Дегенмен де Қой­шиев­­тің жария­лаған Әй­­теке бидің суре­тін ес­ке­русіз қалдыруға бол­майды. Өйткені бұл ара­дағы ең басты фактор Әйтеке би­дің 1698 жы­лы салынған пор­треті мен оның 2005  жылы Өзбек­станның Нұрата зират­ханасындағы қабірден Қазақ­стан антропологтары қазып алған бас сүйегі арқылы қал­пына келтірілген бюстің өзара ұқсастығын ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Басты мәселе аталған портрет пен бюсті өз­ара салыс­тыру. Бұл арада мына бір жайды ескеру қа­жет. Су­ретші адамның бей­несін салғанда жас пен жы­ныс ерекшеліктеріне, бет тері­сіндегі көптеген қан тамыр­ларының адам жү­зіне беретін әсеріне, яғни реңіне қарап бел­гілі бір образ жасайды. Ал бас сүйек арқылы адам бей­несін антропологиялық қал­пына келтіру әдісі басқа жолмен жасалады. Мұнда бет сүйек бе­­дер­лері мен тері қа­бат­­­тарының арасындағы бай­­­ланыстар өте қатты ескеріледі. Сондықтан ан­тро­пологияда бет әлпе­тінің көрінісі, яғни реңі, бейтарап күйінде ғана салынады. Бұл әлемдік деңгейде қабылданған әдістеме болып саналады.

Енді жоғарыда ай­тыл­ған талап­тарды ескере отырып екі бірдей су­рет­ке, яғни көр­кем порт­­рет пен антропо­ло­­гия­­­лық бюстке, са­лыс­тыр­ма­лы анық­та­малар беріп көрейік (суреттерді қараңыз). Ол үшін екі суретті көлемдік өл­шем­­­дерін бірдей масштаб тұр­ғысынан қарап, екеуі­нің де бір бағытқа қарап тұр­ған көрі­ністерін салыстыру қажет. Бұл ара­дағы жалпы айыр­ма­шылықтың бірі – Әй­теке бидің суретін салған кездегі жасы мен оның қайтыс болған мер­зімінің арасындағы уақыт көлемі. Бұл жағы­нан алғанда екі бейнеде біраз алшақтық бай­қалады. Ең негізгісі – екі сурет өзара ұқсас жә­не антро­поло­гиялық бей­не­лерінде ор­тақтық бар: бұлардың негіз­гі морфологиялық құрылы­мы бүгінгі қазақтарға тән тұ­раноидтық нә­сілдің қазақстан­дық нұс­қасына жатады. Екі суретте де бет биіктігі мен бет жал­­­­пақтығында айыр­ма­­шылық жоқ. Мұрын сүйегі қырының түзу­лігі де өзара ұқсас. Жақ сүйе­гінің көтерілуі екі сурет­те бірдей және бет сүйек жа­зық­тығы да, яғни горизонталь бұ­ры­шы да, өзара ортақ дең­гейде. Жалпы екі су­­реттің арасындағы ал­­шақтықтан гө­рі, өз­ара жақындықтары әлде­қайда басым кез­деседі. Со­ны­мен су­ретші сал­ған портрет пен бас сү­йек арқылы ан­тро­по­ло­гиялық қалпына кел­тіріл­ген бюст тек бір ғана адамның бет бей­несінің көрі­нісі деп айтуға толық мүм­кіндік бар, яғни ол Әйтеке бидің нақты бет бейнесі дегенге сенуге болады. Өйткені бұл сипат­тама ғылыми тұрғыдан морфологиялық салыс­тырма жолымен берілген өлшемдерге жүгіну ар­қылы ай­тыл­ған бірден-­бір дұ­рыс анықтама бо­­лары анық. Беріліп отыр­­ған салыстырмалы екі суреттің өзара ұқ­сас­тығына кезінде Қой­шиев те өзіндік пі­кі­рін жазған екен: «Плас­ти­калық көшірме ме­нің қо­лымдағы Ис­пан су­рет­шісі Хуан Харис салған Әйтеке баба­мыз­дың көшірмесіне ай­на қатесіз ұқсайды».

Бұл екі суретте де, яғни пор­третте  және  бюс­­те  Әйтеке би­дің шын­ бейнесі салынғаны кү­­мән тудырмайды.

Қорыта келгенде, Әй­теке бидің бейнесі ре­тінде тек осы пор­трет­тің ұсынылғанын жөн деп санаймыз. Алдағы уақыт­та Әйтеке биге ар­нап антро­пологиялық мо­­нография жазуға талпыныс жасап отыр­мыз

Оразақ Смағұлов,

ҰҒА акад­емигі,

Айнагүл Смағұлова,

аға ғылыми қызметкер, антрополог

СУРЕТТЕРДЕ: Әй­те­ке бидің 1698 жылы Испания суретшісі Хуан Харис салған портреті; Әйтеке бидің 2005 жылы Өзбекстан­ның Нұрата зиратха­насындағы қазақ қабі­рінен Қазақстан антропологтары қазып алған бас сүйек бейнесінен қалпына келтірілген бюст.

Бөлісу: