Руханият
2 мин оқу 945

Ағаш аяқ келін

<p style="text-align: justify;">Қазіргі жастар бақытты. Ата-анасы қарызданып, қауғаланып тойын жасап береді. Той болғанда қандай?! Түрлі тағам қойылған дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі бар.</p>

Ағаш аяқ келін

Ұлттық дәстүр де түрленіп келеді. Жағдайы толайым жетіп тұрған той иесі қанша қымбат болса да өнерпаздарды мұрнынан тізіп шақырады-ақ. Ең қызығы беташар. Түнеукүні тонның ішкі бауындай араласатын ағайынның бірі кенжесін үйлендірді. Барын киіп, байлауын таққан тоқ жұрт. Сәл кештетіп келдік. Оқасы жоқ, біздің Көкшетауда шақырған уақыттан екі-үш сағат кешігіп келе береді. Осы уақытқа дейін айтылған сағатында басталған тойды көрмеппін.

Бұл жолы да солай болды. Пәленшекең келмей жатыр, тү­­геншекең жол үстінде екен де­ген хабар еміс-еміс же­тіп жа­тыр. Әлдекімдерді сарыла тостық. Қонақтың дені жи­нал­ған. Шы­дамымыз таусыла ба­стаған кезде беташар басталды. Айтпақшы, сексенінші жылдары Көкшетауда беташар сирек айтылатын. Тіпті бет ашатын әнші таба алмай апалақтағандарды талай көргенбіз. Қазір тәп-тәуір жөнделіп қалды. Екінің бірі болмаса да, домбырасын сабалап бет ашып беретін өнерпаз толып жатыр және өздері тойға жиналған ағайынды нағашы, жиен, әріптес деген сияқты топ-топқа бөліп, есімдерін қағазға жазып алып, айтып шығады. Аты аталып тұр­ған соң табаққа тең­ге салмау ұят. Ұялғандарынан ұлт­тық валю­таның бірер теңгесін тас­тап, парызынан құтылады. Әупі­рімдеп табақ толады. Ән­шінің де көңілі тоқ.

Міне, беташар басталды. Әуе­лі атасын таныстырған. Шама­сы ес­кі мәтін болуы керек, «кеу­де­сіне орден таққан» деп бір қой­ды. Біз­дің білуімізде той иесі орден түгіл медаль тақпа­ған жан еді. Рас, ел қатарлы жұ­мыс істейді. Қайын енесін таныс­тырғанда да қа­­ғыс кетті.

Келін қарағым иіліп сәлем бер­­меді. Тіпті мезіретін де жаса­ған жоқ.

– Мынаның аяғы ағаш құсап қатып қалыпты ғой, – деді ауылдан келген жеңгесі, – тіпті басын да иген жоқ!

– Шаруаң қанша, жастар өз білгенін істей берсін, – деп жанында тұрған апай басу айтты.

– Осы келіннің түскеніне төрт-бес ай болып қалды-ау дей­мін. Енді беташар айтып тұрғаны несі?! – деді бір апай.

– Жайыңа тұр, – деді екіншісі, – дәстүріміз емес пе?..

– Негізі беташарды келін бо­са­ғадан аттаған сәтте, осыдан бес ай бұрын өткізген дұрыс еді, – деді жігіт ағасы, – сонда әлде­қай­да жарасымды болар еді.

Бұл кезде әнші жігіт ащы ішектей жұбатылған беташарын айтып болып қалып еді. Ендігі дау жайпақ табаққа шүпілдей толған ақшаны кімнің алатындығы туралы дауға жалғасты.

– Жастарға беру керек! – деді бір білгіш, – үйлену тойларына сый­лық.

– Әнші алу керек, – деді екін­шісі, – атам заманнан солай. Бұ­рын­ғылар ат мінгізіп, атан жетек­теткен. Еңбегі бар емес пе?!

Тойдың шырқы басталмай жатып бұзылды. Шынында да қалай еді өзі, қап! Бет ашамыз деп жүріп...

Бөлісу:
Ағаш аяқ келін · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар