Еліміздің және өзінің рекордын жаңартты
<p style="text-align: justify;">Кеше Халықаралық ерлер және әйелдер теннис қауымдастығы спортшылардың әлемдік рейтингін жаңартты. Соңғы жарыстарында сәтті өнер көрсетіп жүрген екі бірдей отандасымыз ел және жеке рекордын жаңартты.</p>

Өткен жексенбіде Дубайда өткен турнирдің финалында сүрінген Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 4 саты жоғарылап, 21-орыннан 17-орынға тұрақтады. Осылайша Рыбакина әлемдік рейтингте өзінің және Қазақстанның рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд та дәл осы теннисшімізге тиесілі болатын (21-орын). Сондай-ақ қазақстандық теннисшілерден Ю.Путинцева 32-орнын сақтап қалса, З.Диас екі орын жоғарылап, 61- сатыға жайғасты.
Ерлер арасындағы рейтингте еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик өткен аптада Франциядағы турнирдің жартылай финалына дейін жетіп, рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды. Бірден 8 орынға жоғарылаған Бублик 47-сатыға тұрақтап, өзінің жеке рекордын жаңартты. Бұған дейін ол 55-орында болатын. Қазақстанның экс-бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин 20 орын төмен сырғып, 89-сатыға, Дмитрий Попко 167-орынға тұрақтады.