Руханият
3 мин оқу 353

Арыстағы ағайын Жетісу жұртына алғыс айтты

<p style="text-align: justify;">1 наурыз &ndash; Алғыс айту күнінің қарсаңында &laquo;Egemen Qazaqstan&raquo; газетінің Талдықорғандағы тілшілер қосынына Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова хабарласып, Алматы облысындағы ағайынға шын аналық ақ тілегін айтып, жерлестерінің атынан ақжарма алғысын жеткізді.</p> <p style="text-align: justify;">&nbsp;</p>

Арыстағы ағайын Жетісу жұртына алғыс айтты

– Мен жақында Талдықорған­ға арнайы барып, облыс әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынына қатысқан едім. Жина­лыстан соң арнайы сөз сұрап, сын сағатта Арыс халқының қиын­­­дығын бөлісіп, жанымыз­дан та­былған, қираған үй-жайы­мыз­ды қалпына келтіруге көмек бер­ген Жетісу жұртына, әкім­ші­лік қызметкерлерге, құрылыс­шылар­ға рахметімді айттым. Алғыс айту күніне орай жерлестерімнің атынан сіздердің газет арқылы тағы да ризашылығымызды жеткізгіміз келеді, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова.

Өткен жылы Арыс қаласында орналасқан әскери қару-жарақ қоймасында жарылыс болып, бейбіт тұрғындар зардап шеккен-ді. Көптеген үй қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Арыс трагедиясының салдарын жоюға тұтас Қазақстан жұрты жұмы­лып, мемлекет тарапынан арнайы шара қабылданған еді. Қала­дағы қираған үйлерді жөндеуге еліміздің барлық аймағы кірісіп, облыс әкімдіктерді әр аумақ бо­йынша жауапты болды. Қалыпқа келтіру жұмыстарына Алматы облысы да бел шеше кірісіп, құ­рылысқа қарқын қосты.

– Арыс оқиғасы Жетісу хал­қы­ның да қабырғасын қайыс­­тырды. Тұрғындар зардап шеккен адамдарға ерікті түр­де көмек көрсетуді қолға алып, азық-тү­лік, киім-кешек, құрылыс­қа қа­жетті заттар жинауды ұйым­дастырып, ақшалай да көмек беруге кірісті. Облыстан бірнеше рет қайырымдылық керуені жа­сақталып, Арысқа жөнелтілді. Мұның бәрі қазақ халқының қиын­дықты бірге жеңуге жұмыла­тын ауызбірлігін көрсетті. Ал Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ар­найы барып, тұрғындармен кездесті. Осы жолы зақымданған үй мен ғимараттарды толық жөн­деуге тапсырма берді. Бұл ауырт­палықты әр облыс көтеретін болды. Қаланы жекелеген секторға бөліп қалыпқа келтірудің жолын айтты. Алматы облысы­ның үле­сіне 15 учаске тиді. Біз қалып­қа келтіру жұмысын жедел бастадық. Сондай-ақ Арыс мектептерінде оқитын 150 баланы Жетісудың табиғаты тамаша шипажайларында тегін демалу­ға шақырып, жазғы каникулді қызықты өткізуге күш салдық, – деп еске алады бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов.

Былтыр Арыс қаласын қал­пы­на келтіруге Алматы облысы­ның бюджетінен 1 млрд 393 млн теңге бөлінген екен. Бұдан бө­лек ел Үкіметінің қосал­қы қо­­ры­­нан бөлінген 1 м­лрд тең­ге қаржыны да облыс­тың құрылыс компаниялары иге­ріп, қалпына келтіру жұмыс­тарына жұм­са­ды. Жетісу­лық құры­лыс­шы­­лар жөндеу жұмыстарын толық аяқ­тап, тұрғын үй мен ғимарат­­­тар­ды көрсетілген мерзімде пай­да­лануға берді. Яғни, 802 жеке бас­­пана толықтай жаңғыртылып, 18 тұрғын үйдің құрылысы дер кезінде бітті.

– Өткен жылдың 24 маусымы – арыстықтардың басына ауыр қайғы түскен күн ретінде есімізде қалды. Орын алған төтенше жағ­дай халқымыздың қабырғасын қайыстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, қазақстандықтарды Арыс­қа көмек қолын созып, қаланы қалпына келтіруге шақырды. Осыдан кейін еліміздің түкпір-түкпірінен Арысқа көмек ағылды. Қаланы қалпына келтірудің жос­пары жасалып, тұратын аума­ғы­мыз 17 бөлікке бөлінді. Солар­дың ішіндегі тұрғын үйлері, әлеумет­тік, коммерциялық нысандары көп, адамдар тығыз орналасқан біз тұрған аумақты қалпына кел­тіру міндеті Алматы облысына берілді. Жетісулықтарға дән ризамыз. Облыс әкімінің бірінші орын­басары Ләззат Тұрлашев бастаған топ жаз бойы Арыста, құрылыс басында жүрді. Амандық Баталовтың өзі де бірнеше рет келіп, жұмысты көрді. Біз күн суы­ғанға дейін баспанамыз жөн­дел­се деген тілекпен жүрдік. Рах­мет, жетісулықтар азамат екен. Арада бірнеше ай өтпей қала қал­пына келіп, үйлеріміз жөнделді, кейбірі жаңадан салынды. 2020 жылды сол жаңа үйімізде қарсы алдық. Жетісу жұртынан айналайын, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Роза Әбдірахманова.

Бөлісу:
Арыстағы ағайын Жетісу жұртына алғыс айтты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар