Өнер
2 мин оқу 184

«Астана Балеттің» Атырауға тартуы

<p style="text-align: justify;">Қар көбесі сөгілген көктемнің шуақты күндері Атырауда &laquo;Астана Балеттің&raquo; гастрольдік сапары басталмақ. Бұл ұжым тұңғыш рет Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді.</p>

«Астана Балеттің» Атырауға тартуы

Ұлы Абайдың 175 жыл­дығына орайластырылған гастрольдік сапар аясында, яғни, наурыздың 12-13-і күн­­дері атыраулық тұр­ғын­дар мен қонақтар таны­мал ұжымның өнерін тама­ша­лауға мүмкіндік алады.

Театр ұжымы Джордж Ба­лан­чиннің бір актілі «Се­ренада» балеті мен «Ұлы дала мұрасы» дивертис­менті енген таңдаулы бағ­дар­­ламасын тарту етпекші.

ХХ ғасыр балетінің ал­тын қорына енген «Серенада» – америкалық хореограф Джордж Балан­чин­нің айтулы туындысы. 2017 жылы «Астана Балет» театрының сах­насында премьерасы өткен бұл ту­ын­дыны көрермен зор ықы­­­ласпен қабылдап әрі мә­дени сарапшылар тара­пы­нан құбылыс ретінде ба­ғаланған еді. Себебі күллі Орталық Азия аумағында Джордж Баланчин қорымен ын­тымақта, хореографтың стилі мен техникасының стан­дарт­тарын толық сақ­тай отырып қойылған ал­ғашқы балет болатын. «Се­ренаданы» қазақ сахнасында қойған Виктория Сай­мон – америкалық хо­рео­графтың төл шәкірті. Бұған дейін Саймон әлем­нің түрлі елінде Балан­чин­нің отыз шақты спек­таклін сахналаған.

Концерттің екінші бөлі­мінде қазақ мәдениетінің қыр-сырын әйгілейтін «Ұлы дала мұрасы» бағдар­ла­масы көр­сетілмек. Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің хореографиялық миниатюрасы көшпелі халықтың таным көкжиегін айғақтайды. Осы бағдарламаға енген барлық ми­ниатюралар қа­зіргі қазақ хореография­сын тануға мүм­кіндік береді. Мұнда этнография эле­менттері, би дәстүрі мен за­манауи хореографиялық ше­шімдер үйлесім тапқан.

Айта кетейік, наурыз­дың 25-26-сы күндері «Ас­тана Ба­лет» ұжымы осы бағдар­ламамен Семейдегі Абай атын­дағы театрда өнер көрсет­пек.

2

Бөлісу: