Аймақтар
2 мин оқу 510

Құрылысшы беделін көтеру қажет

<p style="text-align: justify;">Бүгінде қайсыбір қалаға бара қалсаңыз, алдымен жаңа салынып жатқан зәулім ғимараттарды, оны айнала қоршаған керік мойын крандар мен күртесі күнге шағылысып әр жерде әр нәрсені шұқылап жүрген құрылысшыларды көзіңіз шалады.</p>

Құрылысшы беделін көтеру қажет

Сәл аялдап, сырттай қызыға қарайсыз. «Заман осылардікі ғой. Жұмыс көп. Үйден үй, қаладан қала тұрғызып жатыр, күреп тауып жатқан шығар» дегіңіз ке­ле­ді де, оны сол сәтте-ақ ұмы­тып, жө­­ніңізге кете барасыз. Сырт көз­ге барлығы жақсы ғой. Бірақ елі­мізде жыл санап қарқын алып келе жатқан құрылыс сала­сын­да да қордаланып қалған мә­селе көп. Ең әуелі сапалы кадр аз. Құрылысшы даярлайтын кәсіби оқу ошақтары сапалы маман шығара алмай отыр. Құ­ры­лыс­шының айлығы төмен, та­бысы тұрақсыз, қыста көбіне жұ­мыссыз отырады. Тендер ба­ры­­сында жергілікті құрылыс ком­панияларына басымдық бе­рілмейді. Нәтижесінде, оны ірі қалалардағы алпауыт компаниялар ұтып алып, жергілікті кәсіпорын жиі үлестен қағы­лады. Жергілікті жерде құ­ры­­лыс тауарларын өндіруге әкім­ші­лік кедергі көп. Осы жә­не құ­рылыс саласындағы басқа да күрмеулі мәселелердің шет жа­ғасы Қостанайда өткен «Қа­зақстан құрылысшылар одағы» облыстық филиалының есептік-сайлау конференциясында сөз болды.

Бүгінде одақтың облыстық фи­лиалында 20 шақты құрылыс компаниясы, сондай-ақ құрылыс материалдарын шығаратын, сау­далайтын, тасымалдайтын он шақты кәсіпорын бар.

– Біздің құрылғанымызға көп бола қойған жоқ. Басты мақ­сатымыз – құрылыс компа­ния­ла­рының басын біріктіру. Сол арқылы бә­рімізге ортақ күрделі мәселе­лердің шешілу жолдарын бірлесе іздестіру, өзара тә­жірибе алмасу, құрылыс саласына маманданған шағын және орта кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Қазір негізінен құрылыс компанияларының басшыларымен кездесулер өт­кізіп, түсіндіру, насихат­тау жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір елімізде жүріп жатқан құ­рылыс көп, бірақ құрылысшы аз. Біз көп болып бірігіп, осы мә­селені көтеруіміз керек. Ірі құ­рылыс компанияларының жанынан құрылысшы даярлайтын оқу ошақтары, тіпті болмаса шағын оқу сыныптары ашылуы керек. Кезінде болған, ал бүгінде ұмытылған бір жақсы дәстүр бар. Бұл құрылысшының мәртебесін көтеру мәселесі. Қа­зіргі құры­лысшының жағдайы мәз емес. Олардың жұмысы жа­уапты әрі ауыр. Сондықтан әлеуметтік жеңілдіктер қарас­тырылуы керек. Бұрынғы «Ең үздік тас қа­лаушы», «Ең үз­дік сылақшы» де­ген сияқты байқаулар ұйым­дас­тырып, ынталандыру шараларын тірілткен дұрыс. Құ­рылыс компаниясында жұмыс істейтін қарапайым маман ертең осы кәсіпорын өзін баспа­­намен қамтитынына се­нім­ді болуы керек. Сонда ғана жас­тар құрылыс саласына шынайы қызығушылық білдіре бастайды, – деді облыстық филиал директоры Уәлихан Нысанов.

ҚОСТАНАЙ 

Бөлісу:
Құрылысшы беделін көтеру қажет · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар