Алматыда ұлттық және демалыс саябақтары уақытша жабылды
<p style="text-align: justify;">Коронавирустың бұдан әрі таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 21 наурызынан бастап Алматы қаласы аумағындағы барлық ұлттық саябақтар мен демалыс саябақтары уақытша жабылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.</p>

Алматылықтар карантин кезінде Тұңғыш Президент саябағына, Орталық мәдениет және демалыс саябағына, 28 Панфиловшылар паркіне, Family Park, Ботаникалық баққа, «Қиял әлемі» саябағына, Алматы зообағына, Алма-арасан және өзге де адам қарасы көп жиналатын орындарға барудан бас тартулары қажет.
Бұрын қалалық әкімдіктің шешімімен Медеу, Шымбұлақ, Пионер, Көк-Төбе, сонымен қатар, COVID-19 эпидемиологиясының тұрақтануына дейін Алматы мен Алматы агломерациясына ішкі туризм бойынша турлар мен экскурсиялар өткізетін туристік ұйымдардың қызметі тоқтатылатындығы хабарланған болатын.
Сондай-ақ, Туризм басқармасы туроператорларға коронавирус тіркелген қауіпті санаттағы елдерге қатынайтын және сол елдерден бізге келетін турларды уақытша тоқтату туралы ұсыныс білдірген болатын. COVID-19 бұдан әрі таралуының алдын алу мақсатында адам көп жиналатын орындардағы сақтық шараларын қатаң қадағалау туралы нұсқаулықтар таратылды.
АЛМАТЫ