Түркістан: Төтенше жағдай тәртібін бұзған 26 адам қамауға алынды
<p style="text-align: justify;">Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков блок-бекеттерде облыс аумағындағы шектеулер жайлы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінде полиция департаментінің барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген қызметіне көшкен. Инфекцияның алдын алу мақсатында облыста 76 блок-бекет қойылған, онда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істейді. Оның ішінде екі блок-пост республикалық маңызы бар автожолдарда ашылған.</p>

Жетісай ауданының орталығында, Жаңаауыл мен Жылысу ауылдық округтерінде Әбдіқалық және Байқоныс ауылдарының жанында коронавирустың таралу ошақтары анықталуына байланысты карантин енгізіліп, Жетісай полиция бөлімінің қызметкерлерінен 14 блок-бекет қойылды.

"Төтенше жағдай енгізілгеннен бері облыс полицейлері 84 төтенше жағдай режимін бұзушылықты анықтады, азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес "төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 26-сы әкімшілік тәртіпте қамауға алынды. Облыс тұрғындарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға, төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтауға және аса қажетсіз үйден шықпауға шақырамын" деді департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.
Сондай-ақ департамент қызметкерлері жалған ақпарат таратудың 9 жайтын анықтады. Күдіктілер дер кезінде анықталып, жауапкершілікке тартылған.
Түркістан облысы