Жаңалықтар
3 мин оқу 822

АДАСҚАН АРМАН АЛЫСТАН ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Америка драматургі Джон Стейнбектің “Адамдар мен тышқандар” атты туындысының премьерасы болып өтті. <!--more-->Өнер ұжымының өресін кеңіткен, көрерменді ойлы сезімге бөлеген шығарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті актерлік өнер және режиссура кафедрасының V курс студенті Болат Абдрахманов сәтті қойып шықты.

Биыл өзінің он төртінші мау­сымын бастаған театр еліміздің сол­түстік өңіріндегі қазақ өнерін насихаттаудың ошағы саналады. Бірақ, репертуарының кеңдігімен ерекшеленетін ұжым көптеген шет ел авторларының еңбегін сахналап үлгірді. Әйтседе, бұдан бұрын Америка драматургтерінің жалғыз еңбегі (Вестсайд тарихы) көрер­мен­ге ұсынылған еді. Міне, ұжым екін­ші әрі жауапты қадамға бел бай­лап, оны табысты атқарып шық­ты деуімізге болады.

Көрермен “Адамдар мен тыш­қандарға” үш күн бойы қол соқты. Бұл әсте оңай шаруа емес. Стейн­бектің терең фило­со­фия­лық ой­ларын жас режиссер қалайша ойната білді? Адамды сан қырлы дүниенің шаттығы мен наласын, жақсылығы мен жамандығын айыруға үйрететін, келер күнге құлшыныс пен тал­пынысқа бау­литын арман, үміт, сенім ұғым­да­ры ұмтылысқа же­те­лейді. Әр адам­ның жолы әр бас­қа, оның сәттілігі мен жаң­сақ­тығы санадағы ұстын­дарға бай­ла­нысты. Дра­маның бас­ты айтпағы адам­дар­дың күйкі тір­ліктің құр­сауында қалып, ру­хани азғындап, өзінің “меніне” мән бермей, тіпті арман­дауға да мұр­ша­сы келмей, бір күндік тышқаншы өмірдің жетегінде жүріп жығылатынын көрсету болатын. Армансыз тір­ші­лік жоқ. Бұл – мәңгілік тақырып.

Сюжет басталғанда екі дос – Джордж (Бағлан Иманғазинов) бен Ленни (Төлеубек Көңбай) күнкөріс қамымен жұмыс іздеп, жер бетін аралап жүреді. Джордж өз пайымы бар романтик жігіт, ал Ленни алаң­ғасар, ұмытшақ та ұрыншақ, ке­мі­ру­шілер ішінен тышқандардың те­рісі жұмсақ әрі нәзік болған­дықтан, өзін де аялап, сипағанды жақ­сы кө­ретін бейбақ. Болмыс-бітімі әртүрлі екі достың арманы біреу ғана яғни, азын-аулақ ранчо сатып алып, жеміс-жидек, жаңғақ бауын өсіру, ми­ллиондаған жасыл, көк түсті қоян­дар асырау. Қызыл-жасыл қиял­дың жетегіндегі жігіт­тер­ді тағ­дыр Қара торының (Мұхит Па­лым­бетов) ранчосына кезіктіріп, сонда жұмысқа орна­ла­са­ды. Ондағы шым-шытырық оқи­ғалар армандарды да ағызып өтетіндігі шынайы сах­на­ла­нып өтеді. Ленни Қара торы­ның жеңіл жүрісті “айдай сұлу” әйелін (Айман Майма­мы­ро­ва) кездейсоқ кіш­кен­тай тышқан секілді қыл­қын­ды­рып, өмірін қия­ды. Өзінің ең жа­қын досын ауыр жазадан алып қалу үшін Джордж оны өлтіруге бел буып, то­сын шешімін жүзеге асы­рады. Леннидің көлдің арғы бе­тін­дегі ор­ындалмас арманына қарап тұ­рып көз жұмуы жан дүниеңді шы­мыр­­латады. Джордж байғұс өмірдің мән-мағынасынан айы­рылып, бұл­ың­­ғыр арманынан алыстап қала береді.

Жұмыстың жоқтығы, табыл­ғанның өзіндегі ауырлығы мен аз­аптығы, қара жұмысшылардың, же­ңіл­тек мінезді қыз-келіншектердің тағ­­дыры, өзін жоғары санай­тын­дардың әлсіз бен дәрменсізге дауыс қана емес, қол көтеріп, қысым жа­сауы, ақша мәселесі, әділет­сіз­дік­пен күрес сияқты проблемалар шы­ғарма желісінде барынша ши­ра­тыла түседі. Адам бойындағы ақыл мен парасат, өзара сый­лас­тық, түсі­ністік ұғымдарының жиын­тығы Бой­шаң (Зүлкәпіл Батихан), Кенди (Қайрат Мыр­за­бо­латов) образдары арқылы реалистік және роман­ти­калық желімен берілетіні жұрт­шылықты жылы әсерге бөлейді.

Ленни – арман, Кенди – үміт, Джордж – уақыттың ны­ша­ны деп алсақ, шығармада осынау үш ұғымның жалғастығы мен жалғандығы шебер бейне­ленетінін атап өткен жөн. Театр қой­ылымы шығарманың нақты сюжеттік же­лісімен ғана сах­на­лан­байтыны анық. Спектакльде бүгінгі күннің кө­ріністері, тыныс-тіршілігі, қо­ғамдық-саяси, әлеу­мет­тік мә­се­ле­лері қамтыла оты­рып суреттелуі ре­жиссердің та­лан­тына бай­ла­ныс­ты. Бұл ор­айда бо­лашағынан үміт күттіретін да­рын­ды жас режиссер Болат Абдрахманов уақыттың ай­шық­ты, өзекті бейнесін нанымды су­­рет­тей білгендігіне шәк кел­тір­ме­й­міз. Мұнда театр труп­па­сы­ның, әуен, киім, декорация, грим, жа­рық беру мәселесімен ай­­на­лы­са­тын адамдардың жан­қияр еңбегі бөлектеп айтуға тұрарлық.

Қойылым соңында Болат Абдрахмановпен аз-кем тіл­десудің сәті түскен. “Дипломдық жұ­мыс­та алдымен нені қою керек екен­дігі таңдалады, дейді ол. Көк­шетауға келгенімде қобал­жығ­аным рас. Бұл өңірдің өнерге қатысты ерек­ше­лігі, өз көрермені бар. Театр­дың репер­туарлық сая­сатының қарымы жоғары екен. Төрт ай бойы әріп­тестеріме бауыр басып, көп нәр­сені үй­рен­дім. Ағайындарыма ал­ғы­сым шексіз. Көк­шетау театры мені ізденіске бас­тады. Гордон Крэг айт­қандай, ре­жиссер толық тә­­уелсіз бола алмайды. Оның ең­бе­гі драматург жазған мә­тінге, труп­­паға, су­ретшіге, ком­по­зи­торға бай­ланысты. Кәсіби тұрғыдан кел­сек, режиссер өз ойының 60 па­йызын жүзеге асыра алса, ба­қытты саналады екен. Мен Көк­ше­таудан осы деңгейлес адам ретін­де атта­на­тыныма қуаныш­ты­мын”.

Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы.

Бөлісу: