Әлем
2 мин оқу 490

«Талибан» келіссөзден бас тартты

<p style="text-align: justify;">&laquo;Талибан&raquo; ұйымы Ауғанстан үкіметімен мәмілеге келе алмай, тұтқындарды алмасу жөніндегі келіссөзден бас тартатынын хабарлады. Бұл қадам АҚШ пен &laquo;Талибан&raquo; арасындағы келісімге сызат түсіруі мүмкін.</p>

«Талибан» келіссөзден бас тартты

«Талибан» өкілі Сухайл Ша­хин­нің айтуынша, ұйым­ның арнайы тобы алдағы келіссөздерге қатыспайды. Мұның себебін Ауғанстан үкіметінің тұтқын­дарды босатуға ықыласы жоқ екенімен түсіндіреді.

«Біздің арнайы тобымыз ертең­нен бастап тиісті тараптар­мен болатын нәтижесіз кезде­суге қа­тыспайды», деп жазды С.Шахин туиттердегі парақшасына.

Естеріңізде болса, биылғы ақ­панда АҚШ пен «Талибан» қоз­ғалысы өзара мәмілеге келіп, бірқатар міндеттер алған-тұғын. Соған сәйкес, Ауғанстан үкі­меті 5 мыңға жуық «Талибан» ұйы­мының мүшесін, ал қарулы топ тарапы 1000 адамды босатуы тиіс болатын.

Сонымен қатар келісімде АҚШ-тың және халықаралық қарулы күштердің Ауғанстан аумағынан шығарылатыны айтылған-ды. Мұның өтемі ретінде «Талибан» өңірдегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл құжат 18 жылға созылған соғыстың аяқталуға таяп қалғанын байқатқандай көрінген. Әйтсе де, екіжақты келісімге қарама-қайшы келетін мәселелер әлі де өте көп екен.

Тұтқындарды алмасу тарап­тардың бір-біріне деген сенімін күшейтіп, келісімге адал екенін көрсетуге тиіс еді. Осылайша, «Талибан» ұйымының өкілдері мен Ауғанстан үкіметінің мүше­лері өткен аптада Кабулда кездес­кен болатын.

Осы орайда, Ауғанстан үкі­метінің де өз айтары бар. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Джавид Файсалдың сөзіне қарағанда, «Талибан» тарапы келісімді пайдаланып, буынсыз жерден пышақ ұрып отырған көрінеді.

Ал ел үкіметі тарапынан ке­ліс­­­сөздерге қатысып жүр­ген Матин Бектің айтуынша, «Талибан» ұйымы тұтқындағы 15 ко­ман­­дирін босатуды сұраған. Олар­дың бәрі қозғалыстың белді мүшесі саналады.

«Біз азаматтарымызды өлтір­ген­дерді босата алмаймыз. Олар­дың қайтадан майданға оралып, қанды қырғын салуына мүмкіндік бермейміз», деді М.Бек журналистермен өткен баспасөз жиынында. Оның келтірген деректеріне сай, Ауғанстан үкіметі 400-ге жуық «Талибан» мүшесін босатуға әзір. Биліктің пікірінше, олардан келетін қауіп аз. Сонымен қатар жасы 50-ден асқан, денсаулығы сыр берген 100 мүшесін де бостандыққа шығармақ. Бірақ «Талибан»  бұл ұсынысты қабылдамай отыр.

Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақстан Ауғанстандағы ахуал­ды жақсартып, өңірде тұрақ­тылық пен бейбітшілік орнатуға мүдделі. Екі ел арасындағы ын­тымақтастық жолға қойылған. Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді.

Сондай-ақ 2017-2018 жыл­­дары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мүше болып сай­ланған кезде де Қазақ­стан тара­пы Ауғанстан мәсе­лесін естен шы­ғарған жоқ. Мәсе­лен, Ауғанстан/Талибан коми­тетіне, ИЛИМ/Әл-Каида коми­тетіне және Сомали/Эритрея Санк­циялық комитетіне төраға­лық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шықты.

Қазақстан тарапы Орталық Азия және Ауғанстанды бейбіт­шілік, ынтымақтастық және қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта жұмыс істеп келеді.

Бөлісу:
«Талибан» келіссөзден бас тартты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар