3,7 миллионға жуық адамға төлем тағайындалды
<p style="text-align: justify;">Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 3 млн 692 мың адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалғанын хабарлады. </p>

Бүгінге дейін 42 500 теңге алуға 7 млн 990 мың адам өтініш берген. Атап айтқанда, Алматы облысынан – 1 млн, Түркістан облысынан – 990,7 мың, Алматы қаласынан – 892,8 мың, Нұр-Сұлтан қаласынан 590,8 мың адам өтініш берсе, Шымкент шаһарындағы 532,2 мың азамат төлем алуға ниет білдірген.
Ал өңірлер бойынша жәрдемақы ең көп тағайындалған облыстардың қатарында Алматы облысы (534,1 мың адам), Түркістан облысы (436,6 мың адам) және Алматы қаласы (364 мың адам) бар.
Деректерді тексеріп, өтініштерді қарауға 3 жұмыс күні кетеді. Сондықтан да министрлік өтініштерді қараудың ұзаққа созылмауы үшін азаматтардан өтінішті бір рет берулерін сұрайды.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.