Білім
6 мин оқу 790

Колледжді кәсіпкерге бергеннен көрген пайдамыз қайсы?

<p style="text-align: justify;">Осыдан 15-20 жыл бұрын оңтүстікте мектептерді асарлатып салу ісі кеңінен қолға алынды. Әрине халқы тығыз орналасқан өңірде білім ошақтары жетіспегендіктен, әкімдер ауылдарда асар ұйымдастырып, мектепті лай кірпіштен соғуға мәжбүр болды.</p>

Колледжді кәсіпкерге бергеннен көрген пайдамыз қайсы?

Кейін олардың көбісі техни­калық талаптарға сай болмай шығып, апаттық мектептер санатына жатып, билік тағы да біраз әуре-сарсаңға түскен. Одан әкімдер «Кімде-кім мектеп салып берсе, сол мектепке әкесінің атын береміз» дегенді шығарды. Бұл ұсынысты біраз бай-бағландар сәтті пайдаланып, өзі салған мектептерге атасының немесе әкесінің, әйтеуір әулетіндегі бір мықтының атын беріп, бір жырғап қалды. Шын мәнінде баласы меценат екен деп әкесіне бір мек­тепті меншіктеп бере салу қанша­лықты дұрыс-бұрыс болғанына еш­кім бас ауыртқан да жоқ. Бұл тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында, яғни қаржы тап­шылығы алқымнан алып тұрған кезде жасалған тірліктер еді.

Дегенмен де білім ошақ­тарына деген «тәжірибе» әлі күнге тоқтамапты. Мұны біз Түр­кістан индустриалды-құрылыс колледжі ұжымының «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясына жолдаған хатынан байқадық. Хатқа ұжымдағы 113 адам қол қо­йыпты. Даудың төркінін қысқаша баяндалық.

Биылдан бастап Түркістан об­лысындағы екі колледж кәсіп­кер­лерге сенімді басқаруға беріледі. Нақ­тырақ айтсақ, Түркістан ин­дус­­­триалды-құрылыс кол­леджі және Түр­кістан жоғары аграрлық коллед­жін осы өңірге белгілі кәсіпкер Болат­бек Әлиев­тің иелігіндегі «Dala construc­tion.kz» серіктестігі басқа­руға алады. Әрине білім ошағын бас­қа­ру­дың бұл үлгісі оңтүс­тікте ғана қолға алынып жатқан жоқ, басқа өңір­­лерде де жүзеге асуда. Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту бас­қармасы (бұрынғы бі­лім бас­қармасы) басшыларының бұл жобаны іске асырудағы басты мақ­саты білім сапасы мен білім ошақ­тары­ның техникалық база­сын жақсарту болғаны анық. Бірақ онсыз да жұмысы, мате­риал­дық базасы сорлап тұрмаған республикаға белгілі оқу орындарын жекеменшікке берудің не қажеті бар еді? Шын мәнінде кәсіп­керлер дайын асқа тік қасық бол­ғанша, жағдайы нашар оқу орындарын сүйреп, қатарға қосып, соның әлеуетін көтеруі керек емес пе?

«Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін 2018 жылы «Жыл колледжі» номинациясын жеңіп алған. Білім ұясының студенттері талай мәрте республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған. 2019 жылы колледж «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 318 млн теңгенің грантын ұтып алған», дейді хатқа қол қоюшылар. Ал «Жас маман» жобасын іске асыру барысы Президенттің, Парламент Мәжілісі мен Үкіметтің қатаң бақылауында. Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринова қол қойған хатта Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкім­шілігі басшысының 2019 жылғы 14 қыркүйектегі № ЗТ-С-6276,1 тап­сыр­­масына сәйкес «Жас маман» жобасына қатысатын колледждердің кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға берілмейтіні тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Қысқасы, жақында Түркістан индус­триал­ды-құрылыс коллед­жі­нің ұстаз­да­ры жиналыс өткізіп, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшыларынан аталған білім ұясын «Dala construction.kz» серіктестігінен қайтарып алуды талап етіпті. Ұстаздар жаңа жылдан іске кіріскен жаңа басшылық жұмыстарын кадрлық тазалаудан бастағанын айтады. Директордың орынбасарлары, экономист, заңгер, бас есепші, бірқатар оқытушылар, қарауыл мен жүргізушіге дейін жұмыстан шығарылған. Директордың орнын иемденген Бауыржан Қожатай айналасына колледждің жұмысынан бейхабар азаматтарды «көмекші», «заңгер» деген лауазыммен жинауға көшіпті. Тіпті «Dala construction.kz» компаниясының басшылығы колледжге «смотрящий» тағайындапты. Болатбек Әлиевтің колледждегі «көзі мен құлағы» заң бойынша ешқандай құзырының жоғына қарамастан оқытушыларға тапсырмалар бере бастаған.

– Жуырда Назира Төлбасиева деген «көмекші» пайда болды. Кейіннен оның Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істейтіні, қазіргі уақытта бала күтіміне бай­­ла­нысты еңбек демалысында еке­ні белгілі болды. Төлбасиева кол­лед­ждің мөрлерін қолына алып, ұстаздардың жұмысын тексеруге кірісті. Тексеруден тексеру, тіпті кешкі сағат бестен кейін де шақы­рып, жиналыс өткізеді. Түскі ас ішуге де уақыт қалмай барады, – дейді ұстаздар.

Колледж ұстаздары өз наразы­лықтарын білдірген жиналыста облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанова колледж «Dala construction.kz» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға аукцион арқылы берілгенін, енді кәсіпкердің жұмысына кедергі жасауға болмайтынын айтады. Егер компания келісімшартта көзделген міндеттерін дұрыс орындамаса, онда оның ісі құзырлы органдарға беріледі. Сондай-ақ Р.Асанова «Жас маман» жобасына қатысушы оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беруге болмайды деген Президент Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы нормативтік-құқықтық құжат болып табылмайтынын алға тартқан. Сонда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Рахия Асанова Президент Әкімшілігінің Басшысы мен Білім және ғылым министрлігінің тапсырма­ла­рына пысқырмайтын болғаны ма? Әлде Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы Президент Әкімшілігі мен Білім және ғылым министрлігінен бөлек елде өмір сүріп жатыр ма?

Ал «Dala construction.kz» компа­ния­сының өкілі Берік Кенжебаевтың айтуына қарағанда, колледжде кейбір заттар қағазда бар, бірақ шын мәнінде жоқ көрінеді. Осыған байланысты аудиторлар тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ал жұмыстан қуылды дегендердің барлығы бұрынғы басшылықпен бірге кеткендер. Жаңа басшылық ешкімді қудаламаған, ешкімге қысым көрсетпеген. Қысқасы, екі жақ бір-бірін кінәлайды.

Айтпақшы бұл дау облыстық мәс­лих­ат­тың сессиясында да әңгіме болады. Облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Төлтебаев Адами әлеуетті да­мы­ту басқармасына облысты Асқар Мырзах­метов басқарған жылдары ел қазынасынан миллиардтап қаржы бөлдіртіп, базаларын жаңартып жабдықтаған өңірдегі алдыңғы қатарлы арнаулы орта білім беру орын­да­ры­ның жекеге өткенде неге түкке алғысыз болып қалғанын түсіндіруді талап етіпті. Өйткені сол А.Мырзахметовтің тұсында облыс әкімінің орынбасары болған, кәсіпкер Болатбек Әлиев Фейсбук парақшасында өзі басқаруға алған екі колледждің жағ­да­йы сын көтермейтінін жазған еді. Ол білім алушылардың 60 па­йызы сабаққа кел­мей­тінін, оларды оқыту сапасы нашарлап кет­ке­нін жариялаған болатын. Бұған Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев былай деп жауап қа­тып­ты.

– Болатбек Әлиев Түркістан индус­триа­лды-құрылыс колледжі мен Түркістан жо­ғары аграрлық колледжін басқаруға алған. Біздегі деректер бойынша ондағы білім алушылардың сабаққа қатысу көр­сет­кіші 90 пайызды құрайды. Ал Әлиевтің жазбасындағы мәселе мынау: колледждерде турникеттер орнатылған. Сол арқылы кіру карточкаларын студенттер сатып алу керек екен. Олардың 40 па­йызға жуығы оны алмаған. Тур­никеттердің кейбірі істемей тұрған. Оның үстіне үшінші курс сту­денттерінің бәрі өндірістік прак­тикада, 200-ден көп. 120-сы мемлекеттік бағдарламамен біліктілігін арттыруға барғандар. Олардың бәрі бірдей сабаққа бармайды. Ол кісі бұларды есепке алмай турникеттердің базасы бо­­­йынша мәліметке қарап, «балалар қайда?» деп байбалам салды. Одан соң колледж директорын, оқу ісі бойынша орынбасарын жұмыстан босатып жіберді. Сөйтіп өзінің квалификациясы сәйкес кел­мей­тін мамандарын алып келді. Олар өзінің жұмыстарында мық­ты болғанымен білім саласын түсінбейді. «Топорный методпен» айқайлап-шулап бәрін шығарып жіберсе, адам қалмайды. Бұл кол­ледж­дердегі оқитындардың 80 пайызы әлеуметтік жағдайы төмен, мек­тепті де қатырмаған балалар. Оларды жалынып-жалпайып, «мамандық аласың» деп әрең алдыртып оқытып жүр. Рас, 20 пайызы оқиды. Маман боламын, кәсіп ашамын деп жүргендер. Ал Әлиев «Менің шопырым 300 мың теңге, көмекшім 400 мың алады. 80 мыңға мұғалім қандай білім береді?» дейді. «Сондай сомманы беріңіз, оқытсын» десек, «Онда мен білім алушылардың жартысын шығарамын. Оқытушылардың да жартысын босатамын. Соның есе­бінен үнемдеп жалақысын кө­те­­ремін» деп отыр. Сөйтіп бюд­жет­ті үнемдеп дамытпақ. Солай конфликт болып, айқайлап, шулап жүріп келістік. Бәрін түсіндіріп айттық. Сосын білім саласын түсі­не­тін бір-екі маманды жұ­мыс­қа ша­қырды, – дейді басқарма басшысы Рақымбек Жолаев.

Иә, бүгінгінің кәсіпкері ал­ды­­­мен өз пайдасын ойлайды. Жасыратыны жоқ, Болатбек Әлиев бизнесте істің көзін тапқан, кере­мет жоба­ларымен жұртты там­сандырып жүрген жаңашыл кәсіпкер. Сондықтан басқа-басқа, бір жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып, қазір кәсіпкерліктің «көрігін» қыздырып жүрген Болатбек Әлиев бизнес тек пайда табу үшін жасалатынын жақсы білсе керек. Осыдан кейін компания колледжді пайдаланып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы күреп ақша табуды жос­парлап отыр ма деген де ойға қалатының анық. Қалай айтсақ та, түтіні түзу ұшып тұрған оқу орнын жекеменшікке беріп жіберудегі облыс басшыларының мақсаты не екенін түсіне алмадық.

P.S:. Төтенше жағдайға байланысты қашықтан білім беріп жатқан колледждің ұжымымен тағы да сөйлестік. «Елдегі жағдай қалыпқа түскеннен кейін бұл мәселеге жоғары жақтың да назарын аударамыз» дейді олар.

Бөлісу:
Колледжді кәсіпкерге бергеннен көрген пайдамыз қайсы? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар