Отардағы жабық институт
<p style="text-align: justify;">Шынын айту керек, жұртты үйіне қуып тығып, өзі емін-еркін ел аралап жүрген коронавирус екі өкпемізді қысып, тынысымыз тарыла бастаған кезде ғана біз инфекция, вирус­пен бұрыннан алысып келе жатқан ғылыми-зерттеу орталықтары туралы аз-маз біле бастадық. Міне, сондай жабық мекеменің бірі – «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМК.</p>

1958 жылы құрылған бұл институт Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан. Отар стансасын Алматы мен Шудың арасында көлік немесе пойызбен жүрген жолаушылар жақсы біледі. Қордай ауданының кең жазығының бір бұрышында жатқан бұл елді мекенде ірі әскери база бар. Міне, біз әңгіме еткелі отырған Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты осы қалың әскердің қақ ортасынан қоныс тепкен. Осы жерде «мұндай үлкен шаңырақ неге орталыққа, ірі қалаларға жақын орналаспаған?» деген сауал туатыны анық. Бұл бұрыннан бар тәртіп, мұндай орталықтар елді мекеннен жырақта орналасуы керек. Тіпті АҚШ-тың осыған ұқсас институттары арнайы аралда тұр.
Алысқа бармай-ақ еліміздегі жағдайды айтатын болсақ, Арал теңізінің ортасындағы Барсакелмес аралында дәл осындай ғылыми-зерттеу институтының орналасқаны белгілі. Қызметі құпия болғандықтан шығар, ел ішінде бұл орталықтар туралы адам айтса сенгісіз әңгімелер айтылатыны жасырын емес. Шынында бұл институттарда өте қауіпті штамдар коллекциясы бар. Қазір әлемді әлекке салған әйгілі індет осындай тас қабырғалардың ішінен тараған деген әңгіме айтылып жатыр.
Сондықтан аталған институттың халық көп орналасқан жерден алыс жатуының бір сыры осында болса керек. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты 1992 жылға дейін құпия мекемелердің тізімінде болды. Қарапайым жұрт бұл мекеме туралы әлі күнге жақсы біле бермейді. Қазір де бұл орталыққа бас сұғу оңай емес. Бесінші деңгейлі қорғаныс жүйесі бар. Яғни, институтқа жай ғана кіріп-шығу үшін бірнеше мекеменің рұқсат қағазы керек.

Енді бұл институт нақты немен айналысады? Несімен ерекшеленеді? Бұл еліміздегі адамның, жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік міндеттерді шешуге қабілетті жалғыз ұлттық ғылыми орталық. Тіпті бұрынғы КСРО-ның ірі вирусологиялық орталықтарының «мұрагері» болып табылатын Орталық Азиядағы жоғары деңгейлі жалғыз институт десе де болады. 60 жылдан астам тарихы бар бұл шаңырақта вирусология, микробиология, иммунология және биологиялық қауіпсіздік саласы бойынша үлкен жұмыс тәжірибесі жинақталған. Оның нәтижелері Қазақстаннан тыс жерлерге де белгілі.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарайтын бұл ғылыми-зерттеу институтының заманауи деңгейде зерттеулер жүргізуге және биопрепараттар өндіруге мүмкіндік беретін базасы бар. Институт халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста. Жануарлардың денсаулығын қорғау жөніндегі дүниежүзілік ұйым, ДДҰ, АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі (DTRA), Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ISTC), Азаматтық зерттеулердің америкалық агенттігі (CRDF) және Ресей, Аустрия, Германия және басқа елдердің жетекші вирусологиялық орталықтарымен ғылыми байланыс орнатқан.
Бұл ұжым құрылған алғашқы күннен бастап ветеринариялық вирусология және ауылшаруашылық фитопатология саласындағы күрделі мәселелерді шешумен айналысты. 1992 жылға дейін КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамындағы одақтық ғылыми-зерттеу кешенінің құрамдас бөлігі болды. 2000 жылдан бастап Үкімет қаулысымен институтқа Қазақстан Республикасындағы күзетілетін нысанның мәртебесі бекітілді. Қазіргі кезде институт құрылымына 12 ғылыми-зерттеу зертхана, қосалқы технологиялық, ғылыми-ақпараттық, инженерлік-техникалық және әкімшілік-шаруашылық бөлімдері кіреді. Яғни, бүгінгі таңда институтта 200-ден астам маман жұмыс істейді. Олардың ішінде 4 профессор, 3 академик, 3 қауымдастырылған профессор, 4 ғылым докторы, 1 философия докторы (PhD), 22 ғылым кандидаты, 19 PhD-докторанты, 34 ғылым магистрі және 60-тан астам жас маман бар.
Иә, дәл қазір коронавирусқа қатысты тиімділігі дәлелденген вакциналар жоқ. ДДҰ ақпаратына қарағанда, 4 сәуірге дейін COVID-19-ға қарсы шетелдік компаниялармен әзірлеген 62 кандидат-вакцина ұсынылған. Оның екеуі жақын арада клиникалық зерттеулердің I сатысынан өтеді. Олар – Moderna компаниясы мен АҚШ-тың Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтымен (NIAID) бірлесіп әзірлеген липидті нано-бөлшектерге оралған РНК болып табылатын мРНК-1273 вакцинасы. Екіншісі, CanSino Biological Inc және Beijing Institute of Biotechnology (Қытай) компанияларымен ұсынылған репликативті емес аденовирустық векторға негізделген вакцина. Әрине әр вакцинаның өзінің кемшіліктері мен артықшылықтары болады. Сондықтан әлем ғалымдарының алдында иммуногенділігі және протективтілігі тиімді, қауіпсіз вакцина әзірлеу міндеті тұр.
Институт ғалымдары Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «СОVID-19 пандемиялық коронавирусы: қоздырушының молекулалық-генетикалық ерекшеліктері, Қазақстан Республикасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы алдын алу құралдарын әзірлеу және сынау» тақырыбындағы ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында 4 түрлі вакциналық препаратты әзірлеу технологиясы бойынша тереңдетілген ғылыми-зерттеу жүргізуді қолға алып отыр. Қазіргі таңда вирус бөлініп алынған, генетикалық сараптаудан өткізілген. Вакцинаны әзірлеу келесі кезеңдерден тұрады: кандидат штамды алу, дайындау технологиясын әзірлеу, қауіпсіздігін сынау, клиникаға дейінгі және клиникалық сынау. Ғалымдар SARS-CoV-2 коронавирусының нақты штамдарында биологиялық қауіпсіздіктің үшінші деңгейіндегі зертханаларда жұмыс жүргізеді. Аталған бағдарламаның мақсаты – COVID-19 коронавирустық инфекцияға қарсы тиімді вакцина әзірлеу, оның қауіпсіздігі мен протективтілігін сынау.
Енді бұл институттың осы саладағы ғылыми-техникалық тәжірибесі қандай? Бұл мекеме бұған дейін препараттардың 67 атауын, оның ішінде 30 вакцина атауын, 16 тест-жүйесін және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізген. Институт жыл сайын әртүрлі вакциналардың 27 миллионнан астам дозасын жеткізеді. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ДДҰ-мен денсаулық сақтау саласы бойынша аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналар әзірлеу жөнінде шарт жасасқан. Институтта қауіпті және аса қауіпті инфекциялардың тек жергілікті штамдары ғана емес, сонымен қатар әлемнің көптеген елінен адамдар, жануарлар және құстар ауруларының қоздырғыштарының штамдары жинақталған ерекше микроағзалар коллекциясы бар. Институттың аса қауіпті инфекциялардың патогендерімен жұмыс істеуге рұқсаты және аса қауіпті инфекциялардың патогендерімен жұмыс істеуге арналған биологиялық қауіпсіздігі 2 және 3-деңгейлі зертханалары бар.
2006 жылдың сәуір айында осы институттың ғалымдары ДДҰ бақылауымен қысқа мерзімде Қазақстан жағдайына бейімделген алғашқы отандық «Қазақстан-15» құс тұмауына қарсы вакцинаны әзірлеп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша 7 млн доза вакцина жеткізді. Нәтижесінде, көптеген басқа мемлекеттерге қарағанда, Қазақстан құс санының 95%-ын сақтап қалды. 2009 жылы Kazfluvac, Refluvac адамға арналған отандық вакцина әзірледі. Қазақстан өз вакцинасын ДДҰ зертханасында клиникалық сынақтан Қытай, Ресей, АҚШ, Англия, Франция сияқты елдермен қатар өткізді. Ал 2019 жылы бруцеллезге қарсы күресу үшін жаңа векторлық вакцина әзірленді, бұл қауіпсіздігі және иммунобиологиялық қасиеттері бойынша осы ауруға қарсы қолда бар вакциналардан айтарлықтай жоғары болды.
Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья енді әлемдік нарықтағы бәсекелестікке лайықты өнімдер шығару мәселесін шешу мақсатында жоспарланған халықаралық GMP талаптарын қамтамасыз ететін биологиялық препараттарды өндіретін зауыт құрылысын қаржыландыру ісі уақтылы қолға алынса, ғалымдардың еңбегі саналатын әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселесі оң шешілсе ел экономикасына қосар үлесіміз мол болар еді дейді.
– Инфекциялық ауруға қарсы ең алдымен вакцина шығару керек, – дейді биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья. – Дүниеге келген сәбиге үшінші күні туберкулезге қарсы вакцина салады. Өйтпесе адамдар шетінен қырылады. Яғни, ең бастысы профилактика, аурудың алдын алу. Өршіп кеткен кезде ғана дәрі көмек береді. Қазір – интернет заманы. Өкінішке қарай, кейде әлеуметтік желілерде отандық ғалымдарды мазақ етушілер бар екенін байқаймын. «Қазақстандық ғалымдар жаңа вакцина жасағысы келеді, бірақ ақырында бешбармақ ғана жасайды» деп жазыпты біреулер. Меніңше мұндайды тек өз ұлтын, қазағын жек көретін адамдар ғана айтады.
Әрине вакцина жасау – бұл институттың күнделікті жұмысы. Қазір оба, тырысқақ, басқа да індеттерге қарсы вакцина бар. Коронавирусқа қарсы вакцина әлі табылмағандықтан бұл індетпен жұмыс істеу өте қауіпті. Шынын айту керек, институт ғалымдары күн сайын ажалмен бетпе-бет келеді. Өйткені сыры беймәлім індетті зерттейміз деп жүріп оны жұқтырып алу оп-оңай. Яғни, бұл ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина табамыз деп бастарын қауіпке тігіп отыр деген сөз. Елімізде карантин жарияланғанына бір айдан енді асты. Көктемнің жаймашуақ күнінде халық далаға емін-еркін шыға алмай, әрең шыдап отыр. Ал орталықтан алыста, өз алдына оқшау орналасқан осынау институттың қызметкерлері өмір бойы карантин режімінде жұмыс істеп келеді. Яғни, еңбегі ел көзіне көріне бермейтін бұл мамандық иелері нағыз алғысқа лайық жандар.