Ел ертеңінің тұғыры – «жасыл экономика»

Кеше Тәуелсіздік сарайында «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде халықаралық конференция болып өтті. Оны Қоршаған ортаны қорғау министрлігі БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен серіктестік аясында ұйымдастырды. Халықаралық конференция жұмысына Үкімет басшысы Серік Ахметов және елімізге жұмыс сапарымен келген Испания Корольдігінің Премьер-министрі Мариано Рахой қатысып, сөз сөйледі.

Кеше Тәуелсіздік сарайында «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде халықаралық конференция болып өтті. Оны Қоршаған ортаны қорғау министрлігі БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен серіктестік аясында ұйымдастырды. Халықаралық конференция жұмысына Үкімет басшысы Серік Ахметов және елімізге жұмыс сапарымен келген Испания Корольдігінің Премьер-министрі Мариано Рахой қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстанның «жасыл экономика» бастамасын жүзеге асыру, Орталық Азия аймағындағы экологиялық проблемаларды шешу халықаралық конференцияның күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Осы ретте ерекше атап өтетін бір жайт, Астананың «Жасыл көпір» бастамасында табиғат ресурстарын экологиялық жағынан тиімді пайдалану, экожүйеге инвестиция тарту, қоршаған ортаға көмір қышқыл газын шығаруды мейлінше азайту, климаттық өзгерістерге бейімделу, «жасыл» бизнес және «жасыл» технологияларды дамыту, тұрақты өмір салттарын және тіршілік сапасын арттыруға басымдық беру, «жасыл» құрылыс, ауыл шаруашылығы, электр энергиясы саласындағы жаңа технологиялар, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және басқа көкейкесті проблемаларға барынша басымдық беріледі. «Жасыл көпір» серіктестігі бағдарламасы шеңберінде өткен халықаралық конференцияда су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және тиімді энергетика саласын дамыту мәселелері жан-жақты сөз болды.
Аталмыш конференция жұмысына Еуропалық Одақ, Орталық Азия елдерінің және елімізге көршілес қоныстанған басқа да мемлекеттердің табиғат қорғау ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен жеке- меншік компаниялардың өкілдері, сонымен бірге таза экологиялық энергия және «жасыл» даму саласының халықаралық экспорттары қатысты. Алқалы жиынға қатысып, құттықтау сөз сөйлеген Премьер-Министр Серік Ахметов «Біз бұл форум дәстүрге айналады деп сенеміз. Бұл бізге жыл сайын туындаған проблемаларды талқылауға және осынау маңызды мәселедегі серіктестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді», деп атап көрсетті.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан экономикасының мұнай, газ, тау-кен, металлургия салалары барынша тұрақты әрі белсенді даму үстінде. Ендеше, біз неге бұл бастаманы қолға алып отырмыз? «Біз индустриялық даму саласының екінші жағын да ерекше назарда ұстап келеміз. Бұл –экологиялық жүйенің бұзылуы, шикізат ресурстарының сарқылуы, энергетикалық және су инфрақұрылымдарын шұғыл жаңғырту. Осы ретте су ресурстарының тиімді пайдаланылып және реттеліп отырмағандығын атап көрсету керек. Біз бұл бағыттарда алғашқы қадамдарды жүзеге асырып келеміз. Осы бағытта іс жүзіне асырылған бір мәселе, Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы әзірленіп, ол Елбасының Жарлығымен бекітілді», деді Үкімет басшысы.
«Бұл құжаттың жоғары мәртебесі су ресурстарын тиімді пайдалануға, еліміздің энергетика саласын жаңғыртуға, өндіріс орындарында энергия үнемдеудің тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Біз қазір еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізуге бірінші кезекте басымдық беріп отырмыз. «Жасыл экономика» қазақстандықтарды шикізат көздерін барынша үнемдеуге, қоршаған ортаға ыждаһатты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді», деді Серік Ахметов.
Одан әрі Үкімет басшысы қазіргі уақытта Орталық Азия аумағының кез келген мемлекетінде орын алған проблемалардың өңірдегі барлық елдерге әсері болатындығын атап көрсетті. Сондықтан Орталық Азия өңірінде «жасыл» экономикаға бет бұру барлық елдер үшін ерекше тиімділік әкелетіндігі сөзсіз. «Жасыл көпір» бағдарламасының алдында энергиялық тиімділікті арттыру, энергияны үнемдеу, жаңғыртылған қуат көздерін игеру, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, экономикаға жаңа технологиялар енгізу мақсатындағы басым міндеттер тұр. Сондықтан Үкімет басшысы өңірдегі серіктестердің бәрін бірлесе қимыл жасап, жоғары нәтижелерге жетуге шақырды.
Халықаралық конференцияда Испания Корольдігінің Премьер-министрі Мариано Рахой сөз алып, Қазақстан мен Испанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы жемісті өрістеп келе жатқан әріптестік қарым-қатынастары туралы ерекше атап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттері арасында көшбасшы, қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Испанияда көптеген ірі компаниялар қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша озық технологияларды игеріп жатқаны белгілі. Сондықтан екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынаста осы мәселе алдыңғы орында тұр. Біздің компаниялар озық технологияларды алдымен өз елімізге енгізіп, содан кейін әлемге тарата бастайды. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласында испаниялық компаниялар Еуропада алдыңғы қатарда тұр. Болашақта бұл компаниялар Қазақстан Республикасымен тиімді әріптестік байланыстар орнатады, деді Испания үкіметінің басшысы. Одан әрі Мариано Рахой екі елдің әріптестік қарым-қатынасына тоқтала келіп, соңғы 3 жылда Испанияның біздің елімізге экспорты едәуір өскенін атап өтті. Ал 2013 жылдың алғашқы жарты жылдығында бұл көрсеткіш 209 миллион еуродан асып, 2012 жылғы көрсеткіштен асып түскен.
Келесі кезекте сөз алған Ресей Федерациясының Экология және табиғат ресурстары министрі Сергей Донсков бүгінгі таңда Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі экологиялық жүйені сақтау саласында Ресейдің ерекше басымдық берілген бірінші әріптесі екендігін атап көрсетті. Екі ел арасында бұл бағытта кешенді шаралар жүзеге асырылуда, алдағы уақытта атқарылатын мәселелер ауқымы да үлкен. Ол өз сөзінде қазір соңғы он жыл көлемінде алғаш рет Бүкілресейлік экологтар съезі өткізілгелі отырғандығын жеткізді. Ол осы съездің жұмысына қазақстандық әріптестерін шақыратындығын атап көрсетті. «Желтоқсан айының 2-4 жұлдызы аралығында өтетін осы басқосуда бүгін Астана мінберінде айтылған келелі мәселелер лайықты жалғасын табады деп сенемін», деп түйіндеді ол өз сөзін.
Бұдан кейін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы және «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқан халықаралық конференцияда «Joschka Fischer and Company» компаниясының аға серіктесі, ФРГ-ның бұрынғы министрі және вице-канцлері Й.Фишер баяндама жасады. Одан әрі конференция панелдік сессиялар бойынша жалғасты. Бұл панелдік сессияға қатысушылар «жасыл» жаңғыртуға көшу мәселелерін, атап айтқанда, су және басқа табиғи ресурстарды орнықты басқару, балама энергия көздерін және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылап, соңғы жылдары климаттың күрт өзгеруіне қатысты жайларды тілге тиек етті. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың модераторлығымен өткен сессиялардың бірі еліміздің «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдамасына арналды. Онда «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі еліміздің экономикасын «жасыл» жаңғыртуға көшіру үрдісінде қосымша мүмкіндіктер туғызатындығы атап көрсетілді. Халықаралық конференция қорытындысында «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы аясында ынтымақтастық жөніндегі Хартияға қол қойылды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: конференциядан көрініс.