Болашаққа сеніммен көз тіккен ел

Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ сессиясы аясында 50-ден астам кездесу өткізді
Нью-Йорк қаласына сапарының соңында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ БА 68-ші сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі, сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, оның бірінші орынбасары Ян Элиассонмен, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ву Хонгбомен және гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Валери Амоспен кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Қазақстан Сыртқы істер министрі БҰҰ сессиясы аясында 50-ден астам кездесу өткізді
Нью-Йорк қаласына сапарының соңында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ БА 68-ші сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі, сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, оның бірінші орынбасары Ян Элиассонмен, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ву Хонгбомен және гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Валери Амоспен кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Ол БҰҰ жоғары лауазымды жетекшілерімен кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдету мәселелерін талқыға салды, атап айтқанда, Ұйымның осы өңірде орналасқан филиалдарының күш-жігерін біріктіретін БҰҰ-ның Алматы қаласында аймақтық штаб-пәтерін құру мәселесіне ерекше назар аударды.
Пан Ги Мун Қазақстан басшылығына ядролық таратпау және қарусыздану ісіне қосқан үлесі үшін алғысын жеткізе отырып, біздің еліміздің осы саладағы көшбасшылық рөлін атап өтті. Ол Алматы қаласында Иран ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөздердің екі раунды өткізілуіне жоғары баға берді. «Қазақстан бұл мәселенің шешілуіне өз үлесін қосуын жалғастыра береді деп сенемін», – деді ол.
Өзінің жалпы дебаттардағы сөз сөйлеуі барысында, Е.Ыдырысов Қазақстанның халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарын атап өтті, соның ішінде Сирияда химиялық қаруды қолдану, ядролық қарусыздану мен таратпау, Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламалары, Ауғанстанды экономикалық және әлеуметтік қайта оңалту мәселелеріне тоқталды.
Е.Ыдырысов Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету мәселесіне де ерекше тоқталды. Е.Ыдырысов атап өткендей, егер Қазақстан Кеңеске сайланса, біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде барлық мүшелерімен тең дәрежеде үлес қосатын боламыз, Қауіпсіздік Кеңесін жаңа сындар мен қауіптерге тиімді қарсы тұра алатын айтарлықтай өкілетті және транспарентті органға айналдыру мақсатында реформалау мен трансформациялауда күш-жігер жұмсаймыз.
Жалпы дебаттардан бөлек, ҚР СІМ басшысы Ядролық сынақтарға жалпыға ортақ тыйым салу туралы келісімді күшіне енгізуге ықпал жасау жөніндегі министрлік кездесуінде және Өркениет альянсы достарының топтары министрлік кездесуінде де сөз сөйлеп, тағы да Қазақстанның маңызды халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарын айтып өтуге мүмкіндік алды. Ислам Ынтымақтастық Ұйымы сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы кездесуінде Е.Ыдырысов өзінің шетелдік әріптестерін Қазақстанның ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі офисін Астанада құру туралы бастамасын қолдауға, оның жарғысына қол қойып, тиісті қарарын қабылдауға шақырды.
БҰҰ БА сессиясы алаңында қазақстандық дипломат өзінің шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулерін жалғастырды. Иран Сыртқы істер министрі Джавад Зарифпен кездесуі аясында Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді. Е.Ыдырысов Иран басшысының Жалпы дебаттардағы сөйлеген сөзін оң бағалап, өзінің әріптесіне осы қазан айында Женевада өтетін Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі кездесуде сәттілік тіледі.
Филиппин СІМ басшысы Альберт Розариомен кездесуі барысында Қазақстанның Филиппинмен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында Саяси кеңестер жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қоса, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Жоғарыда аталған кездесулерден бөлек, ҚР СІМ басшысы Египет, Иордания, Колумбия және Словакия елдеріндегі әріптестерімен жемісті келіссөздер өткізді. Кездесулер аясында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы, сонымен қатар, Қазақстанның кандидатурасына БҰҰ ҚК-не 2017-2018 жылдары тұрақты емес мүшелігіне қолдау көрсету мәселесі талқыға салынды.
ҚР СІМ басшысының 50-ден астам шет ел және халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесулерінің нәтижелері көрсеткендей, Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен қалыптасқан, болашаққа сеніммен қарайтын мемлекет ретінде қабылданады. Отанымыздың таратпау, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеру, экология-экономикалық және гуманитарлық-мәдени салалардағы халықаралық бастамаларымыз қолдау тауып, әлемдік қоғамдастықтың шынайы қызығушылығын тудыруда.