Жаңалықтар
8 мин оқу 360

Cенімді серіктестік нығая береді

Мұнай туралы әңгіме бола қалса, аймақты жұртымыздың аузына алдымен Атырау облысының ілігері анық. Бұл заңды да. Өйткені, Атыраудың, қала берді республикамыздың ырысын арттырып, байлығын еселей түсер «қара алтынның» басым бөлігі осы өңірдің еншісінде. Жыл өткен сайын аймақтың ажары ашылып, халқының әл-ауқаты артып, инфрақұрылымы қарышты қадаммен алға басуда десек, бұл – Қазақстан мұнайының халық игілігіне жұмыс істеп жатқандығының нақты дәлелі. Біздің бүгінгі әңгімеміз ұлттық индустриямыздың маңызды саласы – мұнай өнеркәсібін дамытушылардың алдыңғы қатарынан өз орнын тапқан «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Тим Миллермен өрбімек.

Мұнай туралы әңгіме бола қалса, аймақты жұртымыздың аузына алдымен Атырау облысының ілігері анық. Бұл заңды да. Өйткені, Атыраудың, қала берді республикамыздың ырысын арттырып, байлығын еселей түсер «қара алтынның» басым бөлігі осы өңірдің еншісінде. Жыл өткен сайын аймақтың ажары ашылып, халқының әл-ауқаты артып, инфрақұрылымы қарышты қадаммен алға басуда десек, бұл – Қазақстан мұнайының халық игілігіне жұмыс істеп жатқандығының нақты дәлелі. Біздің бүгінгі әңгімеміз ұлттық индустриямыздың маңызды саласы – мұнай өнеркәсібін дамытушылардың алдыңғы қатарынан өз орнын тапқан «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Тим Миллермен өрбімек.

– Миллер мырза, бүгін Алматы қаласында Қазақ­стан­дағы және Орталық Азия елдеріндегі аса ірі KIOGE мұ­най-газ көрмесі өз жұмысын бастайды. Алда KAZENERGY-дің 8-ші Еуразиялық форумы. Осы ретте, өзінің 20 жылдығын үстіміздегі жылдың сәуір айында атап өткен «Теңізшевройлдың» да айтулы шараларға елеулі жетістікпен келгендігі белгілі. Ен­деше, әңгімемізді шетел инвесторын тартудың тиімділігін ал­ғашқылардың бірі болып дә­лелдеген кәсіпорынның бүгінгі тынысынан бастасақ.

– «Теңізшевройлдың» алғашқы 20 жылындағы жетістік, әлемдік деңгейдегі табыс – біздің болашақ дамуымыздың басты кілті. Біз тәуелсіз қазақ жерінде оңды ин­вестициялық ахуалды сезіне оты­рып, сенімді серіктестікке қол жеткіздік. Кәсіпорынның 20 жыл­дығы қарсаңында тәуліктік өндіріс 80 мың тонна мұнай және 22 млн. текше метр табиғи газ өндіруге жетті. Ал, 2013 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы есеп бойынша өндірілген мұнай көлемі 13 млн.тоннадан асты.

Күкірт сияқты өнімнің өзге түр­лерінен де ауқымды жетістікке қол жеткіздік. Күкірт сатудағы жетіс­тіктер арқасында күкірт карта­ла­рындағы көлем 80 пайызға азайды. Соңғы 10 жылда күкірт сату көлемін үздіксіз арттыра отырып, аймақтағы ірі күкірт сатушыға айналдық. Біз өз өнімімізді сатып алушылар шеңберін әлі де кеңейтеміз, бұл жерде Қазақстан кәсіпкерлігі мен экономикасына қолдау көрсету мақсатында жер­гілікті тұтынушыларға басым­дық беріледі.

– Осындай өндірістік жетіс­тіктердің басты себебі немен байланысты?

– ТШО әлемдік деңгейдегі жетіс­тік­терге өндірісті оңтайлан­дыруды басқару жүйесінің қа­таң қолданысы арқылы қол жет­кізуге талпынады. Бұл жүйе ден­саулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, сенімділік және тиімділік сияқты негізгі бес салаға бағытталған. Кәсіпорын өндірісіндегі қай сала болсын, алдымен қауіпсіздікті сақтауға негіз­делген. Бұл бағытта көшбасшы болу – кәсіпорынның стратегиялық мақсаттарының бірі де бірегейі. 2012 жылдың қыркүйегінен 2013 жылдың мамыр айына дейін біз жұмыс уақыты шығындалатын оқиғасыз 30 млн. сағат жұмыс атқар­дық. Ал, жалпы тіркелетін оқиғалардың коэффициенті бойынша біздің көрсеткіштеріміз әлемдік стандарттарға сай. Қауіпсіздік техникасы жөніндегі көрсеткіштерді жақсылыққа бұру үшін, біз әлі де қосымша ресурстарды жұмылдыра түспекпіз. Бұл қызметкерлеріміздің болған оқиғалардан сабақ алып, оларды келешекте қайталамауы үшін қажет. Оның үстіне, жұмыс орнында болуы мүмкін жарақат сияқты келеңсіз жағдай жөніндегі көрсеткішті нөлдік деңгейге жет­кізу – басты мақсат. Өйткені, біз үшін әрбір жұмысшының жұмыс­тан үйіне аман-сау оралуы өте маңызды.

– Теңіздей алып кеніштің өндірістік көрсеткішін тілге тиек еткенде, оның қоршаған ортаға ықпалын айналып өт­пейтіндігіміз белгілі. Олай болса, «Теңізшевройл» өзі орналасқан аймақта осы ба­ғытта қандай шараларды жүзеге асыруда?

– ТШО-ның қоршаған ор­таны қорғау бойынша рекорд­тық көрсеткіштері біздің мақта­нышымыз болып табылады. 2000 жылдан бері біз экологиялық жобаларға 2.6 млрд. АҚШ долларын жұмсадық. Осы жобаларды жүзеге асыруда өндірістің қоршаған ортаға ықпалын барынша азайту мақсатында заманауи технологиялар қолданылып келеді. Мәселен, түрлі жобалар арқасында өндірілетін мұнай тоннасына шақ­қандағы ауаға жіберілетін шы­ғарындылар көлемі 70 пайызға азайды. Бұл жерде газды алауда жағу көрсеткіштерін қысқарту бағы­тындағы жетістіктерімізді атап өту керек. Тек соңғы 13 жыл­­­­да жағылатын газ көлемі 96 па­йызға қысқарды. Газды кәдеге жарату жобасын табысты аяқтау нә­тижесінде қалыпты газ жағу тоқ­татылып, өндірістік үрдіс ке­зінде газдың 99 пайызы кәдеге жарады. Шығарындылар көлемін осыншалық тарихи деңгейде азайту мұнай өндірісінің 131 пайыз артуымен қатар келді.

Айта кету керек, біз әлі де елеу­­сіз мөлшерде газ жағуға мәж­бүрміз. Уақытша жағу мөлшері зауыттың технологиялық пара­метрлеріне және Қазақстан Рес­публикасының өнеркәсіп қауіп­сіздігі саласындағы құзыретті органдары бекіткен өндірістік талап­тарға сай және ол адамдар денсаулығы мен жабдықтарды қорғау үшін технологиялық қауіп­сіздік мақсатында жүзеге асырылады. Теңіз сияқты кешендерде газ жағу қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын әлемдік әдіс болып табылады. Бұл ретте, біз 2000 жылдан бері ке­шенді технологиялық желі зауытында газ жағуды 89 пайызға, ал шикі және қышқыл газ жағу көлемін 77 пайызға азайттық. Бұл кәсіпорынның қоршаған орта­ны қорғауға бағытталған инвес­тициялық бағдарламасының бір бөлігі болатын. Өткен жылдың қазан айында осы жетістік Лон­донда өткен газды алауда жағуды қысқартуға арналған 10-шы жаһандық форумда атап өтілді. Әлемдік банктің газды алауда жағуды қысқарту жөніндегі жаһандық серіктестігі (ГАЖҚЖС) ТШО-ны әлемдік көшбасшы деп таныды. Кәсіпорын мұндай жетістікке газды кәдеге жарату (ГКЖ) жобасын сәтті жүзеге асыру нәтижесінде жетті. Серіктестеріміз бен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауы нәтижесінде ТШО газды кәдеге жарату жобасын кестеге сай, уақытында сәтті аяқтай отырып, екінші буын зауыты мен шикі газды айдау нысанын іске қосу арқылы өндіріс көлемін айтарлықтай арттырды. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі.

– Небір жетістікке өзара түсіністікке негізделген се­нім­­ді серіктестік арқылы қол жете­тіні сөзсіз. Олай болса, осы­нау ауқымды жұмыстар қазақ­стан­дық қамтушылар мен қызмет көрсетушілердің қаты­сынсыз жүзеге аспаған болар?

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің тағы бір ортақ мақсаты бар, ол – қазақстандық компаниялар ұсынатын тауарлар мен қызметтерді пайдалануды ұл­ғайту. 2012 жылы біз бұл ба­ғытта рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсаған қаржымыз 1.8 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал, 1993 жылдан бері TШO қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 14.1 млрд.-тан астам АҚШ долларын жұмсады. ТШО жергілікті жабдықтаушылар мен қызмет көрсетушілер нарығын әлемдік жоғары стандарттарға сай көтеруді кәсіпорынның тұрақты даму стратегиясының маңызды буыны деп біледі.

– ТШО қазақстандық өнім шығарушыларға өндірістік мүм­кіндіктер тудыру бағытында қан­дай шараларды жүзеге асыруда?

– Біз, өз кезегімізде, қазақ­стандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау мақсатында тиісті бағдарламаларды жүзеге асырудамыз. Мәселен, ТШО-ның қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі стратегиясы төрт бағыттан тұрады: қазақ­стандық кәсіпорындарды іске тарту мүмкіндіктері, қажетті мате­риалдық базаны және тауарлар мен қызметтер көлемін дамыту, халықаралық стандарттарға сай бизнес жүргізу үшін керекті білім және тәжірибе беру, сонымен қатар жергілікті кадрлардың әлеуетін барынша пайдалану.

Осы бағыттар ТШО-да қолда­нылып жүрген тиісті бастамалармен, бағдарламалармен жә­не үрдістермен бекітілген. Атап айтсам, қазақстандық кәсіп­орындардың өндірістік әлеуетін арттыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы қабылданған. Сондай-ақ, кәсіп­орын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Қазақстан машина жасау­шылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірге қазақстандық компаниялардың өндірістік мүм­кіндіктерін одан әрі кеңейту жұм­ыстарын жүргізуде. ТШО басқа да ірі мұнай компанияларымен және мемлекеттік құрылымдармен бірге жабдықтаушыларға арналған жылдық форумдар мен семинар­лар өткізіп келеді. Сол жерде қазақстандық қамтудың даму барысы ғана сөз болмайды, халық­аралық деңгейде іс жүргізу стандарттарын, процедуралары мен практикаларын игеру бойынша белсенді көмек көрсетіледі.

– Сенімді серіктестікке не­гіз­делген 20 жыл өңірдің, қала берді республикамыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуында айтарлықтай із қалдырды. Кәсіпорынның осы бағыттағы үлесін тарқатып айтсаңыз.

– ТШО-ның ел экономикасын дамытуға қосып жатқан үлесі қомақты-ақ. Күні бүгін Қазақстан Республикасына жалпы төленген қаржы 81 млрд.-тан астам АҚШ долларын құрап отыр. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 6.9 млрд. АҚШ доллары деңгейінде болды. Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды жү­зеге асыруға жұмсалған 830 млн. АҚШ долларынан асатын қара­жат кәсіпорынның әлеуметтік міндеттемелерге адалдығын көр­сетеді. Білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлікті дамыту салаларына басты назар аудара отырып, ТШО 2013 жылы жалпы сомасы миллионды еңсеретін қомақты қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.

Біз бюджеті 25 млн. АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағ­дарламасы шеңберінде ай­мақтың инфрақұрылымын дамытуды, соның ішінде Құлсары қаласын сумен қамтамасыз ету жобасын, Атырау қаласында балабақша мен мектеп жобаларын аяқтауды жос­парлап отырмыз. Гипертонияны емдеуден бастап, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету, сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жобалары ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы есебінен жүзеге асырылатын болады. ТШО ағымдағы жылы осы бағдарламаға 1,3 млн. АҚШ долларын жұмсамақшы.

Бұдан бірнеше ай бұрын, Ал­матыда Қазақстандағы тұңғыш Теңіз академиясы ашылды. Атал­ған жобаны жүзеге асыруға 4 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды. Біздің көмегімізбен Теңіз академиясына теңіз техно­логиялары бойынша әлемдік стандартқа сай оқыту жүйесін дайындау үшін шетелдік мамандар іске тартылды. Сондай-ақ, кәсіпорын Қазақстанның Халық­аралық теңіз ұйымының «ақ тізі­міне» енуі үшін Көлік және коммуникация министрлігімен жұмыс жүргізуде. Бұл ел кемелерінің ха­лықаралық теңізде жүзуіне мүмкіндік береді. Бұл тізімді әлі де жалғастыра түсуге болады. Ең бастысы, біз барға қа­нағат тұтпай, алда да осындай жобаларды өз қызметін жүргізіп жат­қан аймақ жұртшылығының игілігі үшін жалғастыратын боламыз.

– Ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстың білікті кадр­сыз жүзеге асуы мүмкін емес. Кәсіп­орында кадр саясаты қалай жүзеге асуда?

– Қызметкерлеріміз – біздің ең басты байлығымыз. Кадрларды оқыту және кәсіби шыңдауға ар­налған тұрақты бағдарламалар қызметкерлеріміздің жауап­­кер­шілігі анағұрлым жоғары лауа­зымдарға тағайындалуына ық­пал етеді.Соңғы алты жылда қазақстандық 87 қызметкер ор­та және жоғары буын бас­шылық қызметтерге және басты техникалық лауазымдарға таға­йындалып, шетелдік әріптестерін алмастырды. Қазіргі уақытта біз жоғары басшылық лауазымдарға тағайындау үшін әлеуеті жоғары ізбасарларды анықтауға көп көңіл бөліп отырмыз. Аталған бастама шеңберінде техникалық және басшылық лауазымдағы қыз­меткерлердің 10 пайызын шет­елдік жобаларға уақытша тәжірибеден өтуге жіберу жоспарлануда.

– Әңгімеңізге рахмет! ТШО-ға алдағы жиырма жылда да тек табыс биігінен көрінуді тілейміз.

Әңгімелескен,

Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

АТЫРАУ.

Бөлісу:
Cенімді серіктестік нығая береді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар