Коронавирус
3 мин оқу 650

COVID-19: Сегіз мыңнан асса да әлі сенбейтіндер бар

<p style="text-align: justify;">Елімізде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың саны 8531-ге жетті (соңғы мәлімет бойынша 8969 - Ред.). Тіпті 23 мамыр күні бір тәулікте осынау індетті жұқтырған 403 адам анықталып, рекордтық жағдай тіркелді. Ал бұл кезде біздің қоғам әлі &laquo;Коронавирус бар ма, жоқ па?&raquo; деген мәселені талқылап, әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі әңгімелердің өрбуіне себеп болуда. Яғни халық әлі күнге осынау қауіпті індетке сенімсіздікпен қарап, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен тәртіп пен тазалықты ұмытып кетіп жатыр.</p>

COVID-19: Сегіз мыңнан асса да әлі сенбейтіндер бар

Жасыратыны жоқ, Төтенше жағ­дай­дың аяқталып, карантин тала­бы­ның жеңілдеуі кейбір өңір­­де коро­на­вирустың күрт өршіп кетуіне алып кел­гендей. 24 мамыр күні қауіпті індет­ті жұқтырған тағы 209 науқас тір­келді. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласында – 37, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әрқайсысында – 33, Нұр-Сұлтан қаласында – 32, Батыс Қазақ­стан облысында – 28, Атырауда – 12, сонымен инфекция бас-аяғы 12 облыс пен екі қаланың тұрғындарынан анықталды. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы карантин мерзімін 15 маусымға дейін, Атырау облысы мен Шымкент қаласы 8 маусымға дейін, Шығыс Қазақстан облысы 1 маусымға дейін созуға мәжбүр болды. Жамбыл облы­сын­да індеттің өсу қарқыны 12,7 па­йызға жеткендіктен бұл аймақта да ка­рантин талаптары қайтадан қатаң­да­тылмақ.

О баста бұл індет жасы үлкен жандар үшін өте қауіпті екені айтылған бо­латын. Сөйтіп кейбір мекемелер жасы 65-тен асқан кісілерді үйде оты­рып жұмыс істеуге жіберді. Бірақ жақында Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова вирус жұқтыр­ған­дар­­дың 76 пайызы 18 жастан 49 жас аралығындағылар екенін айтты. 16%-ы 50-69 жас шамасындағы кісілер болса, 70 жас­тан асқан қарттар – 2%, ал балалар 6%-ды құрап отыр.

Бұдан Денсаулық сақтау минис­трлі­гінің өкілдері өтірік айт­қан ба деп қалатының анық. Жоқ. COVID-19 инфек­ция­сының қарт кісі­лер үшін өте қауіпті екеніне күмән жоқ. Бұл біз­дің елде 18 жастан 49 жас аралы­ғын­дағылардың тәртіп пен тазалықты көбірек бұза­тынын, содан бұл індеттің құрығына осы жас­та­ғы­лар­дың көбірек ілінетінін аңғартса керек. Мысалы, Қарағанды облысында аурудың 1 жағдайы 18 ошақтың пайда болуына себеп болды. Түркістан облы­сында да 1 пациент 8 ауру ошағын пайда қылып, 20 адамға жұқтырған. Нұр-Сұлтан қаласында бір отба­сын­дағы 5 бірдей адам түгел сырқаттанды. Яғни ауыз­ашар­ға барған пациент ма­ңын­­дағыларға инфекция та­рат­қан. Бір адамның сал­ғырт­тығы бүтіндей бір отба­сы­­ның, бір әулеттің осынау індет­ке шал­дығуына себеп болуда. Сон­дықтан әр адам тәр­тіпті өзі ғана сақ­тамай, жанын­да­ғы­лар­дан да талап етуі тиіс.

Тағы бір айтары, індетті жұқ­тыр­ған­дардың 62 пайызында аурудың белгілері байқалмайды. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов: «Вирус жұқ­тырғандардың санының өсуі ха­лық арасында профилактикалық тестт­ің көбейгенімен байланысты. Тест нәти­же­сінде анықталған науқастардың 80-85 пайызы ауырмаған, симптомы жоқ» дейді. Яғни ел тұрғындары «жөтел, дене қызуым жоқ, бо­йымда коро­навирустың еш­қандай белгілері бай­­қал­май­ды» деп арқаны кеңге сал­уы­на болмайды. Кез кел­ген адам инфекцияны таратып жүргенін өзі де біл­меуі мүмкін.

Бұл індетке бейжай қарау­дың сал­дары ғой, блок-бекеттерде тәртіп бұзу әлі күнге тыйылмай келеді. 25 ма­мырда таңғы сағат 05.26-да BMW мар­калы көлігін жүргізуші Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданы Қожабеков көшесімен сол­түс­­тік бағытта келе жатып, Жаңа Ғасыр кө­шесінің қиы­лы­с­ында №4 блок­-бе­кетке ба­рып соғылып, инерция­мен патрульдік көлікті барып ұрған. Кө­лік­тегі екі полиция қызметкері қайтыс болды. Арақ ішіп, машина айдаған жүр­гізуші қамауға алынып, сотқа де­йін­гі тергеу басталды.

Полицейлердің біреуі – 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев алған жарақатынан жедел жәрдем жеткенге дейін қайтыс болды. Ол – Батыс Қа­зақ­стан облысының тумасы, ішкі істер органдарын­да 2001 жылдан бас­тап еңбек еткен. Үй­ленген, артында екі перзенті қалды. Ал 1994 жылы ту­ған по­ли­ция сержанты Дастан Әбдіқанов ауру­ханада қайтыс болды. Үйленген, со­ңында туғанына бір ай болған қызы қал­ды.

Соң­ғы мәліметтерге қара­­ған­­да бұл індеттен жазыл­ған­дар­дың саны 4532-ге жетті.

Бөлісу:
COVID-19: Сегіз мыңнан асса да әлі сенбейтіндер бар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар