Оқушылардың шығармашылығы «Ясная Полянаға» жол тартты
Елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Л.Н.Толстой және Қазақстан» атты байқауға қатысқан мектеп оқушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш байқау орыстың классик жазушысының еліміздің топырағын басқанына 150 жыл толуына орай өткізілді.
Елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Л.Н.Толстой және Қазақстан» атты байқауға қатысқан мектеп оқушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш байқау орыстың классик жазушысының еліміздің топырағын басқанына 150 жыл толуына орай өткізілді.
Толстой 1862 жылы Оралға келіп, казак әскерінің атаманы Аркадий Столыпиннің қонағы болған. Жазушы осы кезде қазақ ақындарының поэзиясымен танысып, өзінің болашақта жазылатын шығармаларына материал жинаған екен. Арада 150 жыл өткен соң, яғни, былтыр «Ясная Поляна» мұражайының және «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибе орталығының ұйымдастыруымен екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту әрі шығармашылықты мұрат еткен оқушылардың ынтасын арттыру бағытында республика көлемінде байқау ұйымдастырылған еді.
«Байқау жазбаша және көркем шығармашылық бағытында өтті. Байқау жарияланған уақыттан бастап жарты жыл ішінде оқушылардан 1300-ден астам шығармалар мен суреттер келіп түсті. Бұл біздің күткенімізден бірнеше есе асып кетті» – деді «Ясная Поляна» мұражайының бөлім жетекшісі, елімізде ұйымдастырылған осы жобаның авторы Геннадий Опарин.
Сол 1300-дің ішінен 20 туынды ең үздік деп танылды. Оған қоса ерекше шығармашылық тәсілмен ойластырылған 22 туынды ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Оқушыларды марапаттау үшін Ресейден келген қонақтардың арасында Толстойдың тікелей ұрпағы, «Ясная Поляна» мұражайының директоры Екатерина Толстая да болды.
«Ясная Поляна» мұражайының бас суретшiсi Александр Карташов оқушылардың үздiк суреттерiнің Л.Н. Толстойдың мұражайына қойылатынын мәлімдеді. «Л.Н. Толстой және Қазақстан» байқауы аясында ұсынылған балалардың жұмыстары шара барысында Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығына қойылды. Олардың iшiнде ең үздiктерi «Ясная Полянаға» жеткiзiлiп, бiздiң жаңа көрменiң негiзгi экспозициясына айналады», – деп атап көрсеттi ол.
«Егемен-ақпарат».