Жаңалықтар
3 мин оқу 362

Естелік ақшамен өлшенбейді

«Олимпионик» әлеуметтік қоры аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі­не арнайы естелік орындықтар орнату үшін қаржы жинау жөнінде хабарлады. Жоба құны шамамен 40 миллион теңгені құрап отыр. Ал бұған бірінші болып қайы­рымдылық қолын созған Qazaq Banki АҚ арнайы есеп шотқа алғашқы жарнасын аударып та үлгерді.

«Олимпионик» әлеуметтік қоры аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі­не арнайы естелік орындықтар орнату үшін қаржы жинау жөнінде хабарлады. Жоба құны шамамен 40 миллион теңгені құрап отыр. Ал бұған бірінші болып қайы­рымдылық қолын созған Qazaq Banki АҚ арнайы есеп шотқа алғашқы жарнасын аударып та үлгерді.

Банктің басқарушы директоры Ерлан Келімбетов естелік орын­дықтарды орнату жобасына аталмыш банктің бас болып қолдау білді­руі – бұл шараны қоғам үшін аса маңыз­ды деп бағалауымызда дейді.

– Сөз жоқ, халық елі үшін еңбек еткен ерлерін, батыр ұлдарын еш­қа­шан ұмытпауы тиіс. Халық өзіне берілген тарихын сақтап, қастерлеуі қажет. Біз соғыс ардагерлерін, саяси және қоғам қайраткерлерін, ғалымдар мен атақты әртістеріміз­ді, спортшыларымызды ұмытпай­мыз, – дейді Е.Келімбетов.

Біздің заманымызда елге еңбек сіңіріп, елеулі қызмет етіп жүр­гендер аз емес, ал олардың еш­қай­сы­сы ескерусіз қалуға тиіс емес. Солардың бірі – «Дос-Мұқасан» шығар­машылық тобы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында заманауи музыка кеңіс­тігінде бүкіл КСРО-ға танымал болды. Қазақ политехникалық институтының студент­терінен құрылған ансамбль өнер өлкесіне кең құшақ жайып, талай жас-кәрінің жүрегін жаулап, ән әлеміне шарықтады.

«Дос-Мұқасанға» жиналғандар тек қазақ әніне құштарлар ғана емес, оның насихатшылары да болатын. Олар «Битлз», «Роуллинг Стоунз» сынды жаһан жұрты мойындаған музыка саңлақтарына еліктеді.

– Өз заманының тарландары «Дос-Мұқасан» тобы ерте ме, кеш пе сахнадан қол үзері анық, олардың орнын жаңа тол­қын алмастырады, – деп жалғады сөзін Е.Келімбетов.

– Әрине, сол кездерде «Дос-Мұқа­санның» әндері радио мен теледидардан үзілмей беріліп жатуы мүмкін емес. Сондықтан Көктө­беде атақты «Битлздің» естелік орындықтарының қасында «Дос-Мұқа­санның» да естелік орын­дық­та­ры тұрса жарасымды емес пе?! Бұл халықтың өнерге деген зор сүйіс­пеншілігі, қадір-құрметі болар еді.

«Дос-Мұқасанға» естелік орын­дықтар қою идеясы осыдан екі жыл бұрын туындаған болатын. Оның авторы – «Олимпионик» әлеуметтік қорының вице-президенті Темірлан Төлегенов. Ал жоба нобайын жасайтын – танымал сәулетші Бақтыбек Мұхамеджанов.

– Біз, алматылықтар, қала қо­нақта­ры Көктөбеде тек «Битлзбен» ғана емес, «Дос-Мұқасанмен» де естелік суреттерге түсіп, қуанышқа бөленсе екен деп армандаймыз. Сондай-ақ, біздің идеямызды Qazaq Banki-нен басқа да Қазақстанда жұмыс жасап жатқан қаржылық топтар қолдайды деп үміттенеміз, – деді Темірлан Төлегенов.

– Әрине, біреудің шығарма­шы­лығын ғасырларға жалғау үшін естелік орындықтар орнату сияқты коммерциялық емес жоба тікелей табыс әкелмейді, бірақ оның қазақ өнері үшін қандай қазына екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Естеліктің құндылығы ақшамен өлшенбейтінін естен шығармаған абзал.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Бөлісу:
Естелік ақшамен өлшенбейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар