Жаңалықтар
4 мин оқу 670

Мектеп – ауылдың жүрегі

Үстіміздегі жылдың 22 тамыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Өмір Есқалидың «Шағын мектептер мәселесі өткір тұр» атты мақаласы шықты. Онда өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру аясында қазіргі заман талабына сай көптеген мәселелер шешімін күтіп тұрғаны жайлы өте орынды жазылған, Үкіметтің №1256 қаулысына сәйкес негізгі мектепте кемі 41, ал орта мектепте 80 оқушы болу керек деген шектеуді алып тастап, бұл құжатқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылған. Шағын мектептердің жабылуы ауылда өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп отырған әр ата-ананы алаңдатары анық.

Үстіміздегі жылдың 22 тамыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Өмір Есқалидың «Шағын мектептер мәселесі өткір тұр» атты мақаласы шықты. Онда өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру аясында қазіргі заман талабына сай көптеген мәселелер шешімін күтіп тұрғаны жайлы өте орынды жазылған, Үкіметтің №1256 қаулысына сәйкес негізгі мектепте кемі 41, ал орта мектепте 80 оқушы болу керек деген шектеуді алып тастап, бұл құжатқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылған. Шағын мектептердің жабылуы ауылда өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп отырған әр ата-ананы алаңдатары анық. Бұл мәселенің мәні тереңде жатыр.

Одақ тарап, халықтың тұрмысы төмендеп, экономикамыз құлдырауға ұшыраған заманда ауыл тұрғындары жұмыс іздеп жаппай қалаға көшті, кейбір шаруашылықтар жабылып та қалды. Егемендік алғаннан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев ауыл шаруашылығының экономикасын жандандырып дамытуға қатты көңіл бөліп, арнайы бағдарлама қабылданды. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында Үкіметтен қомақты қаражат бөлінді. Шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасалды. Осындай игілікті шаралардың арқасында ауыл азаматтары еңсесін көтеріп, жеке шаруашылық құрып, егін егіп, мал өсіре бастады. Мектептің, фельдшерлік пункттің, мәдениет ошақтарының, поштаның, телефон байланысы қызметтері тұрақты түрде іске қосылды. Зейнеткерлер зейнетақысын, қызметкерлер жалақысын уақтылы ала бастады. Осының арқасында қалаға көшіп-қону үдерісі бәсеңдеп, тұрғылықты халық ата-бабасы мекендеп, туып-өскен құтты қонысына қайта оралды. Үкіметтің «Дипломмен – ауылға!» бастамасына қолдау көрсетіп, оқу бітірген ауыл жастары туған жерлеріне келіп, қызмет етуде. Шаңырақ көтерген жас отаудың қатары көбейе түсуде. Бала саны да өсті. Бүгінде ауылдарда балабақша салу сұранысы туындап отыр. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.

Осы тұста тілші Өмір Есқалидың «Шағын мектептер мәселесі өткір тұр» атты мақаласындағы өзекті проблемаға қайта оралайық. Егер Үкіметтің №1256 қаулысына сәйкес бастауыш мектептің балалары 20 оқушыға, негізгі мектептің балалары 41 оқушыға, ал орта мектептің балалары 80 оқушыға толмаса талай мектептің дәрежесі төмендеп, бас­тауыш мектептердің жабылып қалуы айдан анық. Ал осы жағдайдың бәрі алтын бесігіміздің болашағына балта шау­ып, айрандай ұйып, еңбек етіп отырған қазақ ауылдарының ыдырап кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Шағын ауылдың мектептері жабыла берсе қазақ ауылдары расымен де ыдырап кетеді. Шаруа қожалықтары иелік етіп отырған көптеген егістік, жайлымдық, шабындық жерлер игерілмей, жер, су иесіз қалады. Бұл үдеріске міндетті түрде тосқауыл қою керек.

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан ауыл жастарын қызықтырып, оларды қалаға шоғырландырып, үй беріп, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар да жүргізіліп жатқанынан хабардармыз. Бірақ, сол қалаға барған қазақтың ұл-қыздары базарда арба сүйреп, ала дорбасын арқалап табандарын тоздырып жүр. Қазақтың кең даласында таза ауаны жұтып, құлын-тайдай ойнақтап еркін өскен ауылдың жас­тарын қаланың қымбат үйлеріне қызықтырғанша, Үкімет сол қыруар ақшаны ауылдың өркендеуіне неге бөлмейді? Егер ақылман ақсақалдарымыз, білекті азаматтарымыз, білімді жастарымыз балаларының соңынан еріп елін тастап қалаға кетсе, Мемлекет басшысының ауылды көркейту, гүлдендіру, мал шаруашылығын өркендету, малды асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, шетелге 60 мың тонна ет тапсыру, жұмыссыздықты азайтып, жеке шаруа қожалықтардың қатарын көбейту жөніндегі алға қойған мақсаттары қалай жүзеге аспақ?

Статистикаға жүгінсек, ауылдағы жұмыссыздар саны көбеймесе, азаяр емес. Шындығы керек, Үкімет тарапынан әлеуметтік көмек, атаулы көмек беріп халықты жалқаулыққа үйреттік. Бүгінде тепсе темір үзер жігіттер жантайып жатып тамақ ішіп, той-тойлап арақ ішуден қол­дары босамай жүр. Еңбек еткісі ке­ле­тін адамға ауылда жұмыс жете­ді. Ауыл шаруашылығының кадр­­лары жоқтың қасы. Механи­за­тор, жүргізуші, мал дәрігері, құры­лыс­шылар жетіспейді. Өкінішке қарай, көп адам ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Жас­тарымыз семіз қойды жегісі кел­генімен, қой баққысы келмейді.

Бұрынғы кезде үлгерімі төмен оқушыларды орта кәсіптік білім берет­ін оқу орындарына жіберіп, ауыл шаруашылығына, мал шаруа­шы­лығына кадрлар даярлайтын. Қазір­гі ауылдың жастары өзінің білім дәрежесіне қарамай бірден жоғары оқу орындарына ұмтылады. Ақысын төлеп оқып та шығады. Бірақ адамның табиғи жаратылысы болмаса, бойында Алланың берген қасиеті болмаса оның өз мамандығының иесі болып шығуы екі талай. Мұндай жағдайлар өмірде жиі кездеседі. Университет, институт бітірген ұл-қыздарымыздың бәрі бірдей академик, ғалым, доктор болуы мүмкін емес. Ал қаланың баласы ауылға тұрақтамайтыны айдан анық. Ауылдың қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен қазақтың баласы ғана туған жерінің қадірін түсіне біледі.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, барлық тәрбие бесіктен басталады. Отанды сүю, туған жерді қадір тұту, ер баланы болашақта шаңырақ иесі, елдің азаматы деп, қыз баланы болашақ ана, отбасының берекесі деп санасына сіңіріп тәрбиелеу керек. Сол сияқты, білімнің негізі бастауыш мектепте қаланады. Сол бастауыш мектептерге жағдай жасаудың орнына Үкімет пен Білім және ғылым министрлігі тиісті мекемелердің жұмысын оқушылардың білім сапасына емес санына қарай бағалап, бастауыш мектептерді жауып, орта мектептерді негізгі мектепке, ал негізгі мектептерді бастауыш мектепке айналдыруда. Меніңше, осы арада ақылға салатын мәселелер аз емес сияқты.

Кәкімжан КАРБОЗОВ,

Жангелдин ауданының

құрметті азаматы.

Қостанай облысы.

Бөлісу:
Мектеп – ауылдың жүрегі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар