Жөн айтатын бір ақсақал табылмағаны ма?
«Басқа түссе баспақшыл» деген, екі жылдан аса уақыттан бері аудандық соттан бастап арызданбаған жерім қалмады. Шындыққа қолым жетпей, қиын жағдайда қалып отырғанымды айтқым келеді. 2011 жылдан басталған сот ісі еш нәтиже бермеді. Әйтсе де, соңғы сотта қандай шешімнің шығатынын алдын ала сезсем де, шындықтан күдер үзбеген едім. Енді ақпарат құралдарына жүгінгеннен басқа амалым қалмады».
«Басқа түссе баспақшыл» деген, екі жылдан аса уақыттан бері аудандық соттан бастап арызданбаған жерім қалмады. Шындыққа қолым жетпей, қиын жағдайда қалып отырғанымды айтқым келеді. 2011 жылдан басталған сот ісі еш нәтиже бермеді. Әйтсе де, соңғы сотта қандай шешімнің шығатынын алдын ала сезсем де, шындықтан күдер үзбеген едім. Енді ақпарат құралдарына жүгінгеннен басқа амалым қалмады».
...«Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына Жетісай қаласынан арызданып келген Роза Ақбердиева осылай деп көз жасын төгеді. «Менің әкем, Ақбердиев Бекмахан 1993 жылы Жетісайдан отбасымызбен бірге пайдалану үшін 10 гектар, Жылысу деген жерден 13 гектар, сондай-ақ, 1999 жылы «Тельман» кеңшарынан 12 гектар жер алды, – дейді Роза Ақбердиева бізбен әңгімесінде. – Барлық жер әкемнің атына рәсімделген. Бірақ сол жылдары әкем «Жетісайдағы 10 гектар мақталы жер сенікі, келешекте саған береміз. Ертең жолдасыңмен ажырасқан жағдайда жер бөлініп кетеді», деп жерді менің атыма жаздырып беруден бас тартты. Сол уақытта толтырылған құжаттарда отбасы құрамында менің және екі баламның аты-жөні көрсетілген. Әкем мен ағам 20 жылдан бері бұл жерлерді игеріп, жақсы табыс тауып келеді. Бірақ, тапқан табыстарынан менің үлесімді немесе маған тиесілі жерді бермей отыр. Барлық ұл-қыздарына жерді және мүліктерді бөліп берді. Қазіргі таңда өзім жұмыссызбын. Асырауымда екі балам бар. Екеуі де студент. Мен жетіскеннен соттасып, бауырларыммен бекерден-бекерге дүрдараз болып жүргенім жоқ. Екі баланы асырауға жағдайым келмей, күн көрісіміз мүлдем қиындап кеткеннен кейін осылай жасауға мәжбүр болдым. Менің жағдайымды біле тұра әке-шешем және туыстарым жәрдем бермей отыр. Қайта менің рұқсатымсыз інім Ахан Ақбердиев пен ағам Білім Жетісайдағы 10 гектар жерді Сержанов Маликхан дегенге 10 000 АҚШ долларына сатып, өз пайдаларына жұмсады. Сондықтан соттан бұл жерді сату-сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тану, Сержанов Маликханға берілген мемлекеттік актінің күшін жою, жерді менің үлесіме алып беру, сондай-ақ, Жылысудағы жерден де өз үлесімді алып беруді талап еттім. Содан бері сандалыс. Мақтаарал аудандық сотына, облыстық соттың аппеляциялау алқасына жүгіндім. Кассациялық шағым бердім. Ешқандай әділеттік таппаған соң 2012 жылы 16 тамызда еліміздің Жоғарғы Сотына, одан Бас прокуратураға да арыздандым. Бірақ бәрібір соттың шешімі өзгертусіз қалдырылды.
Мен соттарға өз жағдайымды түсіндіре алмадым. Олар бұл іске жауапкершілікпен қарамай, тез жауып тастап отырды. Тіпті сот отырысы кезінде мәселені кеңірек айтуға, дәлелдеуге ешқандай мүмкіндік берілмеді. Дауласып жүрген бұл жер учаскелеріне мемлекеттік актілер алынып, мемлекеттік тіркеуден өткен. ҚР «Жер туралы» кодексінің 53-бабының 1-бөлігінде «екі немесе бірнеше тұлғаның меншігіндегі жер учаскесі оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады» деп көрсетілген. Заң талаптарына сәйкес сенімхат пен тілхат арқылы үлестерін маған берген сенім білдірушілерімнен тиесілі жер үлестерін құрылған шаруа қожалығынан бөліп алуға құқым бар.
Жасым 43-ке келді. Денсаулығыма байланысты жұмыссызбын. Осы екі жылда сот органдары шағымдарымды қабылдап, бір-біріне сілтегендіктен, айтарлықтай қаражат шығындадым. Жүйкем жүндей түтілді. Одан бөлек заңгерлерден ұрыс есту, қорқытып сөйлеген сөздеріне төзу менің денсаулығыма кері әсерін тигізді. Енді не істеуге болады? Менің және екі баламның болашағын кім ойлайды?».
...Әрине, бір отбасыдан тараған қазақ балаларының бір-бірімен соттасып, әке мен баланың түсінісе алмай, қырқысып жатуы көңілге қаяу түсіретіні анық. Әйтсе де, өз құқын қорғап, әділетсіздікке төзбей, балапандарының болашағына алаңдаған ананы да: «Неге бұлай істедің?» деп жазғыра алмайсың. Бәрі де күнкөрістің қамы. Бұл жерде тек заң сөйлеуі керек. Бұл жағынан келгенде соттарды түсінуге болады. Ал, енді ар мәселесіне келсек, әрине, екі балалы жалғызбасты келіншектің далада қалғаны, еңбегінің еш болғаны өте аянышты. Әйтсе де, біз қыз баласын, әйелді сыйлаған, құрметтеген ел едік қой. Сондықтан, бұл дауға қатысты азаматтар ойланар, ақылға салар, бір мәмілеге келер деген ойдамыз. Біздіңше, бұл жерде екі жақты бітістіретін бір абыз ақсақал табылмай тұрған сияқты. Әлі де болса Жетісай өңірінен тура төрелігін айтып, ағайынның арасын жарастыратын қария табылатын шығар-ау, деген үмітіміз бар, ағайын. Сайып келгенде, осы дау қыр аспай-ақ, ауыл арасында-ақ шешілетін мәселе емес пе еді?
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Жетісай қаласы.