Жаңалықтар
2 мин оқу 355

Қысқы Олимпиада алауы тұтанды

Ежелгі грек жерінде бұрнағы күні алдағы жылдың ақпан айының 7-сінде Ресейдің Сочи қаласында бас­талатын XXII Қысқы Олимпиялық ойындардың алауы тұтанды. Енді осы отты шығыршықты алып жүретін эстафета үш айдан астам уақыт жер-дүниенің біраз жерін шарлап келіп, Қара теңіздің жағасындағы қалаға Ойындардың салтанатты ашылатын күні келіп жетеді.

Ежелгі грек жерінде бұрнағы күні алдағы жылдың ақпан айының 7-сінде Ресейдің Сочи қаласында бас­талатын XXII Қысқы Олимпиялық ойындардың алауы тұтанды. Енді осы отты шығыршықты алып жүретін эстафета үш айдан астам уақыт жер-дүниенің біраз жерін шарлап келіп, Қара теңіздің жағасындағы қалаға Ойындардың салтанатты ашылатын күні келіп жетеді.

Ертеден келе жатқан аңыздарға сәйкес, отты тұтату рәсімі біздің зама­нымызға дейінгі VIII ғасырда алғашқы дәнегі өніп шыққан Олим­пиялық ойындар мекені – Олимпия тауындағы Гераның Храмы етегінде пайда болды. Бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша, театрландырылған қойылым ойналып біткеннен кейін, абыз қыз Протиериа болып ойнаған афиналық бойжеткен параболикалық айнаның көмегімен күн сәулесінен алынған қызу арқылы олимпиялық алауды тұтатты.

Осыдан кейін отты тұғырды бірінші болып гректің 18 жасар шаңғышысы Яннис Антониу алды. Ол біршама уақыт жүгіріп өткеннен кейін оны хоккейден Ресей құрамасының мүшесі Александр Овечкиннің қолына ұстатты.

Бұл эстафета енді бес күн бойы Грекия қалалары аумағынан жүріп өтеді. Алау содан соң, 5 қазан күні «Сочи-2014» ұйымдастыру комитетінің делегациясына тапсырылып, ұшақпен Мәскеуге жеткізіледі. Ал 7 қазаннан бастап алаудың ұзын-ырғасы 123 күнге созылатын ресейлік марафоны басталады. Оның соңы 7 ақпан күні Сочиге келіп табан тіреумен аяқталады.

Бұдан бұрын Олимпиаданы ұйымдастырушылар оттың қай жерлерде болатынын да айтып өткен еді. Тарихтағы ең ұзақ эстафета – 2,9 мың шақырымдық жол Калининград пен Владивостоктың арасын жалғайды. Олимпиаданың басты рәмізін алып жүруге барлығы 14 мың алаушы қатысады.

Олимпия алауы жолай Тула облысындағы «Ясная Поляна», Новгород жеріндегі «Рюриктер қалашығы» археологиялық ескерт­кіштер аумағы мен Тюмень өлке­сін­дегі Тобыл Кремлі секілді тарихи танымал мекендерге арнайы аялдап өтеді. Отты шығыршық, сондай-ақ, Карелиядағы атақты «Кижи» мұ­ражай-қорығы мен Ресейдің Плесецк ғарыш айлағында да болады.

Алау көліктің алуан түрлі құ­рал­дарымен де алып өтіледі. Ол аэрос­­татпен ауаға көтеріліп, онымен бірге аспалы жолдың бойымен құл­дырайды. Оны орыстың үш ат жеккен тарантасы да алып жүреді.  

Руслан ИГІЛІК.

Бөлісу:
Қысқы Олимпиада алауы тұтанды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар