Жаңалықтар
2 мин оқу 501

Боксшы Гауһар Ермекбай – әлем чемпионы!

Болгарияның Албена қаласында мәреге жеткен қыздардың жастар (1995-1996 жж.) мен жасөспірімдер (1997-1998 жж.) топтары арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар жалпы саны 16 медальге қол жеткізді.

Болгарияның Албена қаласында мәреге жеткен қыздардың жастар (1995-1996 жж.) мен жасөспірімдер (1997-1998 жж.) топтары арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар жалпы саны 16 медальге қол жеткізді.

Мұнда жасөспірімдер 5 күміс және 6 қола медальды қоржынға салса, жастар 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальды жеңіп алды. Мұнда, әсіресе, жастар тобында чемпион атанған Алматы облы­сының 17 жасар өкілі Гауһар Ермек­байдың табысы ерекше. Ол 69 килоға дейінгі салмақта алдына жан салмады. Болгария рингінде 4 ұрыс өткізген жас спортшы турнирді 1/8 финалдан бастап, итальян Домизиана Гюлианеллиді талассыз (3:0) жеңді. Ал ширек финалда орыс қызы Анна Бобыреваны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда оған америкалық Саманта Кинчен қарсы тұра алмады – 3:0! Сосын алтын медаль үшін таласта ирланд Кристине Десмондтан бас бәйгені тартып әкетті – 2:1.

Жастар арасындағы бірін­ші­лікте 60 килоға дейінгі салмақта еліміздің намысын қорғаған Айдана Арапбаева ақтық айқаста поляк Агнета Ругиелскаға 0:3 есебімен жол беріп алып, күміс медальды қанағат тұтты. Ал қола медальды Алуа Балқыбекова (48 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Анастасия Рылина (81 кг) есімді қыздарымыз қанжығаға байлады.

Жастар арасында Польша құра­масы – 2, ал Болгария, Тайпей, Қытай, Швеция, Қазақстан, АҚШ, Венгрия және Ресей командалары бір-бір алтын медальдан алды. Командалық бірінші орын 2 алтын, 1 күміс медалі бар Польшаға бұйырды. Екінші орынға 1 алтын, 2 күміс медальмен Қытай қыздары шықты. Біздің жасақ үшінші орынға тұрақтады.

Жасөспірімдер арасындағы жаһандық жарыста біздің құрама медалінің саны жағынан ешкімге дес бермеді. Жалпы мөлшері 11 медальды еншілеген олар бұл жағынан өзгелерден көш ілгері кетті. Өкінішке орай, финалға шыққан 5 спортшымыздың біреуі де жеңіс тойын тойлай алмады. Сөйтіп, Назерке Жұрғараева (46 кг), Асыл Асқарова (48 кг), Балауса Мұздыман (54 кг), Любовь Хасиева (66 кг), Ақмарал Шәмшиденова (80 кг) күміс медальмен тоқтады. Ал Айгерім Ошақбай (52 кг), На­зым Ишанова (57 кг), Екатерина Ани­симова (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Баян Ақбаева (70 кг), Алтын Мұ­қышбекова (75 кг) сынды саң­лақ­тарға қола жүлде тиесілі болды.

Командалық есептегі бірінші орынды 4 алтын медаль олжалаған Ресей қыздары алып кетті. Екінші орынға 2 алтын медальмен АҚШ құрамасы көтерілді. Бұлардан басқа, Қытай, Италия, Украина, Ирландия, Польша, Түркия және Тайпей командаларына бір-бірден алтын жүлде тиді. Қазақстан командасы 10-орынға тұрақтады.

Руслан ИГІЛІК.

(Ескерту: бұл чемпионат­тар жөніндегі техникалық мәлі­мет­термен газетіміздің Egemen.kz және Egemennews.kz сайттарынан таныса аласыздар).

Бөлісу:
Боксшы Гауһар Ермекбай – әлем чемпионы! · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар