Жаңалықтар
10 мин оқу 521

Ұмытылмас күндер

Шұбат

Тоқтар Әубәкіров КСРО-ның соңғы, нөмірлесек 72-ші ғарышкері. КСРО-ның космонавтика тарихын Ю.Гагарин бастады, Тоқтар ағамыз нүктесін қойды. Әлдебір тылсым күш, бәлкім Алла мың өліп, мың тірілген қазақтың ұлына еліне тәуелсіздік таңы атып келе жатқанын жеті қат көк арқылы сүйіншілеткен болар. Мұның бәрі – тарихи факт. 1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров өзі айтқандай: «Адамдары күнәға батқан, экологиясы ластанған Жерді тастап, Аллаға жақындап, тап-таза көкке самғаған». Исі түркі тұқымынан, мұқым мұсылман әлемінен, боса-болмаса да қазақ халқынан тұңғыш.

Әрине, атамекеніне оралған. Данышпан Абай атасы да қазағына қанша кейіп, қайғы басып, қапаланса да бөтен жаққа кете алмаған. (Тоғызыншы қара сөзі).

«Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тия алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді».

Шұбат

Тоқтар Әубәкіров КСРО-ның соңғы, нөмірлесек 72-ші ғарышкері. КСРО-ның космонавтика тарихын Ю.Гагарин бастады, Тоқтар ағамыз нүктесін қойды. Әлдебір тылсым күш, бәлкім Алла мың өліп, мың тірілген қазақтың ұлына еліне тәуелсіздік таңы атып келе жатқанын жеті қат көк арқылы сүйіншілеткен болар. Мұның бәрі – тарихи факт. 1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров өзі айтқандай: «Адамдары күнәға батқан, экологиясы ластанған Жерді тастап, Аллаға жақындап, тап-таза көкке самғаған». Исі түркі тұқымынан, мұқым мұсылман әлемінен, боса-болмаса да қазақ халқынан тұңғыш.

Әрине, атамекеніне оралған. Данышпан Абай атасы да қазағына қанша кейіп, қайғы басып, қапаланса да бөтен жаққа кете алмаған. (Тоғызыншы қара сөзі).

«Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тия алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді».

Тоқтар ағамызға да Ресей тарапынан үлкен қызметтер, жақсы жұмыстар ұсынылған. Кіндік қаны тамған туған жерді, ата-баба мекенін, қазағын қимаған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген ұстанымы бұл енді.

Мұның бәрі кіріспе болса, әң­гімеміздің әлдісі де, әрлісі де шұ­бат­тан шығып кеткен еді. Жылда Тоқ­тар ағамызды туған күнімен құт­тықтап қайту дәстүріміз еді. Биыл да бардық. Жаңаарқаның ең тәт­ті қымызымен қоса, таңсық су­сын ғой деп осы Қарағандыда әзір­лен­ген шұбат апардық. Тамсана сімі­ріп отырып, тартымды әңгіменің тие­­гін ағытты. Құлақпен естігендер бар шығар, бірақ мен баспа жүзі­нен оқымаған естеліктері екен Батыр­дың.

Сонымен, әлқисса...

Қымыз

Мысырда жусан жоқ, Ресейде қымыз жоқ.

Құмырсқадай қаптаған крест жорықшыларын талай рет тас-талқанын шығарып, корольдерін тұтқындап, рыцарларын баудай тү­сірген Бейбарыс бабасы Мысырды билеп тұрғанда Қыпшақ даласының жусанын аңсаған. Тоқтар ағамыз да әскери сынақшы ұшқыш болып, ұзақ уақыт елден жырақ жүргенде Сарыарқаның сары қымызын керемет сағынған екен. Елге, жерге деген сартап сағыныш қой. Бойыңды билеп, ойыңды бөліп әкетіп бара жатыр. Сөзбен кестелеп жеткізу мүмкін емес. Өз басыңнан өткізіп, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, тұла бойыңдағы жүйке-жұлыныңмен, кеудеңдегі жаныңмен ғана түйсінетін сұрапыл сезім.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдар мұғдары болса керек. Мәскеудегі ВДНХ-да Қазақстанның әйтеуір бір мәдени шарасы өтіп жатады. Қазақ не әкелуші еді? Қымыз, қазы-қарта, құрт, бауырсақ.

Таңғы сағат 7-де кезекке тұрдым, – дейді Тоқтар сол күндерді еске ала отырып.

Содан ес кетті, жан шықты дегенде түс ауа әзер кірдім. Буыным босап, әлім кетіп, жүруге шамам келмей қалды. Тепсем темір үзетін кезім. Сондағы әлсіреп қалған күйіме осы күнге дейін таңғалам. Қазақтың бір жас жігіті: «Ағай, қымыз таусылыпты, қымыран қалды», деп ағарған әкеліп берді. Сусыным қанбады. Әл-қуатым тау­сылып, көзім қарауытып барады. Қарағандыға баруға бел будым.

Тоқаң бастығына телефон шалып, Қарағандыға барып келуге сұранады. Рұқсат алады. Өзі айтқандай дарылдаған төрт моторлы «ИЛ-18» ұшағымен бақандай төрт сағат ұшып, Қарағандының ескі әуежайына қонады ғой. Елге, жерге асығып, бір жұтым қымызға зар болып келе жатқан Тоқтар ағамызға «ИЛ-18» ұшағы өгіз арбадай көрінген шығар деп ойладым осы сәтте. Дыбыстан жылдам ұшатын «МИГ» пен дарылдаған «ИЛ-18»-ді салыстырып көріңіз. Айтып отырғанда жаным ашыды.

Қарағандыға табаным тигенде таңғы мезгіл еді. Әуежай алдында­ғы шағын сауда жасайтын қатар-қатар тізілген үстелдердің біріне үш литрлік банкімен ағарған қоя берді бір апай. Жетіп бардым. Бағыма қарай қымыз екен. Басыма бір-ақ төңкердім, – дейді Тоқаң.

Қымызы бапты, тәтті ме екен? – деп оқыс сұрақ қойсын Тоқаңа шұбат әкелген Қарағанды хайуанаттар паркінің директоры, өзі сері, өзі әнші Абылай Шүленбаев.

Ал келіп күлейік. Сонау Мәс­кеуден қымызды аңсап келгенде сусын ақырып тұрса да бал татиды емес пе? Сонымен, Тоқаң әуе­жайға аңсап келген қымызын мейірлене сіміреді. Маңдайдан суық тер бұрқ етті дейсің... Буын-буынына көшпенділер қаны жүгірді, тұла бойына әл кірді, жүрегіне нұр құйылды, көзі жарқырады, Сарыарқаның салқын самалына апайтөсін керді. Ең бастысы – елге, жерге деген сағынышы сая тапты. Сол бетте такси алып, Темір­таудағы анасының басына құ­ран оқытып, апа-жездесімен, жиен­дерімен қауышып, сол күні Мәс­кеуге дарылдаған «ИЛ-18»-бен қайтадан ұшып кетеді.

Нағашы

Батырды туған күнімен құт­тықтап, Абылай әнмен тербеп, ара-арасында естеліктерге кезек бе­ріп отырғанда шұбаттан тағы бір жақ­сы әңгіме туып кетті. Шұбат ішкен, түйе сүтіне қанған, ана сүтіне жарыған азаматтар тұлғалы, ірі денелі келеді деген сөзді кірістіріп жібердім.

Оның рас. Сегіз қыздан кейінгі жалғыз ұлы – мені шешем Қамия 6 жасқа дейін ана сүтінен айырмап­ты. Түйе сүтін де берген екен. Әкем де жай адам емес. Темірді саз­бал­шықтай илейтін ұста. Де­генмен, нағашыларым мүлде алып денелі болса керек. Атқа мінгенде аяқтары жерге тиетіндей тұлғалы, бойшаң, апайтөс, қарулы екен. «Үйдің жақсысы – ағашынан, бала­ның жақ­сысы нағашысынан» деген сөз бар ғой, деп Батыр жайдарлана жымиып алып, біз бұрын ести қоймаған нағашы жұрты туралы әңгімені са­бақтап кетті.

Сегіз қыздан кейін Тоқтардың алдында Қайриден деген ұл туа­ды. Шекесі торсықтай, жанары жай­наған ерекше нәрестеге көрші әйелдің көзі тиіп, ерте шетінеп кетеді. Зарығып көрген ұлдан айы­рылған анасы қатты қапаланып, қайғырып жылай береді екен. Содан анасы түс көреді. Түсінде ақ шапанды, ақсақалды қария: «Қызым, жылама. Мә, мынаны ал деп қос қолына бір нәрсе ұстатып, осы сендердің ғажап жалғастарың болады», деп аян беріп, ғайып болады. Анасы түсінде қос алақанын ашса, аппақ көбелек қонып отыр екен. Ұшып кетпесін деп алақанын жылдам жауып, жүрек тұсына баса бергенде оянып кетеді. Содан жылауын қояды. Өмірге оныншы болып арыс­тай Тоқтар келеді. Атының Тоқтар қойылуы содан.

Ырымшыл қазақ тағы көз тиіп жүрмесін деп нәресте Тоқтарды 40 кемпірдің астынан өткізіп, 40 кемпір әкелген 40 құрақ шүберектен иткөйлек тігіп кигізеді. Сонда анасы 41-де, әкесі 49-да екен. Көлденең кеселден әкесі Тоқтардың 7 айлығында өмірден озады. Көз жұмар алдында төсек тартып жатқан әкесіне Тоқ­тар еңбектеп барған екен. Хал үс­т­ін­дегі қайран әкесі «ұлымның ең­бек­тегенін көрдім, арманым жоқ», деп Тоқтардың бетінен сүйіп, үзіліп кетіпті.

Абылайдың ән салғанына, ептеп домбыра шерткенімізге разыланып отырды Тоқаң.

Домбыра тартқым-ақ келеді жасымнан. Бірақ, қонбады. Әкем Әубәкір жай ұста ғана емес, тәп-тәуір күйші де болған екен, – деп Батыр әңгіме ауанын басқа тарапқа қарай – нағашы жұртына аударды.

Реактивті двигательдің даусынан бәрін айыратын Сізге домбыра тарта алмау әбес емес қой, – деп жатырмыз.

Батыр Болатқожаның (Қара­кесек) Құдайберлі бұтағынан та­рай­тын ұрпақ. Өзінің айтуына қа­ра­ғанда ерте заманда жер тарлық етіп, Балқантау, Едірейден Құдайберлі бабасы осы Қоянды өңіріне, оның ішінде Қарқаралының қазіргі Ақжол селолық округінің жеріне көшеді. Қаракесектің Шоры қоныс берсе керек. Жер Қаржас атамыздың ұрпақтарымен шекаралас. Содан өзі күйші, өзі сері Әубәкір сол елге жігіт-желеңдермен қыдырып бармай ма?! Ойын-сауық қызып, ән мен күй шалқиды. Сонда Еңсебай деген байдың бес ұлдан кейінгі алақанға салып, аялап отырған жалғыз Қамия деген қызына Әубәкірдің көңілі құлайды. Қыз атастырылып қойған екен. Әкесінің тамырын басып көреді. Ата-баба дәстүрін қалай бұз­сын. Әубәкірдің салы суға кетеді.

Тоқаң бұл әңгімелерді нағашы жұртына барғанда, анасының 100 жылдығына ас бергенде естиді үлкендерден.

Содан ертеңіне Еңсебай Әу­бә­кірді шақыртып, әкең Оңғарбай қы­зыма құда түссін дейді. Бәрі аң-таң. Әсіресе, қыз жағы.

Түнде түсімде: «Қызыңды Оң­ғар­байдың ұлы Әубәкірге ұзат. Қа­зақ­тың маңдайына бітетін, хал­қы­ның атын шығаратын ұл туады», деп ақ сақалды, ақ шапанды абыз қария аян берді. Алып қойған қалың малын еселеп қайтарыңдар. Қызымды Әубәкірге қосамын», деп Еңсебай кесімді сөзін бір-ақ айтады.

Ата сөзі атқан оқ емес пе? Ай­тылды – бітті. Оңғарбай берген қа­лың­малды Еңсебай бүкіл ауылға ырым­дап таратып береді.

Анам Қамия ерке өскен жалғыз қыз. Бірбеткей өжет мінезі тағы бар. Басында көне қоймапты. Бірақ, әкесінен аса алмапты, – деп Батыр әдемі бір жымиып алды.

Қаржас атамыздың Тоқтардай ұлға нағашы болуы заңды құбылыс сияқты өз ойымша. Шоқандай, Сәкендей Алаш арыстарының аналары осы Қаржас бабамыздың қыздары.

Таратып көрейін. (Көмектескен журналист Аман Жанғожин). Қаржас – Бегім – Сатылған – Таңат – Қожамберді – Томаш – Шо­бай – Суат – Еңсебай. Еңсебай Ба­тыр­дың анасы Қамияның әкесі біз әңгімелеген. Бәрі бай-бағылан, батыр болған дейді. Жылқысын санамай­ды екен. Үлкен сай қыл құйрыққа толса, малым түгел дей­тін, Тобықтының Өскенбайымен, Құ­нанбайымен иық тірескен дейді Тоқтардың нағашылары. Бұл енді басқа тараптағы әңгіме.

Намыс

Тоқтар ағамыз өте қарапайым. Бұл енді Батырға елінің берген ба­ғасы. Мен айтпасам да, жазба­сам да белгілі. Тоқаң ұлтқа бөлін­бейді. Соның дәлелі – орыс халқына разылығын айтып отырады. Негізі халық пен халықтың айырмашылығы шамалы. Көзі көк, шашы сары болар. Бәрі – Алланың пенделері. Ал би болып, бишік ұстағандар басқа. Соның бірі – Михаил Сергеевич Горбачев. СССР Президенті, КПСС Орталық комитетінің Бас секретары. Шыңғыс хан болмаса да, Шығыс империясының патшасы. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Тоқтар ағамыз Кремльдің Георгиев залында қасқайып тұрып, сол Горбачевті қазықтай қағып, жерге тығып жібергенін білмейді екенбіз.

СССР Тоқтарға неге қарыз? Та­ра­тып берейін. СССР-дің 34 космонавы екі рет ғарышқа ұшқан екен. Ұш­қан сайын Совет Одағының Ба­тыры атағы беріліпті. Яғни, екі мәр­те Батыр. Тек космонавт Г.Бе­ре­­го­вой ғана Ұлы Отан соғы­сын­да Батыр атағын алып, космонавт бол­ғанда екінші мәрте Алтын Жұл­дыз тағады омырауына. Тоқтар ағамыз да ғарышқа ұшпай тұрып Совет Одағының Батыры болған. Горбачев осы дәстүрді, рәсімді бұ­зып, Т.Әубәкіровке СССР-дің ең соңғы Октябрь Революциясы ор­денін берген. Қазаққа Совет Ода­ғының Батыры атағын қимаған. Батыр өзі үшін емес, қазағы үшін намыстанған сонда.

Ақиқатында Тоқтар ағамыз СССР-ге қарыз емес еді.

Қазір әлемде теңдесі жоқ МИГ истребительдерінің бәрін шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп сынақтан өткізіп берген. Өзім осы Қарағанды аэродромында Семейден он минутта ұшып келгенін көріп таңғалған «МИГ-31» истребителін Тоқаң сынақтан өткізіп, аспанда жанармай құйғызып, қазақша айтқанда майлап, сайлап, мәпелеп СССР-ге тапсырған.

Басқасын айтпағанда «МИГ-25» истребителін Қиыр Шығыста Беленков деген Жапонияға қон­дырып, Америкаға ұшақтың бүкіл құ­пиясын сатып жібергенде СССР-дің әскери әлеуетін тағы Тоқаң әуелеткен. 1979 жылы. «МИГ-25»-тің басқа түрін қазақ сынақтан өт­кі­зіп берген. Америка тағы қапы қал­­ған. Батыр атағына сол кезде ұсы­­нылған екен. Тоқаң өзінен, жа­сы үлкен полковник шенді орыс аға­ларына жолын берген. Мәрттік пе? Мәрттік!

Америкада әлемде теңдесі жоқ он ұшқыштың аты-жөні жазылған тақтада Т.Әубәкіровтің аты үшінші болып тұр. Мұнан артық не керек? Қазақ бөркін аспанға ататын-ақ оқиға ғой. Мұқым мұсылман әле­мінде тұңғыш деген сөз қолдан­ғам басында Тоқаң туралы. Сол мұ­сылмандар шын мәнінде біздің Тоқаңды Пайғамбар демейтін шы­ғар, бірақ пір тұтады екен. Тә­жік-ауған шекарасындағы бізге бей­мәлім бір шаруаға Тоқаң барады. Тікұшақпен сапарлаған. Ау­ғаны бар, тәжігі бар, содыры, сой­қаны бар – эфирге «Аспанда Т.Әу­бәкіров ұшып жүр, атыс-шабысты доғарыңдар» деген бұйрық жіберіпті. Тоқтар ағамызды тәу еткен ғой. Тоқаң елге оралғанша мамыражай бейбіт заман орнапты сол жерде. Сол елдің патшасы Тоқаңа таңғалыпты. Айтпаса да белгілі ғой ар жағы.

Тоқтар ағамыз СССР-дің өзіне, қазаққа қарыз екенін айтпайды. Өйткені, ол – бөлек жаратылған жан. Желтоқсандағы намысы аяққа тапталған мұқым қазақтың тот басып, мұқалуға айналған алдаспанын қайрап алып, аямай сілтеген. Мұхтар Мағауин ағасы сияқты. СССР деген империя әлі тұрған ол кезде. Кремльдің награда тапсыратын Георгиев залындағы сөзін қазақшаға аудармай-ақ тұп нұсқасынан оқыңыздар. (Қазір орысша білмейтін қазақ жоқ шығар).

«Тот, кто не кормит свою армию, тот преклонен кормить чужую армию. Михаил Сергеевич, Вы ведете страну на гибель» – депті Батыр.

Тоқаңның жанында СССР-дің Қорғаныс министрі, маршал Шапошников тұрған екен. «Ну, Аубакиров» дегеннен аса алмапты. М.Горбачев подноспен әкелген шам­панды ішпей (бүгінгі күнге дейін­гі дәстүрлері осындай) табанын жал­тыратыпты. Бұл енді Тоқтар Ба­тырдың ғана қолынан келетін шаруа.

Мағауия СЕМБАЙ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері.

ҚАРАҒАНДЫ.

Бөлісу:
Ұмытылмас күндер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар