Коронавирус
4 мин оқу 220

Індетті тәртіп жеңеді

<p style="text-align: justify;">Қарағанды облысында &laquo;жаман тұмау&raquo; жалмаңдап тұр. Әсіресе, Теміртау мен Бұқар жырау ауданында індеттің ірі ошағы пайда болып, &laquo;КВИ аурушаңдығы&raquo; деген өлшемнің көрсеткішін тым аспандатып жіберді. Жағдай осылайша қалыптасқан соң, өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аталған қала мен ауданның әкім&shy;деріне коронавируспен күресті әлсіз жүргізгені үшін сөгіс берді. Ал алдыгүні облыс әкімі жергілікті Saryarqa телеарнасында брифинг өткізіп, өңірдегі қалыптасқан жағдай туралы және атқа&shy;рылып жатқан шаруалар жайында егжей-тегжейлі айтып берді.</p>

Індетті тәртіп жеңеді

 «Тарта жесең, тай қалады»

Төтенше жағдай режімі жә­не карантиндік шектеулердің қыс­пағына қарамастан, Қарағанды облы­сының экономикасы дамып келеді. Облыс әкімі жыл соңында үш па­йыздық өсім күтілуде де­генді айтты.

– Қазіргі қарқынды бәсең­детпеу үшін дағдарысқа қар­сы жоспар әзірленді. Оған эконо­миканың негізгі салалары бойынша 108 іс-ша­ра кіреді. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру бағытында

1 трлн теңгеден астам соманың 41 инвестициялық жобасы жоспар­ланған, – деді өңір басшысы.

Осы орайда, Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы күрес шығындарына байланыс­ты жергілікті бюджет жаппай іс-ша­ралар бөлігінде оңтайлан­ды­рылыпты. Дегенмен, мұндай қадам жоспарланған әлеуметтік бағдарламаларға әсер етпейді, – деп мәлімдеді облыс әкімі. Яғни, бұл жергілікті атқарушы билік өзінің барлық міндеттемелерін орындайды деген сөз.

Дағдарыс пен эпидемияға қар­сы іс-шараларға бағытталатын үнем­делген ақша форумдар, көр­мелер, мәдениет және спорт саласындағы іс-шаралар өткізу­ден қақшып алын­ған екен. «Тар­та жесең, тай қалады» деген. Үнем­делген қара­жаттың бір бөлігі эпидемияға қарсы шараларға жіберілді. Атап айтқанда, қа­жетті медициналық құрал-жабдық­тарды, өкпені жасанды демалдыру аппараттарын сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар бұл қаражаттың біразы «Нұр­лы жер» бағдарламасы бойын­ша тұр­ғын үй және инженерлік-ком­му­никациялық инфрақұрылым құрылысына бағытталмақшы.

Республикалық және облыс­тық бюджеттен дәрігерлер үшін жеке қорғану құралдарын, меди­циналық жабдықтарды сатып алуға, төтен­ше жағдайды қам­тамасыз ету бо­йын­ша іс-шара­лар­ды өткізуге және басқа да қа­жеттіліктерге 4,8 млрд теңге бө­лінген.

Қазіргі таңдағы басты міндет­тердің бірі – тұрғындарды табысы тұрақты жұмысқа орналастыру. Осы бағыттағы жобаларға 63,7 млрд теңге бөлінген. Соны­мен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыс­пен қамтудың және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың бағ­дарла­ма­сын жүзеге асыруға 8 млрд тең­геден астам қаржы қарасты­рылып­ты.

Қорыта айтқанда, «Халық ал­дын­дағы барлық әлеуметтік мін­деттемелер орындалады», деп уәде берді Ж.Қасымбек.

ПТР-зертханалар бұрын неге ашылмаған?

Маусым айының басында Темір­тау мен Жезқазған қалала­рында коронавирус инфекциясын анықтайтын ПТР-зертханалар ашылады. Өңір басшысы мұндай зертханалар ашуды облыстың барлық ірі жұмыс берушілері де қолға алуы керегін айтты.

– Әлеуметтік азаматтық жа­уап­кершілік танытыңыздар, қыз­меткерлеріңіздің денсаулы­ғына қамқорлық жасаңыздар және қызмет­керлеріңізді тестілеу үшін көшпелі зертханалардың жұмы­сын ұйымдастырыңыздар. Бұл өз кезегінде вирус анықталған жағдайда таралу тізбегінің жолын кесуге мүмкіндік береді, ал дер кезін­де басталған емдеу аурудың ауыр түріне көшуіне жол бермейді, – деді Ж.Қасымбек.

Бүгінде мұндай зертхана Қа­рағанды қаласында ғана жұмыс істейді. Оның қуаты тәулігіне        1 200 адамға тест жасауға жетеді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртауда зертхана ашу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты. Сәтін салса, мұнда күн сайын мыңдаған тест өткізілетін болады. Жезқазғанда қуаты тәулігіне 500 тест болатын ПТР-зертханасын іске қосу жос­парланған. Оған қажетті құрал-жаб­дықтар «Қазақмыс» кор­по­рациясының есебінен сатып алын­ды. Мұндай зертхананы Бал­қаш қаласында да ашу жоспарда бар.

Осы орайда, алпауыт кәсіп­орындар ПТР-зертханаларды ашуды коронавирустан қауіп төне бастағанда неге қолға алмады деген заңды сұрақ туады.

Қазіргі таңда күннен-күнге өршіп бара жатқан корона­вирус­тың салдарынан медицина са­ласындағы мәселелерге тың көз­қараспен қарау қажеттігі туын­дады. Мысалы, бүгінде Қара­ғанды облысында ауруханалар мен емханалар қарқынды түрде жаңғыртылуда. Биыл қараша айына дейін облыстық бюджет­тен 905 млн теңге бөліп, 7 меди­циналық нысанды қалпына кел­тіру және жаңғырту жоспарда бар. Инфекциялық бөлімшелерді қо­сымша жабдықтауға 400 млн теңге қарастырылған.

Ж.Қасымбек облыстағы кли­ни­­калық эпидемиологтардың бар­лығы кәсіби деңгейлерін мін­детті түрде арттырулары керек деп санайды. Сонда ғана облыс­та заманауи стандарттарға жауа­п беретін, білікті мамандармен қам­­тамасыз етілген инфекцияға қарсы қауіпсіздіктің мықты ин­фра­құрылымы құрылады.

Дәмхананың ашылуы КВИ-дің ашуына тимесін деңіз...

Брифингте Ж.Қасымбек каран­тиндік шаралардың босаңсуына қарамастан, санитарлық талаптарды бұлжытпай орындау, қоғам­дық орындарда бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау және санитайзерлерді пайда­лану қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Сондай-ақ ол ка­ран­тиндік шектеудің коронавирус ин­фекциясының алдын алудың бірден-бір тиімді іс-шарасы еке­нін атап өтті.

– Суық тию белгілері кезіндегі өзін өзі оқшаулау және дәрігерді жедел шақыру, бетперде кию, кезекте, қоғамдық көлікте, серуендеу кезінде әлеуметтік қашық­тықты сақтау – бұл санитарлық дәрігердің талабы ғана емес, бұл өркениетті қоғамның бар­лық мүшесі орындауы тиіс қазір­гі заманғы этикеттің жаңа ере­желері, – деді ол.

Брифингте өңір басшысы Қара­ғанды облысында сауда ор­та­лықтары, дәмханалар мен мейрамханалардың 29 мамырдан бастап жұмыс істейтінін мәлімдеді. Дәл осы күні 30 адамға дейінгі сыйымдылығы бар жазғы террасалар мен қонақүйлер де келушілерге айқара есік ашады. Сауда-ойын-сауық орталықтары да ашылғанымен, онда орналасқан балалар алаңдары мен кинотеатрлар әзірге жабық болады. Балабақшалардағы кезекші топтар маусымның 1-жұлдызында жұмысын бастайды.

Сонымен қатар Ж.Қасымбек КВИ аурушаңдығының өсуі төмендеп, эпидемиялық жағдай тұрақтанар болса, маусым айыны­ның басында Теміртау қаласы мен Ботақара кентін ашудың жоспарда бар екенін де хабарлады. Дегенмен, ол КВИ аурушаң­дығының өсуі төмендеген жағ­дайда ғана карантиндік шараларды одан әрі жеңілдетуге болатынын мәлімдеді.

«Ең бастысы, карантин тәрті­бін қатаң сақтап, ережелерді бұлжытпай орындайтын болсақ, біз коронавирусты міндетті түрде жеңіп шығамыз», деп қорытты ел алдындағы сөзін Ж.Қасымбек.

Қарағанды облысы

Бөлісу:
Індетті тәртіп жеңеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар