Атырау жанкештілерді дайындағанға ұқсайды

Атырау-Хазар аймағында діни экстремизмге қарсы күресті күшейте түсу жөнінде шешім қабылданды. Мұнда екі жыл бұрын бой көтерген лаңкестік оқиғалар дүйім елді дүр сілкіндірген болатын. Бұл туралы «Караван» газеті жазды.
Егер терроршылардың сол ойлағандары жүзеге асып, жарылыстарға жол беріліп кеткенде, оның ақыры қандай болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
Ал Атырауда лаңкестер қалай пайда болды? Бұларды дәстүрден тыс діни ұйымдардың өкілдері жеткізді. Олар өз жұмыстарын ақырын бастап, біртіндеп дендей түсті. Бастапқыда бірнеше топ болып құрылған олар бара-бара қуатты қауымға айналды. Мұның негізін бұдан бірнеше жыл бұрын Пәкстанға барып, оқып қайтқан жастар құрады. Олар сол жақта әлемдік жихад идеясының нәрімен сусындап қайтқан сыңайлы.
Бүгінгі таңда Атырау өңірінде 39 діни бірлестік тіркелген болса, солардың 28-і исламдық, 6-ы протестанттық, 3-і православиелік және 2-і католиктік болып табылады.
«Біз жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері, мектептер оқушылары арасында түсіндірме жұмыстарымен айналысудамыз. Бұған Мұсылмандар діни басқармасының өкілдерін тартып жүрміз, - дейді экстрмизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Серік Шыныбаев. – Діни экстремистік бағыттағы әдебиеттерді заңсыз сатушылықтың жолын кесеміз. Осындай рейдтер нәтижесінде діни әдебиеттерді алудың 22 дерегі тіркелді. Осының қорытындысында Қылмыстық кодекстің 233-бабы бойынша («Терроризм») үш қылмыстық іс қозғалды».
Шынтуайттап келгенде, діни экстремизм мен лаңкестік деген қазір қиялдағы құрғақ нәрсе емес, өмірде орын ала бастаған нақты дерек болып қалды. Сондықтан бұл жөнінде ұдайы қырағылық танытып, оның жолын кесіп отырудан басқа амал жоқ.
Құрыш Нұрымбет.