Саясат
2 мин оқу 221

Тарихқа таразы болар бастама

<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялағаны белгілі. Бұл үндеуде Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл бастаманы тарихшылар қауымы аса жылы қабылдады.</p>

Тарихқа таразы болар бастама

Себебі мұндай қадамды ең алғаш тәуелсіздік алған жылдардан бері күткен болатынбыз. Сондықтан өз үндеуінде Қ.Тоқаев зұлмат жылдарда қанша адамның зардап шеккенін шегелеп айтып берді. Большевиктердің 1920-50 жылдарда халқымызға жасаған зорлық-зомбылығы қай отбасын болсын айналып өткен жоқ. Әр әулеттің шежіресінде жақын туыс­тары ашаршылықтан қырылған, 1937-1938 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, жер аударылған, мал-мүлкі тәркі­лен­ген, не болмаса Екінші дүниежү­зілік соғыста тұтқынға түсіп, не­містің лагерінде болған, кейін Ке­ңес Одағына оралған соң сотта­лып, айдалған, ауыр жұмыс­тарға жұмылдырылған оқиғалар кездеседі. Сондықтан отан­дас­тарымыз Президенттің үндеуінде берілген тапсырмаларды қолдайды деп сенемін. 

Әрине, елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» арнайы заң бар. Алайда 1993 жылы қабылданған бұл заң көрші Ресейде қабылданған заң­ға ұқсас келеді. Соның салдарынан жазықсыз жазаланған азамат­тардың біраз санаты ақтал­май қалды. Мәселен, 1928 жы­лы бай­ларды тәркілеу кезінде дәу­летті азаматтардың көбі із-түссіз жоғалып кетті. Олардың соңы­нан ешкім іздеу салып, терең­нен зерттемеді. Сондай-ақ ашар­шы­лық жылдарында қы­рыл­ған­дар­ға саяси баға бермедік. Ұжым­дас­тыруға қарсы шыққан он мың­даған көтерілісшіні жазалау отрядтары аяусыз басып жан­­шыды. Сотсыз, тергеусіз ажал құ­шып, сай-сайда сүйек­тері аға­раңдап қалды. Қыл аяғы масақ теріп жүріп, істі болғандар, соттал­ғандар қаншама. Сондықтан қазақ халқының басына төнген осындай қасіреттерді ұмытуға хақымыз жоқ. Шындықтың шы­рағын жағар кез келді. Яғни Мем­лекет басшысының бұл үндеуін – тарихты таразылау бағытында жасалған үлкен қадам деп баға­лауға болады. Сондықтан осы комис­сияның жұмысы нәтижелі бола­ды деп ойлаймыз. Соның жемі­сі ретінде жоғары оқу орындары­на ұсынуға лайықты жаңа тұр­паттағы оқулықтар жазылады, та­рих­шыларымыздың көп томды еңбегі толықтырылады деген сенімдеміз.  

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Бөлісу:
Тарихқа таразы болар бастама · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар