Қазалыда 42 жоба жүзеге асады
<p style="text-align: justify;">Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілуде. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.</p>

Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салынады. Сондай-ақ көшелер жөнделіп, жарықтандырылады, әлеуметтік нысандар жаңғыртылады.
Қазір ауданның мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы жарияланған 33, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған 9 жобаның жеңімпаздары анықталған. Олардың барлығы Қазалы ауданының кәсіпкерлері.
«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты жұмыссыздар санын азайту. Осыған байланысты қолға алынған жобаларда аудан бойынша 436 адам жұмыспен қамтылады. Олардың жалақысы 85 мың теңгеден болады.