Экономика
6 мин оқу 4,991

Отандық өнім: «Күбілей» зауыты туралы не білеміз?

<p style="text-align: justify;">Кейде жұмыс бабымен, дәм тартып көршілес Ресейдің Орынбор, Астрахань қалаларында, Башқұртстан астанасы Уфа шаһарында болып жүрміз. Сонда &laquo;Күбілей&raquo; зауытының қалбырлары әрдайым алдымыздан шығады, дүкен сөрелерінде көзге оттай басылады.</p>

Отандық өнім: «Күбілей» зауыты туралы не білеміз?

– «Қазақстанда жасалған» тауар! – дейміз мақтанышпен.

– Біздің Оралдың өнімі! – дейміз одан сайын масаттанып.

...Астраханьда тұратын Рахмет досым да өзі ашқан азық-түлік дүкенінің ең көрнекті жеріне Қазақстаннан әкелген та­­уарларды қойып, қандастар арасында үнемі насихаттап жүреді. Шынын айта­йық, алыс шетелді былай қойғанда, ірге­де­гі ормандай орыс нарығының ортасынан ойып орын алатын, бәсекеге қабілетті өні­міміз көп емес қой. «Қазақстанда жа­салған» деген таңбасы бар тауардың қара­пайым тауар ғана емес, тұла бойына тұтас бір идеологияны сыйдырған ерекше қа­сиеті болатынын шекараның сыртында осылай сезіндік...

Табыс тарихы

«Күбілей» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің «туған» күні – 1992 жыл­дың 2 қарашасы. Одақ кезінде атағы алысқа кеткен Орал ет комбинатының өнім­дерін көріп қалған халықтың ықылас-пейіліне ие болу оңайға түскен жоқ, әрине. Үш жылғы тынымсыз еңбектен кейін 1995 жылы консерві-қалбыр өнді­рі­сі игерілді. Еттен, балықтан және ет пен өсімдік өнімдерінен қалбырдың сан-алуан түрін шығаратын «Күбілей» бү­гін­де «Испат Кармет», «Agrimat export» «Roja», «Sokolow-export», «Воха Агро Сервис» сынды алпауыт компаниялармен серіктес болып, олардың қосалқы бөл­шектері мен шикізатынан тамаша туын­ды­ларды тұтынушыға тарту етіп отыр.

Қа­зақ тілінде «тоқсан түрлі» деген анық­­­тауыш «өте көп» деген мағына бере­­ді. Ал «Күбілейдің» конвейерінен шы­ға­тын өнім саны одан да көп. Бүгінде «Күбілей» сауда маркасымен 100-ден астам консерві халыққа жол тарта­ды. Елі­­міздің бүкіл аймағын айтпа­ған­да, Қыр­­ғызстан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Тәжікстан және Ресей жұрты «Күбі­лей­дің» бұқтырылған еті мен балы­ғының дәмін татып, бағасын бас бармағымен беріп қойған. Соңғы кезде дайын өнімді шы­­ғару айына 2 млн банкаға дейін ұл­ғай­ған екен.

– «Күбілей» консервілерінің сапасы жо­ғары. Оралдық өнімдер талай мәрте Ауыл шаруашылығы министрлігінің құр­мет дипломын иеленді. Азық-түлік тауарларын өндіру саласындағы ұлттық және халықаралық байқаулардың мәртебелі марапатын, медальдары мен жүлделерін де қанша рет жеңіп алды. «Күбілей» – уақыт сынынан өткен, тәжірибесі то­лық­­­қан, дәстүрі мығым компания, – дей­ді облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­­триал­­ық-инновациялық даму бас­қар­ма­­сы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.

Әрине кәсіпорынның төрт аяғын тең басып кетуіне мемлекет те барынша кө­мек­тесті. Елдегі индустрияландыру бағ­дар­­­­л­а­­­масы аясында өңірдегі бірнеше кә­сіп­орын еңсесін тіктеп алды. «Күбілей» 2015 жылы ауысымына 400 бас ірі қара мен 700 бас қой-ешкі соятын цехы бар ет өң­деу кешенін іске қосты. 2018 жылы мал қал­­дықтарын қайта өңдеу цехы жұмысын бас­­тады. Тері өңдеу цехының іргетасы қа­лан­­ды. Бүкіл облыс халқы үмітпен күтіп отыр­ған тері өңдеу жобасы биыл іске асы­­рылмақ.

 1

Сүйектен – ұн, теріден – құрым

– Біздің компания құрамында 500-ден аса жұмысшы істейтін екі зауыт бар. 1992 жылдан бүгінге дейін сатылап дамып, қазіргі дәрежеге үлкен еңбекпен жет­тік. 2015 жылы іске қосылған ет за­уы­тының ерекшелігі – мұздатылған, жаңа мұздатылған және жартылай фабрикат өнімдер дайындауға қол жеткіздік. Был­тыр ішкі нарыққа 12 мың тонна өнім ұсындық. Ал Иран, Қытай, Қыр­ғыз­­стан, Ресей, Түрікменстан секілді ел­­дерге 1,5 мың тоннаға жуық өнім са­тыл­­ды. Компаниямыздың соңғы өнді­ріс­тік жетістігінің бірден-бір көрінісі – ва­куумдық герметикалық қаптамадағы сиыр еті, қазы және субөнімдер. Қа­зір­гі таңда Орал, Ақтау, Атырау қала­ла­рын­да­ғы ірі супермаркеттер мен дүкен­дер­­де са­тылымда, – дейді компания басшы­сы Талғат Берекешов.

Әрине әлемдік нарықта сапалы тауар ұсыну үшін заманауи технология, күрделі құрал-жабдық керек. «Күбілей» компаниясына қарасты екі зауыттың өнімін жоғары сапалық деңгейге жеткізген де осы еуропалық жаңа құрал-жабдықтар. «Халықаралық саудада бәсекеге қабілетті және тиімді болып қалу үшін біз қазір қал­дықсыз өнім шығаруға күш-жігер са­лып жатырмыз» дейді компания басшы­сы.

Қалдықсыз өнім демекші, 2018 жылы мұнда жануарлар өнімдерінің тағамдық емес қалдықтарын өңдейтін және ет-сүйек ұнын өндіретін жаңа цех іске қо­­­сылды. Бұл ет-сүйек ұны дегеніңіз – брой­­лер тауықтарды тез өсіретін, ал ме­­киен­дер­дің жұмыртқалағыш қасиетін арт­­ты­ра­тын, жұмыртқа қабығының сапасын жо­ға­­рылататын нағыз минералды ақуыз екен! Содан да болар, бұл жемді құс фаб­­рикалары таласа-тармаса алып ке­те­ді. Ал баяғыда әжелеріміз құр сүйекті қай­­натып, майын сүзіп алатыны, қара са­бын­ға қосатыны туралы естіп пе едіңіз? За­­манауи сабын өндірісінде де қол­да­ны­ла­­тын жануар майын алу жүйесі де солай рет­телді.

– Бұйырса, биыл хромдалған былғары – «WET-BLUE» жартылай өнімін өң­дей­тін тері цехын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны жолға қоюға ита­лиялық мамандар көмектеспек. Қазір олар­дың Оралға келу мәселесін құзырлы мемлекеттік органдармен пысықтап жа­тыр­мыз. Бұл цех іске қосылғанда қо­сым­ша жаңа жұмыс орындары ашылады. COVID-19 індеті әлемді жайлап, жер-жерде қысқарту болып жатқан ке­зең­де бұл өте маңызды мәселе емес пе? Сонымен қатар жергілікті халықтан тері қабылдай бастаймыз. Италиялық құрал-жа­­б­дықтың қуаты бір ауысымда 600 те­рі­ні өңдеуге жетеді. Ал жартылай фаб­ри­­катты жергілікті нарықта да, Ресей, Қытай, Еуропа елдеріне де экспорттайтын боламыз, – дейді осы істің басы-қа­сын­да жүрген Зәуре Талғатқызы.

Отандық өндірісті қолдайды

Иә, елімізді индустрияландыру бо­йын­ша қолға алынған мемлекеттік бағ­дар­ламаның шарапаты «Күбілей» компа­ния­сына да тиді. «Qazindustry» АҚ индустрия және экспорт орталығының мә­лі­метіне қарағанда, оралдық «Күбілей» ЖШС-ның «технологиялық үдерістерін же­тілдіру шығындарының бір бөлігін мем­лекет көтеріп алған. Бұл дегеніңіз – 6 539 940 теңге. Аз қаржы емес, әрине.

– Мемлекет тарапынан көрсетілген жәр­дем арқылы қалдықтарды қайта өң­деу це­хының инвестициялық жобасын монтаждау бойынша шығындардың бір бөлігі өтелді. Бұл еліміздің индустрия­­лан­дыру картасына енгізілген жоба. Жалпы, төтенше жағдай кезінде тамақ өнеркәсібі кә­сіпорындары жұмысын тоқтатқан жоқ. Шама-шарқымызша елді тағам өнім­дерімен қамтамасыз еттік. Әрине жұ­мыс барысында логистика және құ­рам­дас өнімдерге байланысты бірқатар ке­дергі болғаны рас. Алайда өкілетті мем­ле­кет­тік органдар мен «Атамекен» ұлт­тық кә­сіп­кер­лер палатасы арқылы бар­лық мә­се­ле өз шешімін тапты, – дейді Талғат Берекешов.

Қазақстандағы индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасының ІІ бес­жыл­дығында (2015-2019) Батыс Қа­зақ­стан облысының кәсіпкерлігін қолдау кар­­тасы аясында жалпы сомасы 93,9 млрд теңге болатын 36 жоба пайдалануға берілген екен.

– Биыл үшінші бесжылдық басталды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының III бесжылдығы аясында облыс бойынша 10 жоба іске асырылып жатыр. Бұған мемлекет тарапынан 170,8 млрд теңге қарастырылған. Аталған жобалар жүзеге асқанда өңірде жаңадан 659 жұмыс орны ашылады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­триалық-инновациялық даму бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.

Бұл он жобаның бесеуі бұйырса, биыл іске қосылмақ. Олар – Орал трансфор­ма­тор зауытының қуаты 35-500 кВ транс­фор­­маторға арналған панельді радиатор өн­ді­рісі, «134» ЖШС-ның кірпіш зауытын салу, «Квант» компаниясының жиһаз фаб­рикасы, Орал құс фабрикасындағы ке­ңейту жұмыстары және «Intelligent Protective System» фирмасының дербес газ­­талдағыштар өндірісі. Бұл жобалардың жал­­пы құны – 7,5 млрд теңге. Бәрі жос­пар­­дағыдай болса, 300-дей жаңа жұмыс орны ашылады.

Батыс Қазақстан облысы

 

P.S.: Жанна Бекқалиеваның айтуынша, алдағы жылдардың да жоспары ай­қын. Мә­селен, 2021-2022 жылдары Ба­тыс Қазақстан облысында жалпы құны 163,3 млрд тең­­геге бағаланған тағы 5 жоба іске асырылады. Ол жерде 361 адам жұмыс таппақ. Тарих­тың таразысы үшін ол жобаларды да осы жерге таңбалай кетейік: «Ringo-Milk» ЖШС-нің тауарлы сүт фермасы, «АБС Мұнай» компаниясының мұнайды терең өңдеу зауыты, «BATYSTRAILER» фирмасының жартылай тіркеме техникасын өн­ді­­ретін зауыт құрылысы, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтының шағын ка­тер­­лер­дің кеме жасау өндірісін кеңейту һәм жаңарту жобасы және «Бисеналиев Т.А.» жеке кәсіпкерлігінің керамикалық бұйымдарын шығаратын зауыты туралы бір-екі жылдан кейін сүйінші сұрап жазу бұйырсын дейміз.

Бөлісу:
Отандық өнім: «Күбілей» зауыты туралы не білеміз? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар