Қай өңір көп еңбекақы алады?
<p style="text-align: justify;">Биылғы алғашқы тоқсанда білім беру қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 154,6 мың теңгені құрады. Салада жұмыс істей­тін­дер­дің төрттен үші – нәзік жандар. Ranking.kz осылай деп хабарлады.</p>

2019 жылғы алғашқы тоқсанмен салыстырсақ, биыл педагогтердің еңбекақысы 40,6 пайызға жоғарылапты. Содан бергі аралықтағы инфляцияны есептейтін болсақ, табысы 32,6 пайызға көбейді деуге болады. Табыспен қатар, сала қызметкерлерінің сатып алу қабілеті де жоғарылады.
– Республика бойынша орташа жалақы бір жылда 18,9 пайызға өсіп, 200,3 мың теңгеге жетті. Білім беру саласы қызметкерлерінің сатып алу қабілеті 12,2 пайызға артты, – дейді Ranking.kz.
Білім беру саласындағы ең төменгі еңбекақы мектепке дейінгі білім беру ошақтарында екені анықталып отыр. Қазір олардың орташа жалақысы – 90,3 мың теңге. Инфляцияны есепке алғанда, мектепке дейінгі мекемелерде істейтіндердің табысы 21,5 пайызға өсті.
Орта білім беру сегментіндегі педагогтердің орташа табысы – 171,3 мың теңге, шынайы өсім – 40,2 пайыз. Саладағы ең жоғарғы еңбекақы жоғары білім беру мекемелеріндегі мамандарға тиесілі – 190,9 мың теңге.
Биылдан бастап педагогтерді аттестациялау жүйесі жетілдіріліп, біліктілік санатын көтеру балына қатысты талап күшейгенін айта кету керек. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің басшыларына арналған аттестациялау тәртібі енгізілді. Аттестацияда көрсеткен нәтижесі бойынша басшы қызметкердің біліктілік санаты жоғарылап, қызметтік еңбекақысы 30-100 пайызға өседі.
Аймақтар бойынша еңбекақы көлеміне келер болсақ, ең жоғарғы айлық елордалық білім беру саласының мамандарына тиесілі. Былтырғымен салыстырғанда жалақысы 32,5 пайызға көбейген елордалық педагогтер қазір орташа есеппен айына 260,3 мың теңге алады. Нұр-Сұлтан қаласындағы көрсеткіш республика бойынша орташа көрсеткіштен 1,7 есе жоғары екенін айта кету керек.
Екінші орынды Алматы қаласы иеленсе (181,3 мың теңге, 27,5 пайыз жоғарылады), үшінші орынға Алматы облысының педагогтері жайғасты (158,5 мың теңге, 49,5 пайыз жоғарылады).
Қазақстан бойынша ең төменгі еңбекақыны Батыс Қазақстан облысының білім беру мамандары алатыны анықталып отыр. Аймақтағы педагогтердің орташа жалақысы – 134,6 мың теңге.
Жалпы, ел бойынша білім беру саласында 1,1 млн адам еңбек етеді. Олардың 26,2 пайызы – ер-азаматтар. Саладағы ең көп мамандар Түркістан облысында – 139,1 мың адам. Бір жыл ішінде облыста педагогтердің саны 5,8 пайызға көбейіпті. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (129,1 адам) мен Алматы қаласы (96,9) тұр.