Руханият
4 мин оқу 1,303

Ғұлама мұраларының ғибраты

<p style="text-align: justify;">БҒМ ҒК өткізілген Халық&shy;аралық ғылыми-практикалық кон&shy;&shy;фе&shy;ренция жұмысын философия, саясаттану және дін&shy;тану институтының ди&shy;ректоры, саяси ғылымдар док&shy;торы, профессор А.Бижанов кіріс&shy;пе сөзбен ашып, жүргізіп отыр&shy;ды. Бүкіл адамзатқа ор&shy;тақ тұлға әл-Фараби кім? Ол түркі&shy;тектес ғұлама, біздің топырақтан шық&shy;қан ойшыл. Көне Фараб же&shy;рінде туып-өсіп өніп, әлемге қа&shy;натын кең сермеген кемеңгер.</p>

Ғұлама мұраларының ғибраты

Жыл басында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық ме­рей­тойының ресми ашылу рә­сімі ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында бастау алды. Ұлы ойшыл, ғұламаның мерейтойлық сал­танатының ашылуында Бірік­­кен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар қатысқаны мә­лім. Осыдан кейін елімізде бір­­қатар шаралар өтуде, – деді инс­титут директоры.

Енді міне, Философия, саясаттану және дінтану институты «әл-Фараби және қазіргі қоғамдағы интеллектуалды мәдениетті жаң­­ғырту мәселелері» деген тақы­рып­та халықаралық ғылыми-тә­­жірибелік конференция, яғни форум өткізді. Жұртшылыққа мә­­лім, қазіргі ахуалға байланыс­ты бұл басқосу жартылай он­лайн, яғни кейбір ғалымдардың кон­ференцияға қашықтан қатысу жағдайында өтті.

Сонымен аталмыш ха­лық­ара­лық форумның жұмысына Ук­раинадан, Ресейден, Қытайдан, Германиядан қатысқан мамандар, сондай-ақ, бірқатар жоғарғы оқу орындарының, институттың ғалымдары ғұлама ойшыл, философ, ұлы тұлға Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың адамзат баласының өркендеп дамуына қосқан ұшан-теңіз үлесі туралы өз ойларын ортаға салды. 

Ғылыми конференцияның басты бағыттары белгілі. Олар: әл-Фарабидің философиялық мұрасы және қазіргі заман; ұлы ғұламаның тәрбие теориясы жә­не заманауи білімнің жаңғыру мәселелері; Қазақстандағы діни жағдайға орай ғалым еңбек­те­ріндегі се­нім шаралары; әл-Фа­раби жә­не түркі әлемінің мәдени-өрке­ниеттік мұрасы, сондай-ақ қазақ философиясының өзек­ті мәселелері және басқа тақы­рып­тар қамтылды.

Философия ғылымдарының докторы Ғалия Құрманғалиева өз сөзінде «Оның идеологиясы бүгін де өміршең, жаңа заманда әлем таныған ғалымның еңбектері озық методология ретінде танылуда. Философтың зияткерлік мұралары жұртшылықты адам­гершілікке, білімге, ұдайы ізде­ніс­те болуға үндейді. Фараби феномені осында», дейді.

Форумға қатысқан бірқатар ғалымдардың айтуынша, шы­ғыс ғұламасының әлі де ашылмай, зерттелінбей жатқан мұра­ларын тікелей араб, парсы тіл­де­рінен, яғни түпнұсқадан тәржі­малау қа­жеттігі сөз болды.

Философия ғылымдарының докторы Гүлжахан Нұрышева «әлем таныған ғұламаның ең­бектеріне түркі, араб елдері ғана емес, бү­гінде ағылшын, неміс, француз ғалымдары назар аударып, қызығушылық танытуда. Ай­та­лық Оксворд, Стэнфорд уни­верситеттерінің зерттеушілері ойшылдың тұжырымдарына ден қойып, зерттеу үстінде» деп түйіндеді өз пікірін.

Онлайн форумға қатысқан Ярослав Мудрый атындағы Ук­раина ұлттық заң универ­си­те­ті­нің ғалымы Л.Сидак адамның өзін өзі дамытуы, ұдайы ізденуі, же­тілуі, өркениетке ұмтылуы ке­рек деген ойын ортаға салды. Керемет қоғам құру үшін әді­­леттілікке, адамгершілікке ба­ғыт­талуы тиіс. Әл-Фараби тео­риялары, Платонмен ғылыми бай­ланысы, Аристотельдің ойларымен үндес болуы – міне құндылық деген осында жатса керек. Шығыс ғұламасының терең ойлы тұжырымдамаларын бүгінде батыс ғалымдары мойындап, зерттеу үстінде.

Ал Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университеті «Ясауи» ғылыми­зерттеу орталығының директоры, профессор Досай Кенжетаев Фарабидің теологиясы, жан, болмыс теориялары туралы ой қозғады. Ғарыштық интеллект, яғни ғаламдық, космеологиялық тұжырымдар, Алланы тану, құді­рет ұғымдары туралы пікірімен бөлісті.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда сондай-ақ ғалымдар тарапынан көңіл бөлетін жайт денсаулық, жан мен тән проблемасы, өмір мен өлім мәселесіне деген философиялық көзқарастар ортаға салынды.

Біздің елімізде Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары өткен ғасырдың орта шенінен бас­тау алып, Қазақстан фараби­та­ну­дың әлемдегі ең үл­кен орта­лықтарының біріне айналғаны мәлім. Әл-Фараби идея­лары әлем­­дік өркениеттің баға жетпес жауһарларының бөлінбес бір бө­лігі саналады. Оның құнды ойлары бүгінде білімді тұл­ғалардың санасына игі әсер етіп, өнегелі істерге тал­пынудағы із­деністер мен  әділетті қоғам ор­нату жолындағы адамзаттың дамып, бақытқа жетуге деген талпы­нысын айғақтайды.

Әл-Фараби үлкен ізденіс­те­рінің арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанады. Халықаралық басқосу форумына әр тараптан қатысқан ға­лымдар осы жолы тағы бір мәрте ғұламаның кемеңгерлігін тіл­ге тиек етіп, өз ойларын ор­та­ға салды. Көреген ғалым фи­­ло­софия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің көп­­те­ген еңбектерін талдап түсін­дір­гені айтылды. Яғни ол грек тілінде ғана дамып жатқан ғы­лым­ның араб, парсы, түрік тіл­дерінде тәпсірін жасайды. Со­нымен қатар Аристотельдің әлеу­­меттік-қоғамдық идеяларын түсіндіріп қана қоймай, оны дамыта білді. Жалпы саны 150-ге жуық философиялық және ғы­лыми трактаттар жазып қал­дырғаны мәлім. Терең ойлы ізде­німпаз ғалымның еңбектеріне көз салсақ, философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттегенін білеміз. Мемлекетті, ел басқару жөнінде ғажап тұжырымдар жасай білген. Әл-Фарабидің бай ғылыми мұрасына философиялық көзқарас тұрғысында «парасатты ой» ретінде, бірінші кезекте, адамдардың теңдік мәселелеріне, әлеуметтік әділдік пен жалпы игі­лік проблемаларына арналған шы­ғармалары іріктелді.

Әл-Фараби сияқты ғаламдық тұлғаның еңбектері көп уақыттан бері әлемнің көптеген ғалымдары тарапынан зерттелініп келеді. Біздің еліміздегі зерттеулер осы үлкен үдерістің жалғасы десек те болады.

Ұлы ойшыл, ғұлама ғалым әл-Фараби мұраларының қазақ даласына қайта оралуы және оның мемлекет басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-эти­калық, саяси, философиялық, діни көзқарастары қазіргі жаһандану аясындағы қоғамымыз үшін өте маңызды. Қазақ даласы Оты­рарда дүниеге келіп, түркілік дү­ниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысы. Әлемдік өрке­ниетте өз орнын ойып алған бабамыздың ілімін әрі қарай зерт­теп, танып білу, оны ұлт мүд­десіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес құндылық.

Саясат БЕЙІСБАЙ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі

Бөлісу:
Ғұлама мұраларының ғибраты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар