Жаңалықтар
2 мин оқу 630

ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАР ТАҒЫ ДА ШАЙҚАСҚА ШЫҚТЫ

Алатаудың ар жағынан тағы да жайсыз хабар естілді. Мәселені мәмілемен шешу орнына бір-біріне таяқ ала ұмтылып, әлі жет­кені өлтіруден де тайынар емес. Мүлікті тонап немесе қиратып, үйді өртеп, білгендерін істеуде.<!--more-->

Тағы да революция. Қырғыз ағайындар 2005 жылғы оқиғаларды тағы да қайталап отыр. Әрине, әр  ел өз жолын өзі таңдайды десек те, қырғыз халқының тағдырлы күн­дерді бастан кешіп жатқаны анық. Бүгінгі оқиға ертеңгі күні қалай жал­ғасатынын дөп басып айту қиын.

Бұл елде билік пен оппози­ция­ның арасындағы шиеленіс әсте де үзілмейді. Оның бір сәт көтеріліп, онан соң біршама бәсеңдейтін кездері бар. Өткен айдың орта­сын­да оппозиция мен билік кезек­тесіп құрылтайлар өткізгенде, сол шиеленістің біршама шарық­та­ған­дай кезі болған. Сірә, билік енді оппозицияның қайта бас қосып, ұйым­шылдықпен әрекет ететінін күте қоймағандай. Енді қарсы­лас­тар­дың мәміле жолын іздемей, өз райларынан қайтпауы отқа май құйғандай болды. Алғашында сей­сенбі күні Талас облысында, оның орталығында болған қақтығыс лезде бүкіл елді шарпып, ақырын­да Бішкек қаласы отқа оранды.

Иә, революция Қырғызстанға қайта оралды. Бұл өткендегіден де қызулау десе, артық емес. Көтеріл­ген халық өткеннің тәжірибесінен сабақ алғандай. Құқық қорғау орындарының адамдары көз ашы­татын газбен, әрі кетсе резіңке оқ­пен ататынын аңғарған көтері­лісшілердің таяқ пен тас қарулары әлдеқайда күшті еді. Олар барлық жерде де жеңіске жетіп жатты.

Оқиғаның барысын тәптіштеп айтудың өзі артық. Ол сағат сайын өзгеріп жатады. Сәрсенбі күні қыр­ғыз астанасы үлкен шайқастың алаңына айналғандай болды. Рес­публикада төтенше жағдай жария­ланып, Біш­кек­те коменданттық сағат енгізіл­геніне қарамай, көте­рі­лісшілер мен құқық қорғау орын­дары адам­дары­ның арасында қақтығыс толастамады. Көше­лер­де, алаңдарда мүмкін болған нәр­се­нің бәрі қиратылды. Үйлердің терезелері шағылып, мәшинелер төңкеріліп, өртелді.

Құқық қорғау орындарының күштері оппозиция жетекшілерін қамауға алғаннан кейін шеруге шық­қандардың әрекеттері бұрын­ғы­дан да күшейе түсті. Олар қар­сы­лас­тары­ның қаруларын тартып ала бас­тады. Бұдан кейін алаңға жиналған халықтың қолдауымен олар үкі­мет­тік ғимараттарға ша­буыл жасады. Со­ның салдарынан бас прокура­тураның, парламент­тің, ұлттық қауіпсіздік қызметінің ғимараттары отқа оранды. Оппо­зи­ция жетекші­лері қамаудан бо­сатылды.

Бұл елден нақты ресми хабар алу қиын. Үкіметтің толық құ­рамын­да қызметінен кеткені ха­барланды. “Халық сенімі үкіме­тіне” басшы­лыққа тағайындалған оппозицияның бір көсемі Р.Отын­баева оппози­цияның елдегі билікті қол­дарына алғанын, сөйтіп, уақыт­ша үкімет құрылғанын, оның елдегі жағдайға толық бақылау жа­сап отырғанын мәлімдеді. Бір де­ректерге қарағанда, президент Құрманбек Бакиев пен қорғаныс министрі Б.Қалыев Оштағы пре­зидент резиденциясында болса керек.

Қарулы қақтығыс болған жерде өлім бар. Денсаулық сақтау орын­дары қаза болғандар санын елуден асырып отыр. Жараланғандарды жатқызатын орын жетпеуде деген ақпарат бар.

Мамадияр ЖАҚЫП.

Бөлісу: