Қарағандыдағы солтүстік-шығыс айналма жолының құрылысы аяқталды
<p style="text-align: justify;">Айналма жолдың жалпы ұзындығы 48,3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары инфрақұрылымды дамытудың "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының аясында "Орталық-Оңтүстік" дәлізін қайта жаңарту жобасын жүзеге асырады, - деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.</p>

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдостың айтуы бойынша, аталмыш жоба қазіргі күннің өзінде қала жолдарының жүктемесін азайтып, тасжолдың тозу мерзіміне де әсерін тигізген. Сондай-ақ, автожолдардағы апатты жағдайлардың көрсеткіші төмендеп, экологиялық жағдайдың жақсаруы да орын алатыны анық. Жаңа тасжол І-техникалық санатқа сәйкес. Төрт жолақты күре жолға асфальтбетон жабыны төселген. Есептік жылдамдық - сағатына 120 шақырым. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 20 мыңға жуық автокөлік болады деп жоспарланған.
Шығыс айналма жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысында 5 жол айрығы, 5 жол өткелі, ауыл шаруашылық техникаға арналған 6 жол өткелі, Соқыр өзені арқылы өтетін көпір, 54 су өткізгіш құбыр мен екі демалыс алаңы орнатылды.
Ал солтүстік айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары кезінде 2 жол айрығы, 4 жол өткелі, темір жол мен Солонка өзені арқылы өтетін ұзындығы 232 м. эстакада орнатылып, алдағы уақытта 24 су өткізгіш құбыр құрылысы көзделген.
Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс айналма жолы тасжолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қозғалыс қолайлығын арттырады.